ЕЭО аясында еліміздің нормативтік-құқықтық базасы жетілдіріледі – Р.Ошақбаев
Еуразиялық экономикалық одақ аясында еліміздің нормативтік-құқықтық базасы жетілдіріледі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Еліміздің нормативтік-құқықтық базасы өзгеріп, мейлінше жетілдіріледі. Қазақстан комиссия шешіміне әсер етуге қазіргі күнмен салыстырғанда мейлінше көп мүмкіндік алады. Бүгінде комиссия алқасының кейбір шешімдері кәсіпкерлердің мүддесіне кереғар келеді. Мәселен, комбайндар импорты үшін арнайы қорғаныс бажын бекіту туралы комиссия шешімін атап өтуге болады. Яғни, бізде 5 пайыз болса, оны 30 пайызға дерлік көтерді. Ал біз жоғары технологиялық техниканың ірі импорттаушысы болып табыламыз, сондықтан бұл шешім біздің мүддемізге қайшы келеді. Тиісінше біздің үкімет бұл шешімге вето салды, қазір ол квотаға өзгертіліп жатыр», - деді Р.Ошақбаев.
Оның айтуынша, осылайша келесі жылдың бірінші қаңтарынан біз жетілдірілген нормативтік-құқықтық базаға ие болып, өкілеттігімізді кеңейтеміз.
«Сондай-ақ, Қазақстанның комиссия органдарында өкілдер санының бірдей болуы жөнінде мәселе көтеріп отырғанын атап өту керек, бұл мәселе тек министрлер деңгейінде ғана емес, сонымен қатар департамент директорлары мен олардың орынбасарлары деңгейінде де шешілуі қажет», - деп қосты ол.
Дерекнамасы: Bnews.kz
Пікір қалдыру:
Пікірлер: