БИЗНЕС ДАМИДЫ
Р.Ошақбаевтың мәлімдеуінше, Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан үшін тиімді болады. Себебі біз Ресей мен Беларусь елдерімен салыстырғанда бизнес-климат жағынан біршама озық тұрмыз.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев пен «Қайталама металлургия өнеркәсіпшілерінің республикалық одағы» қауымдастығының төрағасы Владимир Дворецкий алдағы айда дүниеге келетін Еуразиялық экономикалық одақ туралы сөз қозғады.
Р.Ошақбаевтың айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ құру шартының соңғы нұсқасы санаулы күндерден соң Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайтына орналастырылады. Еліміздің бизнес-қауымдастығы осы шартты темірқазық тұта отырып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңы арқылы Қазақстанның одақ аясындағы ұстанымын айқындауға атсалысады.
– Бүгінге дейін шарттың 5 нұсқасын жарияладық. Соңғы 2 сәуірдегі нұсқа да сайтта тұр. Алқаның қорытынды кеңесінің алдында шарттың соңғы нұсқасы жарияланады. Кәсіпкерлер мен қауымдастық өкілдері құжатты қарап, зерттеп, бізге өз ұсыныстарын бере алады, – деді Р.Ошақбаев. Сөз арасында ол 2010 жылы Кеден одағы, одан кейін бірыңғай экономикалық кеңістік құрылғанын атап көрсетіп, мамыр айында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылатынын және ол 2015 жылдың бірінші қаңтарынан бастап күшіне енетінін жеткізді.
Басқарма төрағасы орынбасарының пікірінше, Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстанның шағын және орта бизнесі жаңа қарқынға ие болады. Бұл туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі былай деді: «Біз экономикалық ықпалдастықтың белсенді жақтаушыларымыз. Оны құру барысында ҚР Үкіметіне бизнестің құқықтарын сақтауға бағытталған ұтымды тетіктерді ұсынып келеміз. Ықпалдастыққа күмән келтіруге болмайды. Оның ең басты пайдасы – біздің кәсіпкерлерге 170 миллиондық нарық ашылады. Бұл нарық біздің нарыққа қарағанда, 10 есе үлкен».
Р.Ошақбаевтың мәлімдеуінше, Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан үшін тиімді болады. Себебі біз Ресей мен Беларусь елдерімен салыстырғанда бизнес-климат жағынан біршама озық тұрмыз.
– Бізде салық деңгейі төмен және жекеменшік құқықтары қатаң сақталады. Біздің заңнама бойынша, кез келген кәсіпкерлік субъектісі Үкіметке өз ұсынысын жолдай алады. Мұндай тәжірибе Ресейде де, Беларусьте де жоқ. Қазақстан бұл елдерге қарағанда Еуразиялық экономикалық одақ аясында бәсекелестікке төтеп беріп, елге инвестициялар мен кәсіпкерлерді тарта алады. Сондықтан ықпалдастықтан түсетін экономикалық пайданы біз жоққа шығармаймыз, – деп қорытты ол осыған қатысты ойын.
Бұдан кейін Басқарма төрағасының орынбасары биылғы жылдың ІІ жартыжылдығынан бастап «Азия Авто», «СарыаркаАвтопром» және «Астана моторс» сияқты қазақстандық автоөндіруші компаниялар Ресей нарығына шығуы мүмкін деген ақпарат таратты.
– Алматы іргесінде құрастырылатын «Hyundai» автобустары туралы бірнеше рет айтқан болатынбыз. Былтыр Қазақстанда құрастырылған осындай 2,5 мың автобус, Калининградта осындай өнім шығаратын ресейлік зауыт орналасқанына қарамастан, Беларусь Республикасына жеткізілді. Себебі біздің өндірушілеріміздің бәсекеге қабілеттілігі жоғарылау болды. Енді Ресей нарығына шығу мүмкіндігі туып отыр. Осыдан 2 апта бұрын ғана біздің өнеркәсіптік құрастыру режимінің Ресейде қабылдануы туралы келісімге қол жеткізілді» деді ол.
Ал В. Дворецкий Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуына ықпал етеді деп санайды екен. Бұл туралы Одақ төрағасы: «Үдеріс оңай жүріп жатқан жоқ, дегенмен ол дұрыс бағытта келеді. Біз өз ұстанымдарымызды қорғау арқылы жағдайды ауыстырып жатырмыз. Мысалы, Кедендік кодекске келетін болсақ, біздің кодекс әлдеқайда озық. Кедендік одақ құру туралы саяси шешім қабылданған кезде де біздің кодекс одан жақсы болды. Дегенмен үдеріс аяқталған жоқ, мұнда біздің ықпалымыз өте зор.Мен біздің алдымызда үлкен мүмкіндіктер туатындығына сенемін. Біздің басты мақсат – әлемнің мейілінше дамыған 30 елінің қатарына ену. Құрылғалы отырған Экономикалық одақ бізге осы мақсатқа жетуге мол мүмкіндік береді» деді.
Дерекнамасы: Айқын
Пікір қалдыру:
Пікірлер: