astana-view

Бизнестің тағы бір түрі Ashyq арқылы жұмысын қайта бастады

2021 жылғы 22 Мамыр
12261 просмотров

Лотерея клубтарының қызметіне карантинге байланысты 1,5 жыл бойы тыйым салынып келген. Енді бизнестің бұл түрі Ashyq қосымшасы арқылы жұмысын қалпына келтіреді.

Мұндай шешім Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясовтың 2021 жылғы 22 мамырдағы қаулысында жазылған.

Құжатқа сәйкес, «қызыл» аймақта орналасқан лотерея клубтары мен лотерея билеттерін сату нүктелері бір келушіге кемінде 4 шаршы метр орын әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ете отырып жұмыс істей алады. Алайда, мекемеде бір уақытта адам саны 30-дан аспау керек. Егер «сары» аймақта болса, клубтағы келушілер саны бір уақытта 50-ден, «жасыл» аймақта 60 адамнан аспауы тиіс. Мұндай режиммен жұмыс істеу үшін негізгі шарт – Ashyq қосымшасын пайдалану.

Айта кетейік, елімізде Ashyq жобасына қатысатын бизнестің жұмыс істеуіне жеңілдіктер қарастырылған. Яғни, «қызыл» аймақтағы кәсіпкерге «сары» аймақтағы режим және талаптар қойылады.

21 мамырдағы жағдай бойынша жобаға 6,8 мың бизнес нысаны қатысады, тағы 600 кәсіпорын infoKazahstan платформасындағы өтінімдердің мақұлдауын күтуде. Ashyq жобасы енгізілгеннен бері елімізде «қызыл» мәртебесі бар 2,5 мың азамат (COVID-19 жұқтырған адамдар) және «сары» мәртебесі бар 2 мың адам (ауырған адаммен қарым-қатынас жасаған тұлғалар) анықталды.

Бүгінде Ashyq жобасына йога орталықтарын қоса алғанда, фитнес-клубтары, спа-орталықтары, сауналар, бассейндер, PlayStation клубтарын қоса алғанда, компьютерлік клубтар, боулинг клубтары, кинотеатрлар, театрлар мен филармониялар, асхана типіндегі объектілерді, стрит-фудтарды қоспағанда, қоғамдық тамақтану объектілері, жазғы алаңдар, фуд-корттар, банкет залдары, облысаралық және қалалық тұрақты емес (туристік) тасымалдар, бильярд клубтары, концерт залдары, ерікті қатысушылар, караоке, көрмелер, океанариум, марафондар, көрермендер қатысатын спорттық іс-шаралар, Нұр-Сұлтан қаласының әуежайы, Алматы қаласының әуежайы қосылды.

Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, «жасыл» аймақтағы бағдарламаға қатысушы кәсіпкерлер үшін талаптар қосымша жеңілдетілді. Мысалы, жазғы террастар шектеусіз жұмыс істей алады.

Ал 31 мамырдан бастап жобаға Шымкент және Түркістан әуежайлары, 7 маусымнан бастап Ақтау және Қостанай әуежайлары қосылады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер