ӨЗГЕДЕ ЖОҚ ӨКІЛЕТТІЛІК ОМБУДСМЕНГЕ КЕРЕК ПЕ?
Президент Н.Назарбаевтың биылғы 27 ақпанда «Қазақстанда кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғаны мәлім.
Бұл құжат бизнес өкілдерін тексеру атаулыға мораторий жариялаумен қатар, Қазақстанда «Кәсіпкерлер құқығы жөніндегі уәкіл» атты ел тарихында болмаған жаңа институтты енгізді. Әйткенмен, әзірге бұл лауазымды қызметке кімнің тағайындалатыны белгісіз. Осы орайда кеше, Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің отырысында қызықты жаңалық жария болды.
Қазақстандық бизнес-омбудсменді Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқасы тағайындауы мүмкін. Бұл туралы отырыс кезінде Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы, ҰКП-ның Сенаттағы өкілі Ғани Қасымов хабарлады. Осы орайда ұлттық палата Кәсіпкерлер құқығы жөніндегі уәкілге қандай құзыр-құқықтар берілуі керектігін анықтапты.
Жалпы, бизнес бойынша омбудсмендер біраз елде, мысалы, АҚШ, Ұлыбритания, Ресейде жұмыс жасайды. Әйткенмен егер ҰКП ұсыныстары қабыл алынса, қазақстандық осы уәкілдің құзырет-қоржыны ешбір елде жоқ ғаламат өкілеттіктермен толмақ!
Ғани Қасымов бизнес-омбудсменнің мемлекеттік билік органдарына, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзған тұлғаларды тәртіптік, әкімшіліктік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап, жүгінуге құқылы болуға тиістігін айтты.
– Құқыққа қайшы іс-қимылдары үшін лауазымды тұлғалар жауапқа тартылатын болады. Құқыққа қарсы әрбір шешімге кәсіпкерлер шағым білдіріп, соған жол берген лауазымды тұлғалар жазалануға тиіс, – деді ол. – Омбудсмен кәсіпкерлерге қатысты заңдық күшіне енген сот актілеріне шағым енгізуге құқылы. Сондай-ақ бизнестің мүдделерін қорғау мақсатында ендігі күшіне мінген сот шешімінің орындалуын тоқтата тұру туралы өтінішпен сотқа жүгіне алады.
Оны айтасыз, бұл уәкіл кез келген шенеуніктің кабинетіне кез келген уақытта кіре алуы ықтимал: «мемлекеттік билікке және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына қызметтік куәлігін көрсетіп-ақ, еш кедергісіз кіре алады». Ұлттық палата бизнес-омбудсменге, тіпті «ешқандай арнайы рұқсатсыз, қамау орындарына барып, кәсіпкерлік баптар бойынша айыпталушылармен және сотталғандармен кездесу» құзыретін беруге құмбыл.
«Ол мемлекеттік органдардың кәсіпорындарды тексерулеріне қатыса алады,–деді Ғани Есенгелдіұлы. – Біздің ұстанымымызша, ол айрықша процессуалдық мәртебеге, соның ішінде сотта қаралғанға дейін ведомстволық актілерді тоқтатып тастау құқығына ие болуға тиіс».
Дегенмен Кеңес мүшелерінің өзінде де күмән тууда. Мысалға, Қазақстан адвокаттары одағының президенті Әнуар Түгел ҰКП, яғни қоғамдық ұйым тағайындайтын тұлғаның осы және басқа да ғажайып құзыреттерге ие болатындығына шүбәланды.
– Егер бизнес-омбудсменді Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Президиумы тағайындайтын болса, кәсіпкерлердің құқығын қорғай алуы үшін оның билігі мен өкілеттілігі жете ме? – деді ол. – Өйткені бізде, тіпті Президент жанындағы Адам құқығы жөніндегі уәкіл де өз функциялары мен міндеттерін шынайы жүзеге асыруға қажетті, пәрменді құқықтық тетіктерге ие емес. Осыдан үш жылдай бұрын Парламент сол омбудсменнің өкілеттіктерін кеңейтетін заң жобасын қабылдаған болатын, алайда Конституциялық кеңес ол жобаны Ата заңға қайшы деп таныды. Тіпті Адам құқығы жөніндегі уәкілдің «мемлекеттік қызметші» екендігіне де қарамады. Ал Кәсіпкерлер құқығы жөніндегі уәкіл «мемлекеттік қызметші» емес, демек, оның мемлекеттік органдардың шешімінің орындалуын тоқтатуға кім жол береді?
Адвокаттар одағының басшысы қазақстандық бизнес-омбудсменнің көптеген өкілеттіктері ресейлік бизнес-омбудсменнің тәжірибесінен алынып отырғандығына назар аударды: «Бірақ РФ-да кәсіпкерлер құқығы жөніндегі уәкіл Титов Президент жанындағы лауазымды тұлға болып табылады, тиісінше, оның өкілеттіктері мемлекеттің мақсаттарымен, міндеттерімен, өкілеттіктер жүйесімен үйлесімді түрде қабысады».
Ал Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев кәсіпкерлер уәкілін тек Елбасы тағайындауы керектігін нықтады: «Әлемдік тәжірибеде бизнес-омбудсмендерді, коммерциялық даулар жөніндегі омбудсмендерді не мемлекет басшысы, не парламент тағайындайды, басқа үлгісі жоқ! – деп шарт түйді ол. – Егер қазақстандық бизнес-омбудсмен шын мәнінде, пәрменді, тегеурінді болсын десек, оны Елбасы тағайындауға тиіс. Бірақ оның кандидатурасын Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқасы ұсынуы қажет. Әйтпесе, өзіне жүктелгелі отырған үлкен міндеттерді орындап, үміттерді ақтай алуы үшін оны жай ғана төралқаның тағайындауы жеткіліксіз болады».
Бір қызығы, ҰКП бизнес-омбудсменге «Қазақстан кәсіпкерлерінің заңды құқықтары мен мүдделерін шет мемлекеттердің аумағында қорғау» деген халықаралық құзыр беруді ұсынуда.
«Бұл енді асыра сілтеу! – деді А.Перуашев. – Біріншіден, егер кәсіпкеріміздің құқығы шетелде бұзылса, онда мемлекеттің өзі қорғауға міндетті. Ата заңда барлық азаматтардың мемлекеттің қорғауында болатындығы нақты жазылған. Демек, дипломатиялық өкілеттіктер, елшіліктер іске араласады. Егер бұл жерде коммерциялық, сауда-экономикалық даулар туралы сөз болып отырса, бұл үшін халықаралық арбитраж жүйесі бар».
Оның үстіне әрбір халықаралық контрактіде даулардың қалай шешілетіндігі туралы алдын ала бап қарастырылады. «Ешбір елде дауды Ұлттық палата шешеді деген жоқ. Себебі сол шет мемлекеттің өзінің төл омбудсмені болуы мүмкін. Рас, дауды шешу үдерісіне қазақстандық уәкіл отандық бизнесменнің өкілі ретінде қатысады деп те ұғынуға болар еді. Бірақ уәкіл жалғыз ғой, ал даулар сансыз болуы мүмкін. Демек, оны физиологиялық түрде орындай алмайтын жұмыстармен жүктеудің қажеті қанша?» деп түйді депутат.
Қалай болғанда, жақын уақытта Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес-омбудсменнің өкілеттіктеріне қатысты ұсыныстарды пысықтап, мемлекетке ұсынуы қажет. Ал осы уәкіл лауазымына жасы 30-ға толған, өмірлік тәжірибесі бар, заңгерлік мамандықтарда немесе адам құқықтарын қорғау саласында кем дегенде 5 жыл жұмыс жасаған Қазақстан азаматы 2 жылға тағайындала алатындығы анықталып отыр.
Дерекнамасы: Айқын
Пікір қалдыру:
Пікірлер: