astana-view

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы ірі кәсіпорынды банкроттықтан арашалап қалмақ

2014 жылғы 18 Сәуір
3084 просмотров

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы аймақтағы ірі кәсіпорынды банкроттықтан арашалап қалмақшы, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Батыс-Мұнай» ЖШС басшылары Ақтөбе облысы бойынша салық департаменті инспекторларының үстінен бұған дейін облыстық сотқа шағымданған. Енді кәсіпкерлер палатасынан да қолдау сұрап отыр. Себебі, салықшылардың жоспардан тыс тексеру қортындысына мұнай компаниясы келіспейтіндігін айтады. 

«Салық департаментінің мамандары біздің компания дизельді отынды қолданбады деп отыр. Ал біз бұл отынды пайдаланбасақ, бұрғылау қондырғыларының мүлдем жұмыс істемейтіндігі белгілі. Инспекторлар «Батыс мұнай» компаниясын тексеру кезінде бізге тауар тасымалдайтын фирмалар тиісті тауар мен көлік тасымалына қатысты құжатты рәсімдемеді деп тиісіп отыр. Ал бұл құжатқа қатысты заңда да нақты талап жоқ және одан қалды толтыру формасы да нақтыланбаған»,-дейді компанияның бас директоры Чэнь Цзюнь.

Серіктестік өкілдері тексеру барысында көптеген заңсыздықтардың орын алғандығын айтады. Бір уақытта салық органдары тарапынан үш бірдей тексеру жүргізілген. Олардың екеуі жоспардан тыс. Ақыры инспекторлар «Батыс-Мұнай» компаниясына салықпен қоса айппұлды есептеп 700 миллион теңге төлеуге міндеттепті.

«Біздің серіктестігіміз Ақтөбе облысының аймағында 2001 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бюджетке жыл сайын 1 млрд теңге көлемінде салық төлейміз. Егер тоқырауға ұшырайтын болсақ 700-ден астам адам жеп отырған нанынан айрылады. Жүзге жуық мердігеріміздің тауар айналымы ойсырап қалады. Біз кәсіпкерлер палатасынан қолдау емес, істің әділ қаралуына ықпал етуді сұраймыз. Ірі кәсіпорынның тұралауына жол берілмеуін қалаймыз»,-дейді Чэнь Цзюнь.

Ал кәсіпкерлер палатасының сарапшылары салық инспекторларының «Батыс-Мұнай» серіктестігіне жүргізген кешенді тексерулерінің мерзімін заңға сәйкес деп бағалады. Бірақ салық органдарының тексеру қортысына байланысты келтірген дәйектерін тексеру қажет ететіндігін айтады. 

«Жоспардан тыс жүргізілген тексеру нәтижесі бойынша 579,3 млн теңге көлемінде салық төлеуге міндеттеуді заңға қайшы деп ойлаймыз. Есептеулері ҚР «Салық және бюджетке төленетін өзге салымдар» туралы кодекстің талаптарына сәйкес келмейді », - дейді кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Мирлан Бисенғалиев. 

Тараптардың келтірген дәлелдерін тыңдаған соң кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес бірауыздан мұнай компаниясы өкілдерін қолдады. Инспекторлардың салық пен айппұлды қоса есептегенде 700 млн теңге төлеуге міндеттеуін жөнсіз деп бағалап отыр.

Дерекнамасы: Bnews.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер