Отандық кәсіпкерлерге қырын қарайтын шенеуніктерге орын болмауы тиіс
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде арнайы брифинг өткізген Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде еліміздің кәсіпкерлері белсенділік танытуы тиіс деді. Бұл туралы «Экспресс К» хабарлады.
Аталған брифингте еліміздегі даму институттарының қызметі біршама сынға алынды. Абылай Мырзахметов: «Өкінішке қарай, соңғы 3-4 жылда даму институттары кәсіпкерлікті дамыту ісінен қол үзгендей, олар тек қолдарындағы қаржыны бір жерден екінші жерге құйып, содан тапқан өсімнің арқасында күн көріп отыр», – деді.
Брифингте айтылғандай, кәсіпкерлер әлгі құрылымдардың қызметіне қоғамдық бақылау орнату керек деп есептейді. Сондай-ақ, директорлар кеңесінің құрамына тәуелсіз кәсіпкерлердің өкілін енгізу керектігі де сөз болды.
Абылай Мырзахметов жиын барысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоспарында мемлекеттік шенеуніктерді кәсіпкерлерге құрметпен қарауды үйрету ісі де бар екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол кәсіпкерлерге қырын қараған әкімшілік қызметкерлерін жұмысынан босаттырып жіберетін жағдайға дейін жетуіміз керек дегенді де тіліне тиек етті.
– Жауапкершілік жүгі ауыр Үкімет қызметкерлеріні түсінеміз… Үкімет басшысы кәсіпкерлерді жинап, үйлестіру кеңесін өткізіп отырады, ал әкімдіктерге кіріп, ондағы әкімнің орынбасарларымен сөйлесудің өзі қиын. Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігін күн тәртібіне шығарып отырған қазіргі таңда ондайларға әкімдіктен орын болмауы тиіс деп есептеймін, – деді Абылай Мырзахметов. Сондай-ақ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы отандық кәсіпкерлердің кемсітушілікке ұшырамауы үшін күш салатынын да айтып өтті.
Жиын соңында Абылай Мырзахметов «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде кәсіпкерлердің белсенділік танытатынына уәде берді.
Естеріңізге сала кетейік, таяуда Мемлекет басшысы «ЭКСПО-2017» көрмесін ұйымдастырушыларға Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп арнайы бағдарлама түзуді тапсырған-ды. Бұл бағдарламаның мақсаты – кәсіпкерлерімізді көрменің дайындық жұмыстарына тарту болмақ.
Дерекнамасы: Егемен Қазақстан
Пікір қалдыру:
Пікірлер: