astana-view

Кәсіпкерлер палатасының шарапаты

2014 жылғы 07 Сәуір
3908 просмотров

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2013 жылдың маусым айында елімізде Кәсіпкерлік Ұлттық Палатасы құрылған болатын. Ұлттық палатаны құруды ұйымдастырудың мақсаты Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік секторының өсуіне және дамуына, мемлекеттік экономикалық және өзге де саясатты жасау, іске асыру кезінде кәсіпкерлердің мүдделерін ескеру үшін кәсіпкерлік қоғамдастық пен мемлекеттің өзара іс-қимыл жасау тетіктерін жетілдіруге бағытталған және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылуына және қызметіне байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге негізделген. 

Содан бері Ұлттық палаталар тиімді жұмыстар атқаруда. Сондай пайдалы іс-шаралардың бірі жақында Сыр өңірінде өтті. Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасы өңіріміздегі өз кәсібін жүргізіп және дамытқысы келетін кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайын екендіктерін осындай іс-шаралар арқылы іс жүзінде дәлелдеуде. Жақында ғана өткен Матор майларын жеткізумен және сатумен айналысатын кәсіпкерлердің ұсынысымен, өңірлік палатаның қолдауымен «Мотор майын тиімді пайдалану» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. 

Бұл шараның ұйымдастырылуын ұсынған «Ансар Бизнес Компании» ЖШС-і Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына аталмыш салада жұмыс жасайтын кәсіпкерлердің біліктілігін арттыруға көмек көрсетуін сұраған. Нәтижесінде облыстағы матор майларын жеткізумен және сатумен айналысатын және көлік құралдарына техникалық қызмет көрсететін кәсіпкерлердің басын біріктіріп, тәжірибе алмасуларына мүмкіндік туды.

«Ансар Бизнес Компани» ЖШС-і «Bizol» сауда белгісінің Қызылорда облысындағы дистрибьютері болып табылады. «Bizol» сауда белгісі неміс майлаушы материалдар және автохимия өндірушілерінің арасында алдыңғы қатардағы кәсіп иелерінің бірі. Айта кетейік, «Bizol» мотор майлар және қоспалары Германияның Халықаралық сапа белгісі бар алдыңғы қатардағы зауыттарында шығарылады. 

Іс-шарада "Bizol" сауда маркасының өкілі Марат Искаков кәсіпкерлер алдында өз өнімдерінің таныстырылымын жасады. Семинар барысында тыңдаушыларға өнімнің артықшылықтарын түсіндіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Олар мотор майларының экономикалық және экологиялық тұрғыдан дұрыс пайдалануын талқылап, өнімнің сапасына жоғары баға берді. 

Марат Искаков, "Bizol" сауда маркасының Қызылорда облысындағы өкілі: «Қызылордада матор майларын жеткізумен және сатумен айналысатын және көлік құралдарына техникалық қызмет көрсететін орындар жеткілікті. Дегенмен олар қаншалықты сұранысқа сай? Қазіргі таңда тұтынушылардың талабы жоғары. Біздер білмейтін нәрсе көп. Осы орайда білгенімізді бөлісу әрі тәжірибе алмасу, осы саладағы тиімді ақпараттарды тыңдау мақсатында кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған бұл шараның маңыздылығы зор. Негізінен бір бағытта жұмыс жасайтын бизнесмендердің басын жиі біріктіріп отыратын палатаның бұл қызметін қолдаймын. Өйткені бизнес бар жерде бәсекелестік бар. Біз тек басымыз біріккенде ғана білгенімізбен бөлісеміз. Бүгінгі семинарға қатысушылар өз сұрақтарына жауап алды деп есептеймін», - деді. Семинарға қатысушылардың пікірі осындай. Өңірлік кәсіпкерлер палатасына ризашылықтарын білдірген кәсіпкерлер осы жылғы 2 сәуірден бастап жыл соңына дейін жарияланған Елбасы Н. Назарбаевтың кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жариялау туралы шешімінінің мемлекеттің бизнеске жасап отырған қолдауы екендігін де айтты.

Экономиканың тұрақты болуы және оның бәсекелік сипатын қалыптастырудың басты күштерінің бірі кәсіпкерлікті жетілдіру болып табылады. Экономикасы нарықтық бағытта дамып келе жатқан Қазақстан үшін кәсіпкерлікті дамыту мәселесі - өзекті мәселелердің бірінен саналады. Өйткені, нарықтық экономиканың өзі – кәсіпкерлік экономика. Кәсіпкерлікті дамыту –нарықтық экономиканы дамытудың кепілі. Сондықтан да, кәсіпкерлік төңірегінде көптеген мәселелердің көтеріліп жатуы да экономикадағы ролінің өте маңыздылығын дәлелдейді. Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасының құрылуы да осыдан.

Қызылорда облыстық Кәсіпкерлер палатасында да кәсіпкерлердің құқығын қорғау мен олардың бастамалары мен кәсіпкерлік істеріне қолдау және көмек көрсетуде де атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Мысалы, палатаның «Жобаларды және бизнесті сервистік қолдау» бөлімінің кәсіпкерлер іске асыратын жобаларды немесе қызметтерді қолдау, сервистік қызмет көрсету, әкімшілік және басқа кедергілерді жою бағытындағы жасап жатқан қызметтері өз нәтижесін беруде. Бөлім ашылғалы бері кәсіпкерлерден әртүрлі мазмұндағы 20-ға жуық өтініш келіп түскен. Соның үшеуі әкімшілік кедергілер мәселесі бойынша көмек сұраған. 

Мысалы, жеке кәсіпкер Арман Төлеудің автобөлшектер дүкені және автоэлектр қызметін көрсету ғимаратын салып, оны одан әрі жүргізіп кетуіне әкімшілік кедергі келтірілген. Атап айтқанда, эскиздік және сәулет-жобалау құжатын бекіту себепсіз ұзаққа созылған. Өткен жылдың қараша айынан басталған іс жақында ғана палатаның араласуынан кейін ғана өз шешімін тапты. Қазір жеке кәсіпкер 7 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Болашақта «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша өз бизнесін жетілдіру жоспарланған. «Бұл кезде жұмыс орны да көбейетін болады», - дейді жеке кәсіпкер. Мұндай мысалдарды көптеп де келтіруге болады. Бизнесін жаңадан бастайтын кейбір кәсіпкерлер әкімшілік кедергілер туралы көп шағымдана бермейді. Өйткені, кейін басқа да кедергілерге тап боламын деп қауіптенеді. Мұндай кәсіпкерлерге құқықтық кеңес беріліп, қолдау көрсетіледі. Өңірлік Кәсіпкерлер Кеңесінің төрағасы Асқар Махамбетов «Жұмысы жүріп, құжаты түгел болған кәсіпкердің мазасын ретсіз алу, оған әкімшілік кедергі келтіру – экономикамыздың күре тамыры болып табылатын бизнес саласына едәір залалын тигізеді» дейді.

Қорыта айтқанда, кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерге көрсетер шарапаты мол. Кәсіпкерлікті жетілдіру экономиканың тұрақтылығы мен оның бәсекелік қабілетін қалыптастыруда басты күштердің бірі болып табылады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін субьектінің белгілі бір дәрежеде еркіндігі мен құқығы, шаруашылық қызметінің бағытын таңдауда еріктігі, қабылданатын шешімдерге, одан туындайтын нәтижелерге тәуекелдіктің болуы қажет. Кәсіпкерлер өз ынтасы бойынша өз иелігіндегі барлық шешімдер мен іс-әрекеттерді жүзеге асыруға құқығы бар. Кәсіпкерлер қызметінің өрісі заңға қайшылық етпесе шектелмейді. Бірақ, қоғамда әртүрлі жағдайлардың кездесуі әбден мүмкін. Мұндай жағдайда Сізге кәсіпкерлер палатасы көмекке келеді. 

Дерекнамасы: BAQ.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер