astana-view

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі жиналыс туралы баспасөз ақпараты

2014 жылғы 09 Сәуір
2744 просмотров

Бас прокуратурада Бас прокуратура және Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ өңірлік прокуратуралар мен кәсіпкерлер палаталары басшыларының қатысуымен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жиналыс болып өтті.

Кезекті кездесуді аша отырып, Бас Прокурордың орынбасары Андрей Кравченко мемлекеттің бизнесті дамытуға барынша ыңғайлы жағдай жасауына бағытталған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге салынған тыйымның күшіне енгені туралы еске салды. Осыған орай ол өңірлік прокурорларға мемлкеттік органдардың жарияланған мараторийді мүлтіксіз сақтауына тиісті және уақтылы қадағалауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Жиналыста өңірлердегі кәсіпкерлікті дамытудың,  адал кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу фактілерін болдырмаудың өзекті мәселелері талқыланды.

Атап айтқанда, кәсіпкерлердің құқықтарына әсер ететін қарым-қатынас салаларын құқықтық реттеу мәселелері қаралды. Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі жер телімдерінің мақсатты қолданылуының өзгертілуі мәселелері көтерілді. Осы саладағы құқықтық қатынастар тиісті дәрежеде заңнамалық реттелмеген, тиісінше бұл жағдай сыбайлас жемқорлық пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан асыра пайдалану жағдайларының туындауына жол береді. Қаржы полициясы сұратулары негізінде салық органдары беретін қорытындылардың заңдылығы мәселелері талқыланды.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары тарапынан кәсіпкерлерге заңсыз салынған айыппұлдардың қайтарылуы туралы мәселелер күн тәртібінің маңызды тақырыбына айналды. Бас прокуратура жеке кәсіпкерлік субъектілерінің рұқсаттамалық рәсімдерді өтуі барысында олардың заңды құқықтары мен мүдделерін сақтау мәселелері бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылаудың өңірлік органдарының қызметіне тексерістер жүргізді. Тексерулер нәтижесінде кейінгі екі жыл ішінде 574 кәсіпкерлік субъектісі әртүрлі әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартылып, салынған айыппұл сомасы 91 миллионнан астам теңгені құраған.

Осыған орай, өңірлік прокурорларға тексеріс актілері мен нәтижелерінің күшін жою, сондай-ақ заңсыз төленген әкімшілік айыппұлдарды кәсіпкерлерге қайтару жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Дерекнамасы: prokuror.gov.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер