astana-view

Отандық бизнесті өркендетпей, елде тұрақты өсімге қол жеткізе алмаймыз - Елбасы

2014 жылғы 12 Сәуір
2538 просмотров

Отандық бизнесті өркендетпей, елде тұрақты өсімге қол жеткізе алмаймыз. Бүгін Ақордада өткен Ұлттық инвесторлар кеңесінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді. Ұлттық бизнес қауымының тұңғыш кеңесі еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың жан-жақты жолдарын қарастырды. Президент кәсіпкерлердің алдына ұлттық бизнеске тиімді жол ашудың 10 қадамын атады. 

Бұл - Ұлттық инвесторлар кеңесінің алғашқы отырысы. Шетел инвесторлары сияқты отандық экономикадан ең алдымен ойып орын алатын да төл инвесторларымыз. Олай болса, шағын және орта бизнесті ширату ұлттық экономиканың ұлар басындағы ұстынға айналуы тиіс. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Қазақстан-2050» стратегиясы белгілеп бергендей дамыған 30 елдің қатарына кіруде елдегі шағын және орта бизнесті дамыту нөмірі бірінші мәселе. Біз бұрынғы Кеңес заманындағы 350-400 адам жұмыс істейтін өндірістерді айтып отырған жоқпыз, әңгіме, тек шағын және орта бизнесте. 

Президентке отандық бизнесті өркендету жолында атқарылған іс-шаралар жан-жақты баяндалды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметовтың айтуынша, халықты жаппай кәсіпкерлікке машықтандыру, балаларды мектептен кәсіп жүргізуге тәрбиелеу және әсіресе, ауыл адамдарын алыс-беріс өнеріне араластыру жолында табанды жұмыс жүргізіліп жатыр.  

Абылай Мырзахметов, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы: 
- Жаңа өзіңіз айтқандай, үйде тігін тігуге болады. Мысалы, мен Маңғыстауда болдым. Шешесі мен қызы екеуі жарты күн тігеді, той көп дейді, соған қазақтың сәукеле тағы басқа ұлттық киімдерін тігіп, үлгере алмай жатырмыз дейді. Түркиядан мәшенке алып келген. Міне, сонымен кәсібін дөңгелетіп, күнін көріп жатқан азаматтар бар. Міне, сондай жұмыстарды кеңейтіп, алға қоямыз ба деп отырмыз. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің қазақтар оны не ол, бизнес деп те қарамайды ғой. Міне, барлығы содан басталады. Киім, етік, шапан тігу, ол да бизнес. Ал, бізге үлкен нәрсе керек. Мұнай, кен орны, анау-мынау, тағы басқа. Анкараның түбінде кішкене-кішкене үйлер соғылған. Сонда сала саламен,  біреу болт, біреу балға, біреу шеге жасап отыр. Өзінің сатып алатын адамдары бар.  

Абылай Мырзахметов, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы: 
- Сондықтан, Нұрсұлтан Әбішұлы, міне, бүгін Ұлттық инвесторлардың тұсаукесері болып отыр. Құрылғанына 4-5 ай болса да, өзінің жауапкершілігін біліп отыр. Сондықтан, бәріміз бір кісідей болып, әлемдегі жағдайды қаперге ала отырып, сіздің төңірегіңізге шоғырланып, мемлекеттің жағдайы үшін жұмыс істейтін кез келді. Соған сізді сендіруге рұқсат етіңіз. 

Елімізде еңбеккке жарамды 2,6 млн халық шағын және орта кәсіптен нәсіп тауып жүр. Президент олардың қатарын одан әрмен арттыруға қажетті бірқатар тетіктерді атады. Мемлекет бизнеске тексеріс жүргізуге уақытша тыйым салды, Ұлттық қордан бөлінген 1 трлн теңгенің 100 миллиарды кәсіпкерлікке, 250 миллиарды несиелеуге бағытталмақ. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Барлық жағдай жасалып отыр. Мемлекет тарапынан қаржы бөлініп жатыр. Тексерудің мәселелерін төмендетіп жатырмыз. Енді халыққа қызмет істеңіздер. Мемлекет қоржынына бизнестен түсетін қаржы көбею керек жыл сайын. Алдымен санын көбейту керек. Көп халық сол жерде жұмыс істейтін болсын. Өзін-өзі асырайтын болсын. Яғни, халықты жаппай бизнеске тартатын болайық.   

Президент 1 маусымға дейін Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, капиталға рақымшылық жасау туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Бұған қоса бизнестің жекешелендірудің екінші толқынына тиімді араласа білу жайын атады. Маман даярлауға мықтап мән беріп, дуалды оқыту жүйесін қатар алып жүруді қаперге салды. Әлі күнге дейін 3 млрд доллардың азық-түлік өнімін сырттан әкелеміз. Ендеше оны да ауылда өндірудің қолымыздан келетінін мысал етті.   

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгін жұмыс істеймін деген адамға жұмыс бар. Жұмыс істегісі келмейтін адамдарға жұмыс жоқ. Солай ғой. Ауылда микрокредитке сиыр аласың ба, тауық па, жер ме, өзіңді өзің асыра. Саған қаржы беріп отыр. Ол қолыңнан келмей ме, сені қолыңнан жетектеп, мемлекеттің ақшасымен қалада оқытып, жұмыс береді. Тұратын үйді де береді. Одан артық не істеу керек? 

Абылай Мырзахметов, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы: 
- Өз арамызда жиналып қалған мәселелер көп. Соларды бағдарламаларымызда қамтимыз. Ең бастысы, шағын, орта бизнес, тамақ саласы, ауыл шаруашылыққа осы салаларға көңіл бөлінеді, көбіне. Уақыт көрсетеді, көп создырмаспыз. Тапсырмалар нақты берілді. 

Иван Сауэр, «Родина» Агрофирмасы» ЖШС бас директоры:
- Қазіргі таңда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты жағдай жасалып отыр. Алайда, бизнес Үкімет жасап жатқан қадамдарға ілесе алмай келеді. Сондықтан, Президент алаңдаушылық білдіруде. Себебі, Елбасы қойып отырған міндеттерді бизнес қауымдастық орындай алмай отыр. Бұл орайда, бүгінгі жиын шағын және орта бизнестің өркендеуіне серпін береді деген ойдамын. 

Қайнар Аббасов, ОҚО Өңірлік кәсіпкерлер палатасы кеңесінің төрағасы:
- Бизнесті тексеру мораторий рұқсаттамаларын жеңілдетті, бизнестің алға қарай басуына үлкен серпіліс береді деген үміттеміз. Үкіметпен бірлесе атқарылып отырған жұмыс, ең бастысы, осы кәсіпкерлердің жағдайын жақсартуға алғашқы мақсаты сол. Сондықтан, болып жатқан өзгерістер серпіліс береріне сенімдіміз.

Қорыта айтқанда, Елбасы отандық бизнестің бар мүддесін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы барынша қорғай білу қажеттігін жеткізді. 2016 жылға дейін бизнесті жүргізу рейтингісі бойынша 30 елдің қатарына кіруді тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздер Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бері менің қасымда келе жатырсыздар. Барлықтарыңызды мен жақсы білемін. Өсу жолдарыңызды жақсы білемін. Біз нарықтық экономика құруды армандадық. Бизнесті көтеруді армандадық. Енді міне, бүгін біз сіздерді қазақстандық инвесторлар деп санаймыз. Жай ғана бизнесмен емес. Мен соған қуаныштымын. Жақсы серпіліс жасадық. Бұл үшін Ұлттық палата да, Үкімет те бірлесіп жұмыс жасауын тоқтатпау керек.

Дерекнамасы: Хабар


Еншілес ұйымдар

Серіктестер