ҚҰЛЫҚСЫЗ ӘКІМ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТЕ МЕ?
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасында өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті. Жиынға палатаның өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Асқар Махамбетов төрағалық етті.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Тельман Сүлейменов, Индустриялық-инновациалық даму басқармасы басшысының орынбасары Жолмырза Еламан, Ауыл шаруашылық басқармасы басшының орынбасары Талғат Бекішев, сонымен қатар «ҚазАгро» Ұлттық Басқару Холдингі» АҚ өңірлік институтының басшылары мен несие серіктестерінің төрағалары жиында төбе көрсетті. Айта кетерлігі, облыстық кәсіпкерлік саласының дамуына жауапты облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев кеңес отырысына ресми түрде шақырылғанымен, кеңес тағы да оның қатысуынсыз өтті.
Күн тәртібінде «Бизнестің жол картасы – 2020», «Агробизнес – 2020» кәсіпкерлерді қолдау мемлекеттік бағдарламаларының өткен жылы Қызылорда облысы бойынша жүзеге асырылуы және үстіміздегі жылға арналған жоспар нәтижелері, «Ауыл шаруашылық несие серіктестігі» АҚ-ның ағымдағы жұмыстары, несие алу барысындағы құжаттар тізімінің азайтылуы және кепіл құны сияқты әкімшілік сұрақтар мәселелері талқыланды.
«Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» ҚР Заңнамасына сәйкес, Кәсіпкерлер Палатасы кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттік бағдарламасы бойынша әлеуметтік бақылау жүргізеді. Сондай-ақ, кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттік бағдарламасының жүргізілу сапасын сараптайды. Бақылау нәтижесі бойынша әрбір жобаның ағымдағы жағдайы қаралып, проблемаларды анықтап, оның шешілуіне байланысты сәйкес ұсыныстар жасалады. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының 2010-2013 жылдар аралығында жүзеге асырылуына Қызылорда облысына 5,6 млрд теңге (жалпы еліміз бойынша 4,6%), республика бойынша 119,4 млрд теңге бөлген. Бағдарламаның жүзеге асырылуына бөлінген қаражаттың 62 пайызы игеріліп, 38 пайызы, яғни 2115,55 млн теңге игерілмей қалған. 2010-2013 жылдар аралығында Қызылорда облысында 151 жоба іске асып, соның ішінде тек 24 жоба Қызылорда облысының аудандарында жүзеге асырылған.
– Мемлекеттік бағдарламалар шағын және орта бизнес кәсіпкерлерін қолдауға және экономиканың дамуына бағытталған. Сондықтан аймақтағы өз бизнесін бастағысы немесе дамытқысы келетін кәсіпкерлерге сапалы дәрежеде қолдау көрсетілуі керек және Кәсіпкерлер Палатасы осы көмекті қажет ететін кәсіпкерлер шеңберін кеңейтуге атсалысуға дайын, – деді Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров.
Кеңес мүшелері кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Тельман Сүлейменовтің берген ақпаратына, баяндамасына қанағаттанбағандықтарын, нақты сұрақтарға жауап ала алмағандықтарын жеткізді. Өз кезегінде Тельман Райғаниұлы: «Мен өңірлік кәсіпкерлік кеңесінің алдында жауап беруге міндетті емеспін. Тек облыс әкімінің алдында ғана есеп беремін» деп жауап берді. Сондай-ақ кәсіпкерлердің «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына республика бойынша Қызылорда облысына ең төменгі деңгейде қаржы бөлінген. Осы бойынша біздер қандай іс-шаралар ұйымдастыруға тиіспіз?» деген кәсіпкерлердің сұрағына Тельман Райғаниұлы «Ақша ешқашан жетпейді» деп мардымсыз жауап айтты.
Реті келіп тұрғанда айта кетейік, таяуда ғана Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасы Абылай Мырзахметов кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істемеген, олармен диалогқа бармаған шенеуніктерді қызметінен алуға дейін барамыз» деген мәлімдеме жасаған болатын. Сондай-ақ Абылай Исабекұлы «Ұлттық палата сынды институттың қалай жұмыс істегенін көрсету үшін диалог ең маңыздысы. Заң бар, біз аймақтық кеңестерді құрдық. Астанада әкімнің өзі әр ай сайын барлық басқармаларды жинап кәсіпкерлер сағатын өткізуге құлықты екендігін айтқан. Барлық басқарма бастықтары келіп кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап береді. Аймақтық палатадағылар үшін де әкімдермен бірлесе қызмет жасауға шектеу жоқ» деген еді. Мырзахметовтің бұлай айтуына негіз бар. Өйткені ол сол басқосудың өзінде жергілікті әкімдердің уақыты тығыздығын сылтауратып кәсіпкерлермен кездесуге келмейтініне қынжылыс білдірген. «Тоқсан сайын Премьер-министр кәсіпкерлермен кеңес өткізеді. Сағынтаев (Бақытжан Сағынтаев, премьер-министрдің бірінші орынбасары) ай сайын саланың мәлелелерін талқылауға уақыт табады. Үкіметтегі адамдардың жұмысы қауырт әрі жауаптырақ болса да, жағдайды түсінген олар осындай қадамға барып отыр. Ал біздің әкім орынбасарлары кәсіпкерлермен кездесуге баруға уақыт таппайды. Егер Елбасының өзі кәсіпкерлікті жаппай дамыту туралы айтып отырған болса, онда мұндай әкімнің орынбасарларына орын жоқ деп есептеймін» деп ағынан жарылған болатын Асқар Мырзахметов. Ал қызылордалық әкімқаралардың және осы салаға жауаптылардың әрекетіне не дерсіз?
Қызылордада өткен басқосу нәтижесінде кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының іске асырылу механизмі мен құралдары жөнінде бизнес-қауымдастық пен ақпараттық таратылымы туралы әкімшілік бағдарламалар жасақталуын, соның ішінде облыс аумағында билбордтар мен баннерлер тарату және бағдарламаның іске асырылуында Кәсіпкерлер Палатасы мен Жергілікті атқарушы органдардың жұмысын күшейту мәселелері айтылды.
Дерекнамасы: Айқын
Пікір қалдыру:
Пікірлер: