astana-view

Инвестициялар ел игілігі үшін игерілуі керек

2014 жылғы 12 Сәуір
3601 просмотров

Ұлттық инвесторлар алдындағы Елбасы сөзі осындай қағидалы ойға жетеледі

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысын өткізді. Онда отандық кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері сөз болды.

«Қазақстанда бизнесті өркендету үшін күш-жігерімізді салып келе жатырмыз. Осы бағытта тиісті тапсырмалар беріп, бірнеше рет мораторий жариялап, тексерулерді шектедік. Нарықтық экономикаға көшкеннен бері даму мәселесінде біз бизнеске ұдайы түрде басымдық беріп келеміз. Өйткені, бизнесті өркендетпей экономиканы дамытудың өзі мүмкін емес», деп атап көрсеткен Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруда, ондағы негізгі мақсат әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру ісінде бизнесті дамыту нөмір бірінші мәселе екендігін қадап тұрып айтты. Осы ретте негізгі назар халықтың басым бөлігін қамтитын шағын және орта бизнесті дамытуға аударылатындығына екпін түсірді.

«Қазір әңгіме нақ осы шағын және орта бизнесте болып отыр. Адамдар өз ісін ашып, оған 5-10, тіпті 50 адамды еңбекке тартуда. Егер біздің елімізде осындай адамдар қатары көбейе берсе, онда халық та жұмыспен қамтылатын болады. Ал егер мұның өзі бір қызметтен екінші қызметке жеңіл ауыса алатын, яғни бәсекелестік жағдайында өмір сүруге қабілетті ілкімді өндіріс болатын болса, онда тіпті біздің айымыз оңынан туар еді», деп атап көрсетті Елбасы. Осыған мысал ретінде Қытайда қазіргі күні 3D принтерімен үй салу ісінің де басталғандығын келтірді.

«Біз ресурстар еліміз. Табиғи ресурс­тарымызды өндіріп, шетелге саудалап, соның нәтижесінде аяғымыздан қаз тұрып, ірге бекіттік. Енді соның арқауында басқа экономиканы, яғни заман талабына жауап бере алатын экономиканы дамытатын уақыт келді», деді Елбасы.

Бұл Ұлттық инвесторлар кеңесінің екінші отырысы. Мұнан кейін сөз ке­зегін алып, есепті баяндама жасаған Пре­мьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев екі отырыс аралығында жүзеге асқан жұмыстар жайында айта келе, негізгі назарды қазіргі күні отандық кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы шараларға аударды.

«Кәсіпкерлік қызметі үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Сіздің Жарлығыңыз отандық бизнестің өміріндегі төңкерісті оқиға болды. Үкімет оны жүзеге асыруға кірісіп кетті. Жылдың соңына дейін тексерулерге мораторий жарияланды. Мұның өзі жай ғана уақытша тоқтата тұру емес. Бұл барлық рұқсат беру үдерістерін жүйелендірудің кезеңі болып табылады. Бизнес саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау әдістері бүтіндей алғанда қайтадан қарастырылатын болады», деп мәлімдеді Б. Сағынтаев.

Осы ретте Үкіметтің ыңғайлы норма­тивтік базаны қалыптастыру бойынша белсенді шаралар қабылдауға кіріс­кені мәлім. Соның ішінде Елбасының қол­дауымен «Рұқсат беру мен құлақтандыру туралы» заң жобасын жеделдете әзірлеп, қабылдау жұмыстары қолға алынған. Бұл жоба қазіргі күні Парламентте тал­қы­лануда.

Заңның қабылдануы жаңадан рұқсат беру шараларын ойластыруға тұсау са­латын болады. Яғни рұқсат беру шара­­ларын шектей отырып, бизнесті да­мы­тудың неғұрлым ашық тетіктерін жасауға ықпал етеді.

Түгендеу шарасының қорытын­ды­сын­да Ведомствоаралық комиссия 53 рұқсат беру шарасын қысқарту жөніндегі ұсынысты мақұлдады. Сондай-ақ 737 рұқсат беру мен құлақтандырудан тұра­тын тізбе қалыптастырылып, заң жобасына енгізілген.

Бүгінгі күні 458 рұқсат беру құжа­тының 300-ге жуығы автомат­тан­ды­рыл­ған, қалғаны жылдың соңына дейін осындай жағдайға көшіріл­мек. Ал ли­цен­зияларға келсек, олар­ды беру қазірдің өзінде толық автоматт­андырылған жүйе енгізілген.

Осы ретте Б.Сағынтаев Ұлттық кәсіп­керлер палатасымен бірлесе отырып, бар­лық заңдарды тексеру жұмыс­тарының басталғандығын, қазірдің өзінде бизнесті дамытуға кедергі келтіретін 230-дан астам норма­ның анықталғандығын айта кетті. Бұл нормалардың күші жойылатын немесе олар түзетілетін болады.

Үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге заңдарға түзету енгізу жөнінде 231 ұсыныс енгізген. Бұл ұсы­нысты Сарапшылар тобы қарай келе 93 ұсынысқа келісімін берген. Осы­ның барлығы ведомствоаралық комис­сияда қаралып, мақұлданған. Сөйтіп, 7 кодекске, 17 заңға және 18 заң ая­сын­да­ғы нормативтік-құқықтық актіге өзге­рістер енгізу көзделуде.

Әлемдік алдыңғы қатарлы тәжіри­бе­­лерді ескере келе мемлекеттік бақы­лауды кәсіпкердің жауапкершілігін сақтандырумен алмастыру жөнінде мә­селе қарастырылуда.

Осы жерде Елбасы елімізде қанша ком­панияның сақтандырылғандығы туралы сұрақ қойды. Өкінішке орай, бұл жайында нақты мәлімет келтірілмеді. Тек, Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетов 65 миллиард теңгенің қар­жысы сақтандырылғандығын айтты. Осыған орай Елбасы бизнесті сақтан­дыру ісінің ерекше маңызы бар екендігін, бұл мәселеге мән берілуі қажеттігін ес­кертті.

Б.Сағынтаевтың айтуынша, биз­нес­ке қолдау көрсетудің, олардың алдын­да­ғы кедергілерді еңсерудің көптеген мәселелері жоғарыда аталған заң жобасында ескерілетін болады.

Сондай-ақ, Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің 2020 жылға дейінгі кезеңді қамтитын тұжырымдамасы Үкі­метке енгізілген, ол жуықта қабыл­да­натын болады. Бұл құжат реттеу ықпал­дылығына ашық талдауды (РЫАТ) енгізуді көздейді. Осының нәтижесінде мемлекеттік аппаратта қабылданатын тиімсіз шараларға кедергі қойылмақ.

Реттеу ықпалдылығына ашық талдауды енгізу нәтижесінде толық және сенімді ақпараттардың негізінде ыңғайлы да тиімді шешімдер қабылданатын болады. Бұлар бизнестің, тұтынушылар мен мемлекеттік бюджеттің ресурс­тарын үнемдеуге көмектеседі. Оның үстіне РЫАТ қабылданған шешімдердің тиімділігін шынайы қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Мұның өзі тиісті тү­зетулер енгізу ісін жеңілдетеді.

Б.Сағынтаев өз сөзінде Елбасы тап­­­сыр­масына сәйкес Үкіметтің же­ке­ше­­лендірудің екінші толқынын жүргі­зуге әзірлікті аяқтап қалғандығын мәлім­деді. 2014-2016 жылдарға арналған же­кешелендіру жөніндегі кешенді жос­пар бекітілген. 32 республикалық мен­шік ұйымын және 191 квази­мем­ле­кеттік сектордағы ұйымды қамтыған тіз­бе жасалған. Сәуір айында 779 ком­му­нал­дық меншік кәсіпорнының тізбесі қа­лыптастырылатын болады. Маусым айында оларды бәсекелестік ортаға беру жұмыстары басталады.

Жекешелендіруге жатқызылатын ұйымдар арасында «Самұрық-Қазы­на» қорының 119 кәсіпорны, 3 бан­кі, «Бәйтерек» холдингінің – 12, «ҚазАгро» холдингінің – 47, «Зерде» холдингінің – 2, «Парасат» холдингінің – 8 кәсіпорны бар. Сонымен қатар, бірқатар министрліктер бағынысындағы кәсіп­орындар мен ұйымдар, атап айтқанда, 32 республикалық меншіктегі ұйым жекеменшікке тапсырылмақ.

Үкімет жекешелендіру жүргізумен қатар жеке бизнес жұмыс істеп жатқан экономика салаларына мемлекеттің қа­­тысуын шектеу жөніндегі жүйелі жұ­мыс­тарды да жүргізбек.

Қазіргі күні еліміздегі барлық ірі қа­лаларда кәсіпкерлерге қызмет көрсету мен қолдау орталықтары құрылған. Бірінші маусымға дейін енді осындай орталықтар барлық аудандар мен шағын қалаларда ашылатын болады.

Біртұтас бизнес-портал құрылып, оған кәсіпкерлерге кеңес берудің онлайн қызметі енгізілді және бастама жо­баларының 100 моделінен тұратын бизнес идеялар жинағы орналастырылды. Портал жұмыс істей бастаған өткен жылдың 20 желтоқсанынан бастап, оған 636 мың адам кіргені тіркелген.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бас­қарма төрағасы Абылай Мырзахме­тов Елбасына қарата айтқан сөзінде: «Бір жыл бұрын Сіз Үкіметке «Ұлттық кәсіп­керлер палатасы туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырған едіңіз. Бұл заң қабылданды. Қыркүйек айынан бастап, біз өз қызметімізге кірісіп кеттік», дей келе, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қалыптасу кезеңінің қалай жүргізіліп жатқаны жөнінде баян­дап берді. Оның айтуынша, бүгінде еліміздің барлық өңірінде 16 өңірлік палата құрылған. Олардың әрқайсысында кемінде 20-ға тарта сарапшы жұмыс істесе, болашақта олардың қатарын өңірлердегі кәсіпкерлердің санына байланысты көбейту ескеріліп отырған көрінеді. «Мәселен, біз Алматы, Астана секілді ірі қалаларда сарапшылардың санын 40-50-ге дейін көбейтуді көздеп отырмыз. Бұған қоса, біз Сіз берген тапсырмаға байланысты кәсіпкерлікті әрбір ауылды жерлерге, елді мекендерге дейін жандандыруды жоспарлап отырмыз. Сол арқылы біз ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді, ауыл жас­тарын бұл салаға мейлінше тартуды мақсат тұтып отырмыз», деді бұл орайда А. Мырзахметов. Қазір әр өңірде 20 адам ғана жұмыс істейтінін айттым. Себебі, біз алға қойған мақсаттарымызды асықпай, біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз. Бұл мәселе біздің бақылауымызда тұрады. Яғни ақшаның қайда, қандай мақсатқа бағытталып жатқаны әрдайым назарымызда. Бұл кері байланыстың болатынын да көрсетеді.

Сондай-ақ, ол орталық аппаратта 16 комитеттің құрылғанын, олардың 14-і салалық мәртебеге ие екенін атап өт­ті. Бұл комитеттер негізгі тетік пен ба­­сымдыққа ие салалар бойынша жұ­мыс­тарды жүзеге асыратын болады. Ал қалған екеуі жалпыфункциялық комитет болып саналғандықтан, олардың біреуі шағын және орта бизнесті дамыту, екіншісі кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі сынды мәселелерді назарда ұстамақ.

«Біз қазіргі таңда аудандық филиалдарды ашу жұмыстарын да бір­тіндеп қолға алып келеміз. Мәселен, 130-ға тарта аудан орталығында филиал­дар ашылды. Бүгінде ол жерлерде кадрларды іріктеу, қабылдау жұмыс­тарын да жүргізудеміз. Бұл филиал­дардың мақсаты – біріншіден, жаңа бизнестің ашылуына қатысты туын­даған идеяларды назарда ұстау болса, екіншіден, біз, осы филиалдардың базасында сервистік, яғни қызмет көрсету орталықтарын ашуды көздеп отырмыз. Бұл орталықтарда азаматтардың кә­сіпкерлікке тартылуына бағыт-бағ­дар беріледі, мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан іс-шаралар бойынша жергілікті тұрғындарға қолдау көрсетіледі», деді А. Мырзахметов.

Ол өзінің сөзінде сондай-ақ, индус­трияландыру бағыттарын одан әрі жандандыру, жаңа салаларды дамыту мәсе­лелерін де назарда ұстайтынын жет­кізді. «Бүгінде біз Үкіметпен бел­сенді түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Барлық жерлерде жұмыс топтары құ­рылған. Біздің барлық салалық коми­тет­терімізді білікті кәсіпкерлер басқа­рады. Басым бағытқа ие салалар бойын­ша бағдарламалар қолға алынып, әзірлену үстінде. Өңірлік кластерлерге де айрықша мән берілуде. Сол арқылы біз Үкіметпен бірлесіп өңірлік кластерлердің дамуына жағдай жасайтын боламыз», деді ол.

А.Мырзахметов қаржылық құры­лым­­дардың қолжетімділігі мәселесінің өте өзекті екеніне де тоқталды. «Бұл ретте жүзеге асырылып жатқан арнайы бағдарлама бар. Ол, әрине, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы. Бірақ та, жергілікті жерлерде, әсіресе, ауылдарда кепілдікке қойылатын мүліктерге қатысты мәселе туындап жатады. Бұл орайда, біз түріктің тәжірибесін на­зарға алып отырмыз. Алдағы уа­қытта, Үкіметке өз ұсыныстарымызды жеткізетін боламыз. Бұл бастама «Даму» қорымен, банктермен бірге жүзеге асы­рылмақ. Жалпы алғанда, біздің негіз­гі мақсатымыз – заң аясындағы жұмыс­тарымызды әрдайым жетілдіріп отыру. Мәселен, кез келген өзекті мәсе­лелерге байланысты электронды реестр жасалады. Оған кез келген кәсіпкер кіріп, өзін толғандырып жүрген мәселелерге байланысты сауалдарын жолдай алады. Бұл бағытта жұмыс істейтін біздің департаменттеріміз бар. Олар реестрге келіп түскен сауалдарды зерделеп, сараптан өткізіп, мәселелердің жүйелі түрде шешімін табуына қолдау көрсететін болады. Бүгінде еліміздің кәсіпкерлік саласы өз аяғынан нық тұрды. Қазіргі таңда, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, Сіздің бастамаңызбен құрылған Ұлт­тық кә­сіп­керлік палатасы бұл саланың одан әрі жандануына қатысты өз мойнына жауапкершілік алып отыр», дей келе А.Мырзахметов кәсіпкерлік саласының дамуына үлес қосуға мүдделі екендіктерін жеткізді.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бас­қар­масы төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев Еуразиялық экономикалық кеңістік аясында кәсіп­керлікпен айналы­сатын азаматтарға қолдау көрсе­ту бағытында мемлекет тарапы­нан ауқымды жұмыстардың қолға алынып жатқанын, бұл ретте, Үкіметтің бизнес-қауымдастыққа қа­тысты барлық мәселелерді зерделеп, саралап шыққанын атап өтті. Ол сондай-ақ, отандық кәсіпкерлер үшін Еуразиялық экономикалық одақ құрудың артықшылықтары туралы да айтып берді. Р.Ошақбаевтың айтуын­ша, барлық сарапшылар мойындап отырғандай, Қазақстан бизнес-ахуалда айтарлықтай көшбасшылық беделге ие. «Бізде салық төмен, жекемен­шік құқығы жақсы сақталады, реттеу­шілерімізде анағұрлым қолжетімдірек. Жалпы алғанда, кез келген кәсіпкерлік субъектісі, егер онда қандай да бір проб­лема туындай қалса, өз ұсыныстарын Үкіметке жолдай алатындай заңмен қорғалған мүмкіндіктері бар, ал Үкі­мет өз кезегінде оны барлық мүм­кіндіктерді пайдаланып шешетін болады. Мәселен, қандай да бір шешімді қабылдау транспаренттілігі жөнінен, Қазақстандағы бизнес-қызығушылықты есепке алу деңгейі жағынан еліміз Беларусь пен Ресейден жоғары екен. «Осылайша, бізде өзімізге барынша мол инвестиция тартуға мүмкіндігіміз көбірек», деді Р. Ошақбаев.

Отырыс аясында сөз алған «Қа­зақстанның Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова ел эконо­микасының тұрақты дамуы үшін ең алдымен бәсекеге қабілетті банк жүйесі болуы қажеттігіне тоқталды. «Ел­басының, Үкіметтің, Ұлттық банктің қолдауы нәтижесінде еліміздің банк жүйесі ғаламдық қаржылық дағдарыстан туған қиыншылықтарды еңсерді. Алайда, уақыт біздің алдымызға жаңа міндеттерді тартып отыр. Ал жалпы ел экономикасы мен қаржылық сектор дамуы үшін арнайы тетіктерді іске қосуды ұмытпаған жөн. Мәселен, бүгінгі таңда біз Ұлттық банкпен бірге қаржылық-несиелік саясатты тұрақтандыруды қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Әрине, ел эко­номикасының ғаламдық экономикалық дағдарыстан айналып өтуіне мемлекет тарапынан көрсетілген қаржылық қолдау айтарлықтай көмек болды», деді Ү.Шаяхметова. Сондай-ақ ол, қазіргі таңда отандық қаржылық секторға дағдарыстан кейін өздерінің ұстанымдарын қалпына келтіру үшін, сонымен қатар, қаржылық сектордың тұрақты даму траекториясына өтуі, ғаламдық экономикадан, Еуразиялық экономикалық кеңістіктен өз орнын алуы үшін де қолдау қажеттігіне тоқталды. «Біз 2009 жылғы дағдарысты еңсердік. Бұл кезеңде дағдарысқа қарсы іс-шаралар ойдағыдай жүзеге асырылды. Сондықтан, қазіргі таңдағы ғаламдық макроэкономикалық жағдайдың тұрақ­сыздануына байланысты біз Үкіметпен, бизнеспен бірлесіп, сол кездегідей тиіс­ті шараларды қолға алып, мәселелер түйінін тарқатуға күш салатын боламыз», деді «Қазақстанның Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы.

Жиында сөз алған «Казавтобизнес» ассоциациясының президенті, «Аллюр Авто» АҚ-тың бас директоры Андрей Лаврентьев: «Сіздің тікелей қол­дауы­ңыз­дың арқасында соңғы 5 жыл ішін­де біз жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Мәселен, 2008-2013 жыл­дар аралығында біздің өндірісіміз­дің мөлшері 5 есеге дейін артты. Бұл 156 млрд. теңгені құрайды. 2013 жылы Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында 38 мыңнан астам жеңіл автокөлік құрастырылған. 2013 жылы барлық кәсіпорындардың айналымы 1 млрд.-тан астам долларды құрады. Біз жалпы қазақстандық нарықтың 22 пайызын құрайтын өнім өндірген екенбіз. Егер, әлемдік тәжірибені алатын болсақ, 4 жылдың ішінде 22 пайызға қол жеткізу – үлкен жетістік», деді. Осылай дей келе, ол алдағы уақыттарда 300 мыңға тарта автокөлік сату жоспарланып отырғанын, бұл 6 млрд. АҚШ долларын құрайтынын жеткізді. «Ал бұл автокөліктердің 40 пайызға жуығын біз­дің отандық кәсіпорындар жасайтын болады», дей келе, ол болашақта Кеден одағына мүше елдерге өз өнімдерін экспорттау мәселесіне де назар аударылатынын, жалпы алғанда Қазақстанның бәсекеге қабілетті автокөлік саласын дамытуға мән берілетінін атап өтті. «Бұ­ған біздің мүмкіндігіміз жетеді. Себе­бі, біздің кәсіпорындарымыз жаңа. Бізде бұрыннан қалған ескі жүйе жоқ. Тиісінше, бұл саланы модерни­за­циядан өткізудің де қажеті жоқ. Кәсіпорындардың барлығы жаңа заманға сай құрылымдармен жабдықталған. Сондықтан, болашақта біз бұл саланы дамыту бағытында айтарлықтай басымдықтарға ие бірқатар жобаларды жүзеге асыратын боламыз», деді А.Лаврентьев.

Бұл күні «Ютария ltd» ЖШС бас директоры Сәуле Шауенова да сөз алды. Ол өзінің сөзінде Елбасына өзінің кәсіп­орнының атынан Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көр­сетіліп жатқаны үшін алғысын білдірді. «Бізді бұл бағытта арнайы бағдарламаның бар екендігі қуантады. Көптеген кәсіпорындар өздерінің бизнесін ашуға қол жеткізді. Өндірістік әлеуетін дамытуға мүмкіндік алды. 2003 жылы мен тәуекелге барып, Жезқазған қаласында шағын ғана кәсіпорын аштым. Біз көзге онша көрінбейтін азын-аулақ жұмыстардан бастадық. Олар: дизайн, жарнама, шикізат жеткізу, т.б. Егер, шынымды айтсам, алғашында өте қиын болды. Себебі, қаржыдан таршылық көрдік, кепілдікке қоятын мүлік болмады, тексеріс те көп болды. Бірақ, мен үлкен, ауқымды кәсіпорынды ашуды үнемі армандап жүрдім. Сондықтан, мемлекеттің қолдауы арқасында, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған бағдарламалардың қабылдануының арқасында біз бірқатар инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асырдық», дей келе олардың «Бизнестің жол картасы -2020», «Жұмыспен қамту-2020», «Кәсіпорындардың инфрақұрылымы», «Субсидияландыру», «Дуалды жүйе негізінде оқыту» сынды бастамалар мен бағдарламалар негізінде жүзеге асырылғанын атап өтті. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, 2010 жылы Метал­лургтердің І форумында Сіз біздің көрме экспозициямызды тамашалап, өнімдерімізбен танысқан едіңіз. Сол кезде Сіз: «Мен әрқашан бизнес бастамаларға қолдау көрсетемін. Ештеңеден қорықпаңыз. Мен сізге сәттілік тілеймін», деп айтқан едіңіз. Сіздің бұл сөзіңіз бізге үлкен қолдау болды», деді С.Шауенова.

Осылай дей келе, ол 2011 жылы Жезқазған қаласында тігін фабри­касының құрылысын аяқтап, оны іске қосқандарына тоқталды. «Бұл кәсіпорын біз үшін өте маңызды. Фабрика 250 жаңа жұмыс орнын қамтиды. Біздің фабрикамыздың жүйесі толықтай автоматтандырылған. Қазіргі таңда біз кез келген тігін өнімдерін жасап, дайындай аламыз. Бұл біз үшін, әри­не, мақтаныш. Біз өзіміздің инно­вация­лық жобаларымызды «Қазақмыс» кор­порациясының қолдауы негізінде де жүзеге асырдық. Бұл корпорация ұзақ мерзімдегі жобаларды жүзеге асыруға үлкен қолдау көрсетіп келеді. Сол арқылы біз өндірістік әлеуетімізді көтердік, дуалды жүйе арқылы оқытқан жас кадрлардың кәсіби біліктілігін көтердік. Бұл орайда біздің алғысымыз шексіз. Ал қазіргі таңда, біз Сәтбаев қала­сында екінші жобамызды жүзеге асыра бастадық. Бұл – халықтың тұр­мыс­тық қажетін өтеуге арналған кәсіп­орын. Кәсіпорынның атауы – «Индус­триялық қызмет көрсету кешені».

Біздің ойымызша, өмір сүру сапасы қызмет көрсетудің сапасымен өлшенеді. Әрине, мұны кадрсыз шешу мүмкін емес. Біз «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында, дуалды оқыту жүйесі негізінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы жақсы кадрларды оқытып шығардық. Қазіргі таңда кәсіпорындағы жұмысшылардың 55 пайызын жастар құрайды. Біз Түркиядағы кәсіпкерлермен бірлесіп, жеңіл өнеркәсіпке арналған тігін құрал-жабдықтар шығаратын боламыз, тоқыма өнеркәсібін дамытатын боламыз. Бұл жоба негізінде 200 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Тобықтай түйінмен алғанда, біздің кәсіпорындарымыз бәсекеге қабілетті», деді «Ютария ltd» ЖШС бас директоры. Осылай дей келе, ол мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саласына көрсетіліп жатқан қолдауы үшін Елбасыға алғысын жеткізе келе, шағын және орта бизнес саласы, ол жүзеге асыратын бизнес жобалар өз кезегінде ел экономикасының өрістеуіне зор ықпал ететінін атап өтті.

Отырысты қорытындылаған Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерліктің экономиканы алға жылжытатын қозғаушы күш екенін тағы бір еске салып өтті.

«Шағын және орта бизнес – мығым орта таптың іргетасы. Бү­тін­дей алғанда, бізде бұл секторда оң өзге­ріс­тер қалыптасуда. Өткен жылдың қорытындысында бизнеспен айналысушылар саны 8 пайызға өсіп, 2,6 миллион адамды құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнім көлемі 9 триллион теңгеге жетіп, 3,3 пайызға өсті», деген Елбасы соны­мен бір­ге, осындай оң ағымдармен қа­тар кейбір келеңсіз жайттардың бар екен­дігін де жасырмады.

Экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі соңғы жылдары ішкі жалпы өнімнің 17 пайызы деңгейінде тоқтап тұр. Кәсіпкерлік субъектілер санының көптігіне қарамастан, рес­пуб­ликалық бюджетке түсетін кірістердің 70 пайызын бар болғаны 400 ірі салық төлеушілер ғана қамтамасыз етуде. Яғни, барлық бизнесмендердің 0,2 пайызы ғана осыншалық қомақты үлес қосып отыр. Оның үстіне негізгі капиталға салынатын ішкі жеке инвестициялардың өсу қарқыны ІЖӨ өсу қарқынынан кейін қалып келеді. Егер дағдарыс алдындағы кезеңде олардың ІЖӨ-ге үлесі 18,4 пайызды құраса, 2013 жылдың қорытындысында ол бар болғаны 13 пайыз болды. Тікелей шетелдік инвестициялардың келуі 2013 жылы 9,7 миллиард долларды құрады. Бұл 2012 жылғы көрсеткіштен 4 миллиард долларға аз.

Осы жағдайларды баяндай келе Мемлекет басшысы алдында тұрған негізгі міндет бизнес үшін ОЭСР ел­дерінің деңгейіндегі жағдайды қалып­тастыру екендігін атап көрсетті. Осы­ған қол жеткізу үшін кешенді ша­ра­лар қабылдау қажет. Соның ішінде мемлекеттік реттеу шараларын айтар­лықтай жетілдіре түсу міндеті алға қойылып отыр.

«Мен осы бағыттағы түбегейлі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Бизнесті тексеруге мораторий жарияланды. 2015 жылдан бастап жоспарлы тексерулер өткеннің үлесінде қалады. Біз мұндай мораторийді бірінші рет жариялап отырғанымыз жоқ. Бірақ, оны алған кезде шағымдар шабуылына қайта тап болып жатамыз. Демек, мәселеге қайта оралып жатпас үшін Үкіметке менің Жарлығымды сапалы орындауға күш салу керек», деп атап көрсеткен Елбасы үстіміздегі жылы рұқсат беру және құлақтандыру жүйесін түбегейлі оңтайландыру, туралы заң қабылданатынын еске салды. Сондай-ақ, рұқсат беруді автоматтандыру да аяқталады.

Бұдан былай барлық нормативтік актілер жобалары бизнеске қатысты реттеу ықпалы жөніндегі тесттен өткізілетін болады. Демек, барлық мемлекеттік қызметтің бизнес-үдерісін жан-жақты талдаудан өткізу қажет. Бұл жұмысты Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңір­лік өкілдіктерін қатыстыра отырып, жер­гілікті жерден бастаған жөн болады. Әкімдіктер оларға толықтай қолдау жұмыстарын көрсетуі қажет.

Осыған орай Мемлекет басшысы Үкіметке жергілікті органдармен бір­лесе отырып, Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасымен өзара әрекеттестіктің рег­ламентін бекітуді тапсырды.

«Палата бизнесмендердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға белсене қатысуы тиіс. Мұны, мысал үшін, Пре­зиденттің бизнесті қорғау сайтына келіп түсіп жатқан шағымдар мен өтініштерді қарауға, оның қатысуын қамтамасыз ету ісінен бастауға болады. Мұның өзі жағдайды бағалау жұмыстарын мемлекеттік органдарға тәуелсіз жүргізуге мүмкіндік берер еді», деген Қазақстан Президенті сөздің келесі кезегінде елімізде Бизнес-Омбудсмен қызметі енгізілетіндігін, өндіріске немесе инфрақұрылымдық жобаларға елеулі қаржы салған ұлттық инвесторлардың оның дербес қорғауында болатындығын мәлімдеді. Сонымен қатар, Ұлттық қор­дан экономиканы дамыту үшін 1 триллион теңгенің бөлінетіндігін айтты.

«Тек биылғы жылдың өзінде эко­номикаға 500 миллиард теңге бағыт­талатын болады. Мұның 100 миллиард теңгесі шағын және орта бизнеске, 250 миллиард теңгесі проблемалық несиелер мәселесін шешу, 150 миллиард теңгесі индустрияландыру және инфрақұрылым жобаларына бағытталады. Бұл қаржы келесі аптада бөлінеді. Қаржыны жұм­сауды қадағалап отыратын комиссия құрылатын болады», деді Елбасы.

Сонымен қоса Мемлекет басшысы қолжетімді көлеңкелі рынокты да­мы­­ту, яғни қаржы секторын дол­ларла­­нудан арылту үшін ынталандыру паке­тін әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Мұн­дай инвестициялардың ішкі көз­деріне Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қорының активтері ықпал еткен болар еді.

«Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесе отырып, бірінші маусымға дейін Қор активтерін инвестициялау, соның ішінде банктердің ұзақ мерзімді депозиттерін орналастыру стратегиясын әзірлеуді тапсырамын», деді Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысы сонымен қоса 2017 жылдың 1 қаңтарынан бас­­тап, ха­лық­тың кірісін жалпыға ортақ деклара­ция­лаудың енгізіле­тіндігін, мұнан кейін шығындарды декла­ра­циялаудың қолға алынатындығын да еске салды.

«Бұл шара біздің экономикамыздың үлкен бөлігін көлеңкеден алып шы­ғып, бізді дамыған елдердің эконо­ми­ка­лық транспаренттілік деңгейіне жақын­датады. Көлеңкелі экономика – экономиканы тұрақты дамытудың бірінші жауы және сыбайлас жемқор­лықтың ең жақын досы. Барлық дамыған елдер тек ХХІ ғасырдың басында ғана жалпыға ортақ декларациялау үдерісін аяқтап, оны жолға қойды», деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың атап көрсеткеніндей, әлемдік тәжірибе жал­пыға ортақ декларациялау режімін енгізу алдында капиталды амнистиялаудың жалпыға ортақ шарасын жүргізу қа­жеттігін көрсетіп отыр. Осыған орай Мем­лекет басшысы Ұлттық банкке Үкі­­метпен бірлесе отырып, үстіміздегі жыл­дың бірінші маусымына дейін капиталды амнистиялау туралы заң жобасын өз қарауына енгізуді тапсырды.

«Біздің мұның алдындағы қолданған әдістерімізден бір айырмашылығы, бұл акция жалпыға ортақ декларациялау­ды енгізгенге дейін әрекет етуі тиіс. Бағ­дарламаның шынайылығын, жедел­дігін, құпиялылығын және на­рық­қа сәй­кестігін қамтамасыз ету қажет», деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Қуатты кәсіпкерлікті дамыту үшін қазақстандық бизнеске жаңа экспорт­тық бағыттар қажет. Сондықтан эконо­ми­калық интеграция негізгі маңызға ие болады.

«Біз бұған саналы түрде барудамыз. Бүгінгі күні ешкім де тұйық кеңістікте өмір сүріп жатқан жоқ. Егер, Ресей ры­ногы біздің алдымыздан барлық бағыт­тар бойынша ашылатын болса, біз­дің елімізде өнім өндіру кезі келген­де 8 есе өсетін болады», деген Елба­сы қа­­лып­тасқан кәсіпкерліктің маңыз­ды бір белгісі оның өзін-өзі ретте­гіш­тік қа­сиетке ие болуы екендігін атап көрсетті.

Сондықтан Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тиісті заңды әзірлеуге белсене кірісуі керек. Мемлекет өз кезегінде өзін-өзі реттеуші ұйымдарды бақылау жасау­ды жүзеге асыра отырып, рыноктың барлық субъектілеріне бақылау жасаудан бас тартуы тиіс.

Осылай деген Елбасы 2009 жыл­ғы дағдарыс кезінде мемлекеттің эко­но­микаға қатысушылығын арттыруға мәжбүр болғандығын еске салды.

«Қазір жеке сектордан шығудың уа­қыты жетті. Жекешелендірудің екінші толқынын жүргізу ісін де осы себептен қолға алып отырмыз. Ұлттық кәсіп­керлер палатасы бұл үдеріске белсене қатыса отырып, оның ашықтығын қам­та­масыз етуге қосымша қуат беруі қа­жет. Бізге мемлекеттің рыноктық орта­да­ғы әрекеті қашан және қалай жүре­тін­дігі туралы айқын картинаның болуы маңызды», деді Елбасы.

Осы ретте алдымыздағы ЭКСПО-2017 көрмесі көптеген бизнес­мен­дер үшін үлкен мүмкіндіктердің тере­зесін ашатындығын еске салды.

«Алдын-ала бағалаулар бойынша ЭКСПО құрылысының бірінші ке­зе­гінде ғана миллион метр кабель өнімдері, жарты миллион тонна цемент, ірі көлемде арматуралар мен кірпіштер қажет етіледі. Мұның бәрін біз өзіміз шы­ғара аламыз. Сондықтан «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компа­ниясы мен Ұлттық кәсіпкерлер палата­сына көр­меге әзірлік жұмысына бизнестің бел­сен­ді қатысуы туралы арнайы бағ­дар­ла­ма әзірлеуді тапсырамын», деді Н.Назарбаев.

Қазір индустрияландыру бағдар­лама­сының екінші кезегіне әзірлік жұмыс­тары аяқталу үстінде. Осыған орай Елбасы біздің ұлттық салаларымыз­ды: мұнай-газ, тау-кен металлургия, ауыл шаруашылығы салала­рын дамыту қажеттігін, нақ осы салаларда біз­дің экономикалық артықшы­лық­тары­мыз­дың шоғырланғандығын еске салып өтті. Мақсат – бұл салаларды бәсеке­лес­тікке қабілетті және жоғары өнімді ету. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібін, ең алды­мен, мұнай өңдеу, мұнай химиясы, машина жасау, ауыл шаруашылығы, тағам өнімдерін өңдеу өнеркәсібін дамы­тудың маңызы зор. Бұл істерде дәс­түрлі салалар арқауында экономиканы әртараптандыру болып табылады.

Елбасы сонымен қатар, туризм мен қыз­­мет көрсету секторын дамыту, ғы­лым­ды қажет ететін экономика негіз­дерін қалыптастыру ісіне де мән беру қажеттігін ескертті.

Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін жоғары білікті техникалық мамандар қажет болады.

Қазіргі күні жоғары оқу орындары студенттері мен техникалық өндірістік оқуды ұйымдастыру қатынасы 50/50 болып отыр. Ал экономикасы дамыған елдерде бұл көрсеткіш – 40/60. Егер біз техникалық мамандықтардың жеткілікті санын әзірлемесек, онда индустрияландыруда табысқа жете алмаймыз. Бүкіләлемдік банктің мәліметі бойынша, 192 елдің тек 16 пайызында ғана экономикалық өсім нақты капиталмен, 20 пайызында – табиғи байлықтармен, ал 64 пайызында адами ресурстармен қамтамасыз етіледі екен.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы кәсіптік және техникалық білім беруге үздік әлемдік стандарттарды енгізу қажеттігін атап көрсетті.

«Қазіргі қолданыстағы кәсіптік-тех­никалық білім жүйесін дуалдық оқы­туға толық көшіру қажет. Қазақстанда жаңа инфрақұрылымдарды және ал­дыңғы қатарлы колледждер желісін дамыту керек. Бұл Білім және ғылым министрлігінің, бүтіндей алғанда, Үкі­меттің міндеті. Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасы бұл реформаға белсене қа­тысып, түлектердің сапасын тәуелсіз бағалау ісін бастағаны жөн», деген Қазақстан Президенті салалық ассоциациялар жанынан жұмыс берушілердің арнаулы орталықтарын, сондай-ақ ауылдық жерлердегі істерін енді бас­та­ған кәсіпкерлер үшін бизнес-мектептер құру қажеттігін айтты. Осы ретте ұмытылған жүйе – тәлімгерлік мәселесін қозғап, қалыптасқан бизнесмендердің өз істерін енді бастағандармен тәжірибе бөлісу дәстүрін енгізуге екпін түсірді. Мұ­ның өзі бизнестің әлеуметтік жауап­­кершілігінің бір түрі болып табы­латындығын айтты.

Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер па­ла­тасының барлық жүргізген жұ­мыс­­тары ендігі жерде Бүкіләлемдік банк­тің «Бизнесті жүргізу» рейтингісі аясында бағаланбақ. Осы жағдайды баса көрсеткен Мемлекет басшысы 2016 жылы осы рейтинг бойынша ал­­дың­ғы қатардағы 30 елдің ішіне ену мін­детін алға қойды. «Бізде бұл мәсе­леде екі проблемалы сала бар. Олар құрылыс пен халықаралық сау­да. Мә­селен, «Халықаралық сау­да» ин­ди­каторы бойынша біз ең соңғы орын­дардың біріндеміз. Демек, кеден­дік әкім­шіліктендірудің қазіргі қолда­ныс­тағы жүйесі түбегейлі рефор­малау­ды қажет етеді», деп атап көр­сеткен Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасына атал­ған ба­ғыт­тар бойынша қажетті қаржы­лан­дыруды қарастыра отырып, бірыңғай бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Бұл бағдарламаның бірыңғай операторы ретінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы белгіленді.

Мемлекет басшысы өз сөзін қоры­тындылай келе отандық инвесторлардың қа­лыптасып, дамуына мемлекет тарапынан барынша көмек көрсетіліп келе жатқандығын, ендігі кезек инвес­тор­лардың өзіне келгендігін, олар отан­дық экономиканы дамытуда негізгі тұт­қалардың біріне айналғандығын атап көрсете келе, қалыптасып отырған қалта­лы бизнес иелерін өз қаржыларын елі­міз­ді көркейту үшін жұмсауға ша­қырды.

Дерекнамасы: Егемен Қазақстан


Еншілес ұйымдар

Серіктестер