КӘСІПКЕРДІ АЯҚТАН ШАЛУ АЗАЮҒА ТИІС
Елімізде Президент Н.Назарбаевтың «Кәсіпкерлік қызметтің дамуы үшін қажетті жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Жарлығын жүзеге асыру бағытында ауқымды шаралар қолға алынып жатқаны белгілі. Осы орайда Шымкенттегі «Алтын Орда» бизнес-орталығында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) мен облыстық Кәсіпкерлер палатасының кезекті отырысы ұйымдастырылды. Бұл жиынға облыстық қаржы полициясының бастығы Серікбай Ерімбетов, Кәсіпкерлер палатасының төрағасы Жеңісбек Дулатов, облыстық салық департаменті бастығының орынбасары Ғалымжан Орынов, бақылаушы органдардың қызметкерлері, облыс аумақтарынан келген кәсіпкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жалпы, орта және шағын бизнестің дамуына кедергі келтіретін мәселелердің ішінде кейбір мемлекеттік органдар тарапынан болатын жөнсіз тексерулер аталатыны белгілі. Дегенмен мемлекеттік деңгейде қолға алынған іс-шаралардың арқасында ол біртіндеп азайып келеді. Осы мақсатта Оңтүстік Қазақстан облыстық қаржы полициясының араласуымен де бірқатар мәселелер жолға қойылыпты. Бұл жөнінде аталған жиында жасаған баяндамасында облыстық қаржы полициясы бастығының орынбасары Серікжан Мырзалы айтып өтті. Оның мәлім¬деуінше, департаменттің бастамасы арқасында бақылау органдарының кәсіпкерлердің қызметіне тексеру жүргізуі соңғы үш жылда бес есеге дейін кеміпті.
«2011 жылы кәсіпкерлерге қатысты 450 тексеру жүргізілген, – деді ол. – Бұл орташа алғанда бір айда 38 тексеру деген сөз. 2012 жылы 247 тексеру болған. Бір айға шаққанда ол 21-ге тең. 2013 жылы 151 тексеру жүргізілген. Ал биылғы жылдың алғашқы екі айында 21 ғана тексеру болыпты.
2012 және 2013 жылдарды салыстырмалы алғанда «көлеңкелі» экономика бойынша анықталған қылмыстардың саны 49 пайызға, экономикалық санаттағы қылмыстардікі 25 пайызға жоғарылады. Ал 2014 жылы анықталған ауыр және аса ауыр қылмыстар 71,5 пайызға жоғарылаған. Тек жалған кәсіпкерлік пен салық төлеуден әдейі жалтару арқылы ғана 2013 жылы мемлекетке 50 миллиард теңгеден астам залал келтірілген. Мұндай залал биылғы жылдың алғашқы екі айында ғана 4 миллиард теңгені құрап отыр».
Қаржы полициясы аталған залалдарды мемлекет пайдасына өндіруде айтарлықтай көрсеткіштерге жетіпті. Ол сондай-ақ кәсіпкерлердің ісіне заңсыз араласу деректері бойынша да бірнеше қылмыстарды анықтапты. Мысалы, 2013 жылы осындай он қылмыс анықталып, тіркелген, оның 8-і мемлекеттік сатып алу саласында қорқытып алумен байланысты екен.
С.Мырзалы кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынаста болу мақсатында қаржы полициясында әр аптаның сәрсенбі күні сағат 16.00-де қабылдау күні өтетінін, жалпы, сыбайлас жемқорлық, экономикалық қылмыстар, кәсіпкерлердің ісіне заңсыз араласу, рейдерлік мәселелері бойынша қаржы полициясы органдарының «144» сенім телефонына немесе департаменттің кезекші бөлімінің 53-43-87 нөмірлі телефонына хабарласуға болатыны жөнінде де айтып өтті.
Жиында Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық салық департаменті мамандарының да тиісті баяндамалары тыңдалды. Бұдан кейін талқылауға мынадай мәселелер ұсынылды:
Біріншіден, қаржы полициясы мен Кәсіпкерлік палатасының біріккен мобильді тобы құрылады. Бұл топ алдағы уақытта кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру, рейдерлік деректері бойынша хабарламаларға тексеру жүргізіп, соған қатысты процессуалдық шешімдер қабылдайтын болады. Екіншіден, кәсіпкерліктің дамуына кедергілер тудыратын нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар әзірлейтін жұмысшы тобы құрылады.
Бұдан кейін жиынға облыс аумақтарынан келген кәсіпкерлердің өтініш-тілектері тыңдалды. Осы кезде кәсіпкерлерді толғандырып жүрген көптеген мәселелердің беті ашылды. Олардың көбі жергілікті басшылық тарапынан жасалып отырған кедергілер, салық мәселесін жеңілдету, ауыл адамдарының несие алуына жағдай жасау сияқты мәселелер төңірегінде қозғалды. Бұл айтылған жайларға байланысты алдағы уақытта құрылатын жұмыс тобына ұсыныстар берілетін болды.
Дерекнамасы: Замана
Пікір қалдыру:
Пікірлер: