Бизнесмендер алты министрліктегі мемлекеттік қызмет стандарттарында кемшіліктерді анықтады
Бүгін Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнесмендерге мемлекеттік қызметтерді ұсыну сапасына жүргізілген қоғамдық мониторингтің қорытындысын жариялады.
ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Құрбанбаеваның сөзіне қарағанда, 20 желтоқсан мен 20 ақпан аралығында еліміздің 14 өңірі мен Астана және Алматы қалаларында палата серіктестері кәсіпкерлер қызметіне байланысты 30 мемлекеттік қызметті ұсынудың сапасын тексерді. Олар 500-ден астам шағын және орта бизнес өкілдері арасында сауалнама жүргізді.
«Мемлекеттік органдар қызметінде көптеген бұзушылықтар анықталды. Олардың тарапынан шамадан тыс құжаттарды сұрау, артық шарттарды қою, мемлекеттік қызмет көрсетудің стандартты талаптарын орындалмау секілді кемшіліктер байқалды. Осы аталған мәселелер бірінші кезекте аумақтық мемлекеттік сәулеттік-құрылыстық қадағалау департаменттерінде, салық органдарында, жер қатынастары басқармаларында, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарында орын алуда», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, кейбір өңірлерде қызметтің бөлек түрлерімен қанағаттанбау деңгейі 75-80 пайызды құрап отыр. Мәселен, жылжымайтын мүлік нысандарына техникалық куәліктерді беру бойынша қызметке қанағаттанбау деңгейі Алматыда 80 пайызды, ал СҚО-да 72 пайызды құрады.
Сонымен қатар ол алты министрлікте мемлекеттік қызметті ұсыну бойынша заң бұзушылықтар анықталғанын атап өтті. Бұндай фактілер ҚР Ауыл шаруашылығы, Көлік және коммуникациялар, Өңірлік даму, Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қоршаған орта және су ресурстары министрліктерінде байқалды.
«Осы министрліктердің барлығында әзірленген стандарттар бастапқыдағы келісімдерге сәйкес келмейді. Яғни, қызметтерді ұсыну тәртібі мәселелері бойынша, мерзімді қысқарту, процедураларды автоматтандыру тұрғысында қабылданған тұжырымдамаларға сай болмай отыр. Стандарттардың көбісі нотариалды расталған жарғылар көшірмесін, тіркеу туралы куәліктерді, жеке куәліктерді ұсыну бойынша талаптармен асыра сілтеп тұр. Дегенмен де осы құжаттардың барлығы мемлекеттік мәліметтер базасында орналастырылған және оларды талап етуге негіз жоқ», - деді Г. Құрбанбаева.
Сөз соңында ол елімізде әрбір үшінші кәсіпкер осы 30 мемлекеттік қызметті ұсыну сапасына көңілі толмайтынын жеткізді.
Дерекнамасы: Казинформ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: