astana-view

«Нұр Отан» партиясының фракциясы мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес кедергілерімен бірлесе күресетін болады

2014 жылғы 22 Сәуір
2735 просмотров

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің вице-спикері, «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен фракция төралқасының кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды.

Фракция жетекшісінің айтуынша, аталған бірлескен іс-қимыл жоспарында отандық бизнестің кедергілерін жоюға қатысты басты 13 пункт белгіленіп отыр. Сондықтан да, «Нұр Отан» фракциясы мен кәсіпкерлердің ұлттық палатасы осы бағытта жұмыс істеп, Үкіметке ұсыныстар жасап, заң жобаларына бастамашылық ететін болады.

«Мемлекет басшысы ұдайы шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттілігін айтып келеді. Бизнесті қолдауға теңдессіз қадамдар жасалып та жатыр. Сондықтан да, біздің бүгінгі міндетіміз - Елбасының тапсырмасына сәйкес, нормативтік құқықтық базадағы кәсіпкерлікке кедергі келтіретін олқылықтарды жою. Азаматтардың бизнеспен айналысуына, жаңа істерді ашуға, жер телімдерін иеленуге кедергі болатын мәселелердің барлығы біздің кездесулерімізде айтылып жүр», - деді Дариға Назарбаева.

Оның айтуынша, «Нұр Отан» фракциясы Кеден одағы аясында қазақстандық бизнесті одан да тереңірек қорғау туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамаларын да қолдайтын болады. «Біздің міндетіміз Елбасының жүктеген тапсырмаларын орындау және бұған қатысты барлық құралдарды пайдалану болып табылады. Бұл ретте Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылуы аса маңызды қадам болды. Өйткені, палата бизнестің проблемаларын барынша жан-жақты білетін әрі осы саладағы басты сарапшы орган болып отыр», - дейді Д. Назарбаева.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер