Елдегі бизнес-ахуал көп жағдайда Алматы кәсіпкерлігінің дамуына байланысты - Тимур Құлыбаев
Бүгін Алматыда ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Алматылық кәсіпкерлер бизнестің алдында тұрған күрделі мәселелер мен оларды оңтайлы шешу жолдарын талқылады. Сондай-ақ отырыста Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің аралық жұмыс нәтижесі қарастырылды.
Тимур Құлыбаев отырыста сөйлеген сөзінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері өткен аптада Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Ұлттық инвесторлар кеңесінің жұмысына атсалысқанын атап өтті. Ұлттық инвесторлар кеңесінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасына нақты тапсырмалар берді, атап айтқанда барлық мемлекеттік қызмет көрсету түрлерінің бизнес үрдістеріне жете талдау жүргізуді, Үкімет пен жергілікті билік органдарының өзара әрекеттестігінің реттемесін бекітуді тапсырды.
Аталып отырған өзара әрекеттестіктегі бірінші қадам - «Президенттің бизнесті қорғауы» вебсайтына келіп түсетін барлық хаттар мен өтініштер Ұлттық кәсіпкерлер палатасына тікелей жіберіліп отыратындығы болуда.
«Атап өтетінім, осы шешім, сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рөлін күшейтуге бағытталған, оның ішінде бизнес-омбудсмен институтын енгізуге қатысты осыған дейін қойылған міндеттер Мемлекет басшысы тарапынан Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жоғары сенімділік артылып отырғандығының куәсі. Мұндай сенімділік өз алдына біздің қызметіміздің тиімділігін арттыру жағдайларын жақсарта түседі»,- деп атап өтті Тимур Құлыбаев.
Мамандар дайындау отырыста талқыланған басты мәселенің бірі болды. Тимур Құлыбаев атап өткендей, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы түлектердің біліктілігі мен білім сапасына тәуелсіз бағалау жұмыстарын жүргізетін жұмыс берушілердің арнайы орталықтарын құруға барынша атсалысатын болады. Осыған байланысты Төралқа Төрағасы қызмет сапасы мен еліміздің өңірлеріндегі экономикалық сұраныс талабын орындау тұрғысынан барлық оқу мекемелерінің жұмысына талдау қажет екендігін ерекше назарға салды.
EXPO-2017 халықаралық көрмесіне дайындық өңірлік палаталарға жүктелген басты міндеттер қатарында болып отыр. Тимур Құлыбаев отырыста сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысының халықаралық көрменің басты нысандарының құрылысына қазақстандық бизнес өкілдерін тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырғанын атап өтті. Аталған бағыт аясында қазақстандық мазмұнды барынша арттыру мақсатында бағдарламаға қатысатын отандық компаниялардың мониторингі жүзеге асырылмақшы.
Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Иван Кравченко өз кезегінде отырысқа қатысушыларға атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы уақытқа қойылған жоспарлармен бөлісті. Өңірлік кеңес өткен жылдың қазан айында құрылған болатын. Кеңес құрамы 20 кәсіпорын басшылары мен 10 кәсіпкерлер қауымдастығының, оның ішінде 9 республикалық қауымдастық басшыларынан құралған. Осы аралықта ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Жарлығын кәсіпкерлерге түсіндіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілген.
Кеңес өңірдегі кәсіпкерлік мәселелерінің басты кезектегі 10 мәселесін анықтаған. Бұлар қала әкімдігі жанындағы Іскерлік кеңестің талқысына беріледі. Сондай-ақ Өңірлік кеңес қолданыстағы Хаттамаларға ұсыныстар мен өзгертулер дайындап, Кедендік одақ және Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелікке өту мәселелерін талқылауға белсенді атсалысуда.
Еуразиялық экономикалық одақ аясында құрылыс саласында мемлекетшілік техникалық реттеу бойынша ортақ ұстанымды әзірлеу барысында Алматы қаласының құрылыс саласының бизнес өкілдерімен кездесулер өткізіп, оның қорытындылары Ұлттық кәсіпкерлер палатасына нақты ұсыныстар ретінде жіберілді.
Иван Кравченко Кеңес қызметінде одан әрі басымдық танытып отырған міндеттер қатарында жақын арада құрылған Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің қызметін бақылау, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының съезіне дайындық, сондай-ақ Өңірлік кеңес құрамындағы компаниялардың мүшелік жарнаны 100-пайыз төлеуін қамтамасыз ету міндеттерін атады, деп хабарлады Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен.
Дерекнамасы: Казинформ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: