Қазақстан мен Тәжікстан ортақ іс-шара өткізу мүмкіндіктерін талқылады
Қазақстан вице-премьері Асқар Мәминнің Душанбе қаласына жасаған іс сапарынның аясында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстанның сыртқы сауда палатасы мен Тәжікстан сауда-өнеркәсіп палатасы арасында ресми кездесу өтті.
Кездесуде екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты, Тәжікстан мен Қазақстан палаталарының бірлескен қызметін дамыту әлеуеті, экспорт-импорт бойынша ынтымақтастықты өрістету және тағы басқа да мәселелер талқыланды.
Тараптар бірлескен іс-шараларды өткізу, «Тәжікстан – 2018» халықаралық әмбебап көрмесіне орайластырылған бизнес-форумға Қазақстанның қатысуын да көтерді. Осыған орай, тәжік тарапы Қазақстан кәсіпкерлерінің қарауына инвестициялық жобалар тізімін берді.
«Тәжікстан – 2018» көрме-жәрмеңкесі Душанбе қаласында 10-23 тамыз күндері өтетін ауқымды шара болмақ. Былтыр бұл шараға 14 елдің кәсіпкерлері қатысқан, олардың қатарында Өзбекстан, Ауғанстан, Ресей және т.б. мемлекеттер де болды.
Сонымен Қазақстан тарапы «Тәжікстан–2018» шарасы аясында Қазақстан экспорттаушыларының сауда-экономикалық миссиясын өткізуге қызығушылық білдірді. Өз кезегінде тәжік тарапы бұл ұсынысты қолдап, Тәжікстан сауда-өнеркәсіп палатасын ұйымдастыруға барынша көмек көрсететіндіктерін білдірді.
Мұнымен қоса, екі палатаның базасында Қазақстан-Тәжікстан іскерлік кеңесін қайта жаңғырту келісімі жасалды. Бұл екі елдің кәсіпкерлерін байланыстыратын негізге айналмақ.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: