astana-view

Қазақстандық бизнес бәсекеге дайын ба?

2014 жылғы 12 Сәуір
2311 просмотров

«Еуразиялық экономикалық одақтың отандық бизнеске зор пайда әкелетініне еш күмәнданбаймыз және біз аталмыш интеграцияның сенімді жақтастарымыз». Ұлттық кәсіпкерлер палатасының осындай ресми ұстанамын бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ұйымның Басқарма төрағасының орынбасары  Рахым Ошақбаев мәлім етті. 

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау бойынша айтарлықтай ілгері басқан. Сондықтан, ортақ экономикалық нарықтағы бәсекелестікке төтеп беруге толық мүмкіндік бар. 

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілінің айтуынша, қазақстандық бизнес бәсекеге дайын. Кәсіпкерлер экономикалық одақтың тиімді мүмкіндіктерін, әсіресе үлкен нарықтың ашылуын тағатсыздана күтуде. 

Рахым Ошақбаев, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары:
- Біздің автокөлік кәсіпорындары үшін үлкен нарықтың ашылуы өте маңызды болып тұр. Мысалы, Алматы облысында шығарылған автобустардың екі мыңын былтыр Беларусь сатып алды. Олар дәл сондай автобустарды бізден өздеріне әлдеқайда жақын жерден алуға мүмкіндігі бар еді. Бірақ, қазақстандық өнім бұл бәсекеде жеңіп тұр.   

Дәл осындай жағдай ресейлік нарықта да қалыптасқан. Кәсіпкерлердің айтуынша, оған шығуға бүгінгі таңда біраз кедергілер бар. Қазір тиісті келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жуық арада отандық автокөлік өндірісі экономикалық интеграция үдерістерін пайдалана отырып белсенді экспортқа көшпек.

Экономикалық одақ аясындағы әріптестер үшін қазақстанда шығарылатын азық-түлік тауарлары  жоғары сұранысқа ие. Ең басты артықшылық, тек жоғары сапалы экологиялық таза өнім шығаруда. Кәсіпкерледің айтуынша, әр тараптың өзінің мүддесі бар, біз үшін ең бастысы, бәсекелестікке төтеп беру арқылы тағы бір сатыға жоғары көтерілу,-дейді олар.

Владимир Дворецкий, «Қайталама металлургия өнеркәсіпшілерінің республикалық одағы» қауымдастығы төрағасы:
- Біздің бар мақсатымыз - 30 дамыған елдің қатарына кіру. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы біз үшін осы мақсатқа жетудің бір тетігі. Осы экономикалық бәсекелестікте алда болуымыз қажет.

Ол үшін барлық мүмкіндіндер бар. Бұл сарапшылардың пікірі. Біріншіден, бәсекелестермен салыстырғанда, салықтық ауырытпалықтар әлдеқайда төмендетілген, кедендік және техникалық реттеу мәселелеріне байланысты заңнама жетілдірілген, жеке меншік құқығын қорғау деңгейі де жоғары. Мемлекет пен бизнес құрылымдары арасында сенімділік орнаған. Оның бір дәлелі жуырда ғана күшіне енген кәсіпкерлерді тексеруге байланысты мораторий. Бұл отандық бизнестің дамуына оң ықпал етіп, ортақ экономикалық нарықта  бәсекеге қабілеттілік артады.

Дерекнамасы: Хабар


Еншілес ұйымдар

Серіктестер