astana-view

Елбасы жариялаған қаржы амнистиясы Қазақстан бюджетін едәуір еселемек

2014 жылғы 12 Сәуір
2363 просмотров

Жасырын қаржыны жарыққа шығару ел экономикасына тиімді.

Отандық сарапшылар осындай пікір білдіріп отыр. Естеріңізге сала кетейік, ұлттық инвесторлар кеңесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан азаматтарын шетелдегі қаражаттарын заңдастырып, елге инвестиция құюға шақырды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев Қазақстан тек шетелдік қана емес, отандық инвесторларға да үміт арта алады дейді. Капиталды амнистиялау АҚШ, Еуропа елдері, Түркияда сәтті өткізілген болатын. Дүниежүзінде бұл қадамнан ең көп табыс тапқан ел – Италия мемлекеті. Шетелдік шоттардан ел қазынасына 60 млрд. доллар құйылған. Отандық сарапшылар Елбасы жариялаған қаржы амнистиясы Қазақстанның да  бюджетін едәуір еселейді деп сеніп отыр.

Рахым Ошақбаев,  ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары:

- Қазіргі таңда елге инвестиция тарту – үкімет үшін ең басты мақсаттардың бірі. Отандық бизнесмендердің көбі өз қаржыларын шетелде сақтайтыны белгілі. Егер де олар осы активтерді еш ауыртпалықсыз сатып, Қазақстанға инвестицияласа, ел экономикасы ұтады.

Қазақстанда ең бірінші рет капиталды амнистиялау шаралары 2001 жылы жүргізілген. Акцияның 2 кезеңі Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды. Сол кезеңде Қазақстан экономикасының көлеңкелі айналымы 25-35 пайызды құраған. Ал амнистия нәтижесінде 367,8 миллиард теңге қайтарылған еді. Жаңа акция аяқталғаннан кейін қазақстандықтар өз табыстары мен шығындарын жариялайды.

Рахым Ошақбаев,  ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұл жемқорлыққа қарсы әрекеттердің ең тиімдісі. Мағлұмдау арқылы табыстар мен шығындар есептеледі. Сәйкесінше, шығындар табыстан артық болса, ол күдік туғызады. Барлық қазақстандықтар осы мүмкіндікті пайдалып, заңды түрде жұмыс істей алады.

Қазақстанда капиталды амнистиялау шарасы 2017 жылға дейін жүргізілмек. Ол үшін Ұлттық банк ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін сәйкесінше заң жобасын Елбасы назарына ұсынуды жоспарлап отыр. 

Дерекнамасы: 24kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер