Венгерлік компания Қызылордада жүгері егуді қолға алмақшы
Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының шақыруымен венгерлік «LAC Holding» холдингінің өкілі Хатвани Атилла Сыр бойына келді, деп хабарлайды облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Ботакөз Жүсіп.
«LAC Holding» холдингінің негізгі мақсаты - өңірге венгерлік жүгері сұрыбын өсіріп, оны төрт бағыт бойынша өңдеу. Тазалау кешенін салу, кептіру, жинау, сондай-ақ қажетті ауылшаруашылық техникасын әкелу мен сату және басқа да қызмет түрлерін жолға қою да жоспарда бар.
Айта кетейік, бұл компаниямен келіссөздер өткен жылдың қараша айында облысқа Венгрияның Қазақстандағы консулы Иштван Макклари келген кезде басталған болатын.
Холдинг өкілі Хатвани Атилланың сапары барысында ол облыстың ауылшаруашылығы басшыларымен кездесіп, алдағы атқарылар істің мән-жайы туралы ақылдасты. Сондай-ақ, Сырдария ауданындағы «Шаған жер», Қазалы ауданындағы «РЗА-Агро» АҚ, Жаңақорған ауданындағы «Ерлан-Н» шаруа қожалықтарында болды. Ондағы фермерлермен құрылатын венгерлік ауылшаруашылығына қызмет көрсету орталығы жайын талқылап, жер қабатынан зерттеуге топырақ алды. Кәсіпкерлер палатасы тарапынан өңірдің климаттық жағдайы мен адам ресурстары туралы мәліметтер берілді.
«Біз Қызылорда облысын жобаны іске асыруға қолайлы аймақ деп санаймыз. Бізде климаттық жағдайға бейім жүгері сұрыптары бар. Сондай-ақ жобаны іске асыратын мамандарды оқытуды жолға қоямыз», - дейді Ласло Хорват «LAC Holding» холдингінің президенті әрі Венгрияның ҚР-дағы құрметті консулы.
«Венгерлік ауылшаруашылығына қызмет көрсету орталығын құрып, оны жүзеге асыру облыстағы көшбасшы жоба болғалы тұр. Кәсіпкерлер палатасы бұл жобаға барынша қолдау көрсетеді. Ол жүзеге асқан уақытта облыста жүгері өндіру мен өңдеу ісі жаңа технологиялармен жарақтандырылып, жергілікті кадрлар жұмыспен қамтылады», - деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Д.Әбсаттаров.
Дерекнамасы: Казинформ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: