astana-view

ҚҰЛЫҚСЫЗ ӘКІМ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТЕ МЕ?

2014 жылғы 18 Сәуір
2545 просмотров

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасында өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті. Жиынға палатаның өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Асқар Махамбетов төрағалық етті. 

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Тельман Сүлейменов, Индустриялық-инновациалық даму басқармасы басшысының орынбасары Жолмырза Еламан, Ауыл шаруашылық басқармасы басшының орынбасары Талғат Бекішев, сонымен қатар «ҚазАгро» Ұлттық Басқару Холдингі» АҚ өңірлік институтының басшылары мен несие серіктестерінің төрағалары жиында төбе көрсетті. Айта кетерлігі, облыстық кәсіпкерлік саласының дамуына жауапты облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев кеңес отырысына ресми түрде шақырылғанымен, кеңес тағы да оның қатысуынсыз өтті.

Күн тәртібінде «Бизнестің жол картасы – 2020», «Агробизнес – 2020» кәсіп­керлерді қолдау мемлекеттік бағдар­ламаларының өткен жылы Қызылорда облысы бойынша жүзеге асырылуы және үстіміздегі жылға арналған жоспар нәтижелері, «Ауыл шаруашылық несие серіктестігі» АҚ-ның ағымдағы жұ­мыс­тары, несие алу барысындағы құжат­тар тізімінің азайтылуы және кепіл құны сияқты әкімшілік сұрақтар мәселелері талқыланды.

«Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» ҚР Заңна­масына сәйкес, Кәсіпкерлер Палатасы кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттік бағ­дар­ламасы бойынша әлеуметтік бақылау жүргізеді. Сондай-ақ, кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттік бағдарламасының жүргізілу сапасын сараптайды. Бақылау нәтижесі бойынша әрбір жобаның ағым­дағы жағдайы қаралып, проб­лемаларды анықтап, оның шешілуіне байланысты сәйкес ұсыныстар жасалады. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2020» мем­лекеттік бағдарламасының 2010-2013 жылдар аралығында жүзеге асырылуына Қызылорда облысына 5,6 млрд теңге (жалпы еліміз бойынша 4,6%), республика бойынша 119,4 млрд теңге бөлген. Бағ­дар­ламаның жүзеге асырылуына бөлінген қаражаттың 62 пайызы игеріліп, 38 пайызы, яғни 2115,55 млн теңге игерілмей қалған. 2010-2013 жылдар аралығында Қызылорда облысында 151 жоба іске асып, соның ішінде тек 24 жоба Қызы­лорда облысының аудандарында жүзеге асырылған.

– Мемлекеттік бағдарламалар шағын және орта бизнес кәсіпкерлерін қолдауға және экономиканың дамуына бағыт­талған. Сондықтан аймақтағы өз бизнесін бастағысы немесе дамытқысы келетін кәсіпкерлерге сапалы дәрежеде қолдау көрсетілуі керек және Кәсіпкерлер Па­латасы осы көмекті қажет ететін кәсіп­керлер шеңберін кеңейтуге атсалысуға дайын, – деді Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров.

Кеңес мүшелері кәсіпкерлік және ту­ризм басқармасының басшысы Тельман Сүлейменовтің берген ақпаратына, баян­дамасына қанағаттанбағандықтарын, нақты сұрақтарға жауап ала алмаған­дықтарын жеткізді. Өз кезегінде Тельман Райғаниұлы: «Мен өңірлік кәсіпкерлік кеңесінің алдында жауап беруге міндетті емеспін. Тек облыс әкімінің алдында ғана есеп беремін» деп жауап берді. Сондай-ақ кәсіпкерлердің «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына республика бойынша Қызылорда облысына ең тө­менгі деңгейде қаржы бөлінген. Осы бо­йынша біздер қандай іс-шаралар ұйым­дастыруға тиіспіз?» деген кәсіпкерлердің сұрағына Тельман Райғаниұлы «Ақша ешқашан жетпейді» деп мардымсыз жауап айтты.

Реті келіп тұрғанда айта кетейік, таяуда ғана Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төр­ағасы Абылай Мырзахметов кәсіпкер­лермен бірлесіп жұмыс істемеген, олармен диалогқа бармаған шенеуніктерді қыз­метінен алуға дейін барамыз» деген мәлім­деме жасаған болатын. Сондай-ақ Абылай Исабекұлы «Ұлттық палата сынды инсти­туттың қалай жұмыс істегенін көрсету үшін диалог ең маңыздысы. Заң бар, біз аймақтық кеңестерді құрдық. Астанада әкімнің өзі әр ай сайын барлық басқар­маларды жинап кәсіпкерлер сағатын өткізуге құлықты екендігін айтқан. Бар­лық басқарма бастықтары келіп кәсіп­керлердің сұрақтарына жауап береді. Ай­мақтық палатадағылар үшін де әкімдер­мен бірлесе қызмет жасауға шектеу жоқ» де­ген еді. Мырзахметовтің бұлай айтуына не­гіз бар. Өйткені ол сол басқосудың өзінде жергілікті әкімдердің уақыты тығызды­ғын сылтауратып кәсіпкерлермен кезде­суге келмейтініне қынжылыс білдірген. «Тоқсан сайын Премьер-министр кә­сіпкерлермен кеңес өткізеді. Сағынтаев (Бақытжан Сағынтаев, премьер-ми­нистр­дің бірінші орынбасары) ай сайын саланың мәлелелерін талқылауға уақыт табады. Үкіметтегі адамдардың жұмысы қауырт әрі жауаптырақ болса да, жағдайды түсінген олар осындай қадамға барып отыр. Ал біздің әкім орынбасарлары кәсіп­керлермен кездесуге баруға уақыт таппайды. Егер Елбасының өзі кәсіп­керлікті жаппай дамыту туралы айтып отырған болса, онда мұндай әкімнің орынбасарларына орын жоқ деп есеп­теймін» деп ағынан жарылған болатын Асқар Мырзахметов. Ал қызылордалық әкімқаралардың және осы салаға жа­уаптылардың әрекетіне не дерсіз?

Қызылордада өткен басқосу нәти­жесінде кәсіпкерлікті қолдау бағдарла­маларының іске асырылу механизмі мен құралдары жөнінде бизнес-қауымдастық пен ақпараттық таратылымы туралы әкімшілік бағдарламалар жасақталуын, соның ішінде облыс аумағында бил­бордтар мен баннерлер тарату және бағ­дарламаның іске асырылуында Кәсіп­керлер Палатасы мен Жергілікті атқарушы органдардың жұмысын күшейту мәсе­лелері айтылды.

 Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер