astana-view

ҰКП шағын және орта бизнес үшiн кепiлдiк беру қорын құруға мүдделi

2014 жылғы 12 Сәуір
2309 просмотров

ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасы шағын және орта бизнес үшiн кепiлдiк беру қорын құруға мүдделi. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында палата басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Шағын және орта бизнес көтерiп отырған үлкен мәселелердiң бiрi – қаржы ресурстарының қолжетiмдiлiгi. Сiз де бұл туралы айтып кеткен болатынсыз. Шағын несие беретін «Бизнестiң жол картасы», ҚазАгро желiсi бойынша «Сыбаға» бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Бұл бағытта қосымша жұмыстар атқарылуда. Талдау жүргiзiлді, жергiлiктi жерлерде кепiлзатқа байланысты қиындықтар туындауда. Ауылдық жерлерде жылжымайтын мүлікке қатысты мәселе бар екені түсiнiктi. Осы орайда бiз түрiк тәжiрибесiн зерттедiк. Жақында үкiметке өз ұсынымызды енгiземіз», - деді А.Мырзахметов.

Оның айтуынша, палата «Даму» қорымен, банктермен бiрлесе отырып кепiлдiк беру қорын құрмақ. 

«Өзiнiң шағын бизнесiн ашам деген азаматқа, яғни қарапайым жобаларды қолға алғысы келетін ауылдықтардың 80%-ына кепiлдiк берiледi. Бұл ретте бiздiң өңiрлiк филиалдарымыздың жұмысы қажет болады. Бiз өтiнiш берушi әрбiр азамат туралы толық ақпаратқа иеміз. Олар қаржыны қалай шығындайтынын бақылаймыз. Бұндай көмектi шаруалар, шағын бизнес сұрап отыр. Осындай қор құратын болсақ, қағазбастылықтан арыламыз. Бiз мұндай жобаны iске асыруға дайынбыз», - дедi басқарма төрағасы.

Дерекнамасы: BNews.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер