astana-view

ІТ-саласындағы ілгерілеу жолдары талқыланды

2017 жылғы 01 Мамыр
8578 просмотров

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыруда бизнес-қоғамдастықтың қатысуымен жұмыстық топ құрылады

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов пен ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен «Атамекен» алаңында еліміздің жетекші ІТ мамандары жиналып, Стартап пен ІТ- экожүйесін дамыту бойынша кеңестің отырысын өткізді. Айта кетелік, Кеңес былтыр құрылған.

ІТ-саласы мәселелеріне қатысты алғашқы отырыс 2017 жылдың наурыз айында ҚР Білім және ғылым министрі қатысуымен өткізілген болатын.  Осы жолы ІТ-мамандар Ақпарат және коммуникация министрлігін талқылау алаңына шақырды. Шараға еліміздің 12 өңірінен ІТ бизнесінің 140 өкілі келді. Сонымен қатар басқосуда ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Бас прокуратура, «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі" АҚ өкілдері қатысты.

 

Басқосуда жалпы ІТ-саласын мемлекеттік қолдау тетіктері талқыланды. Бүгінде ІТ саласын дамыту, ақпараттандырудың жаңа сервистік үлгісін енгізу сынды стратегиялық мәселелер қөтерілді.  Шара барысында ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев мамыр айының аяғына дейін «Цифрлы Қазақстан» жобасы іске қосылатынын жеткізді. Бұл мемлекеттік бағдарламаны жетілдіру үшін, сонымен қатар импортты алмастыру, ақпараттандырудың сервистік қызметі, мемлекеттік органдарының деректер базасына рұқсат алу бойынша жұмыс топтары құрылатын болды.

ІТ-саласының құлағында ойнаған отандық мамандар мен осы салаға қатысы бар ұйымдар өкілдері деректер базасын цифрлеу, саланы дамыту бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев айтылған ұсыныстарды назарға алатындарын айтып, алайда үдерісті тездету, жаңа идеяларды енгізу қатаң ҚР заңнамасы мен ережелерге сай жасалатынын жеткізді.

«ІТ-саласын дамытуды Министрлік қолдайды. Шетелдік бағдарламалық қамтамасыз етуді отандық баламамен алмастыру үшін жүйеллілік пен уақыт керек. Сонымен әр қадам ҚР заңдарына қайшы келмей, нормаларға сәйкес жасалуы тиіс», – деп атап өтті министр.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов ІТ-саласындағы импортты алмастыру үшін Отандық бағдарламалық қамтамасыз етудің Реестрі жасалуы керектігін айтты. Абылай Мырзахметов, сондай-ақ, мемлекет қолдамаса, ІТ саласы әлсірейтінін жеткізіп, осындай ауқымды басқосуларды жүйелі түрде өткізуді ұсынды. Бұл ұсынысты барлығы қолдады.

 «Атамекен» ҰКП алаңында өткен ІТ-саласына қатысты шараларға ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев жетекшілік етеді деп шешілді.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер