astana-view

Ауданымызда кәсіпкерлер палатасы ашылды

2014 жылғы 03 Сәуір
2384 просмотров

Соңғы кездері «кәсіпкер, кәсіпкерлік» сөздерінің мән-маңызы артып, бұл ұғым келелі кеңес, алқалы жиындардың күн тәртібінен түспеуде. Уақыт талабы туындатқан мәселеге билік те биік мінбелерден үн қатып, барынша белсенді қолдау көрсетіп түрлі шаралармен шапағатын аямай-ақ төгуде. Күні кеше ғана Президент пәрменімен кәсіпкерлік саласындағы орынды-орынсыз тексерулерді тежейтін мораторийдің өзі кәсіпкер қауымға үлкен көмек. Үкімет тарапынан қаржылай көрсетілетін қолдау, сан алуан бағдарламалар да бұл саланың берекесін кіргізуде. Былтыр республикамызда Кәсіпкерлер палатасы құрылғаны белгілі. Іле шала 14 облыс пен 2 қалада құрылған аталмыш палатаның аймақтық бөлімшелері де бүгінгі таңда өз жұмыстарын бастауда. Алматы облысында өз есіктерін айқара ашудың ресми кезегі Ұйғыр мен Ақсу аудандарынан кейін Сарқан ауданына да келіп жетті. Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты шараны аудан әкімінің орынбасары А.Сәрсембаев ашып жүргізді. Алғашқы сөзді сөйлеген Алматы облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Л.Чинкисбаева жалпы палата жайлы, оның негізгі қызметтері хақында жиналғандарға мол мағлұмат берді. Әкімшілік кедергілерді еңсеруде, толып жатқан қағазбастылықты азайтуда, ең бастысы кәсіпкерлерге құқықтық көмекті көрсетуде айтарлықтай рөл атқаратын аталмыш палатаның ендігі жерде аудандық филиал директоры болып Фархат Миратұлы Абдрахимов тағайындалды. Жиыннан соң жиналғандар, негізінен кәсіпкерлер аудандық Әділет басқармасы ғимаратының екінші қабатында орын тепкен филиалдың салтанатты ашылу рәсіміне, яғни көк лентаның қиылуына қатысты. Кәсіпкер құқығын қорғайтын арнайы орынның болуы ендігі жерде ауданымыздағы кәсіпкерліктің тамырын кең жайып, өсіп-өркендеуіне игі ықпалын шын мәнінде тигізсе құба құп.

Дерекнамасы: BAQ.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер