astana-view

Алматы облысында коммуналдық кәсіпорындар мен әскери бөлімдер «Ashyq» жобасымен жұмыс істейді

2021 жылғы 31 Мамыр
- Жетісу облысы
3875 просмотров

Алматы облысында бірқатар коммуналдық мемлекеттік ұйымдар мен әскери бөлімдер қызметінде «Ashyq» жобасын енгізді. Мекемелер сандық жобаның ерікті қатысушылары болып табылады. Бұл туралы Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметов мәлімдеді.

QR алған мемлекеттік кәсіпорындар арасында Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КМК, Еңбекшіқазақ ауданындағы «Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімі» РММ, Іле ауданындағы «Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 3660 әскери бөлімі» РММ, «Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті» КЕАҚ.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Әсет Шаяхметовтың айтуынша, жобаға мәдениет және туризм нысандары белсенді түрде қосылуда. Қосымша бойынша Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы, Өтенай ауылының Мәдениет үйі, «Көлсай көлдері» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ және басқалары жұмыс істейді.

Жоба іске қосылған сәттен бастап өңірде 482 бизнес нысаны өз қызметінде «Ashyq» қосымшасын енгізді.

«Бүгінде «Ashyq»  жобасына қосылған 482 нысанның 411-і қатысушы болып табылады, 71 нысан сынақ режимінде қызмет атқаруда. Жобаға қатысушылардың тізімі күн сайын облыс әкімдігінің сайтында жаңартылады. Айта кету керек, жобаның ерікті қатысушыларының саны артып келеді. Олардың қатарында мемлекеттік органдар, әкімдіктер, балалар спорт мектептері, колледждер мен демалыс аймақтары бар», - деп атап өтті Алматы облысы ӨКП директоры Әсет Шаяхметов.

Мемлекеттік органдар арасында Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен Алматы облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті «Ashyq» жобасының қатысушылары болып табылады.

Алматы облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ақпараты бойынша, қосымша Талдықорған қаласында енгізілген сәттен бастап «сары» мәртебесі бар 49 адам және «қызыл» мәртебесі бар 34 адам анықталды, Панфилов ауданында бір «қызыл» және бір «сары» мәртебесі бар адам, Ескелді ауданында «сары» мәртебесі бар екі адам, Қарасай ауданында бір «қызыл» және бір «сары» мәртебесі бар адам анықталды.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысында «Ashyq» жобасы осы жылдың сәуір айында енгізіле бастады. Жоба COVID-19 таралу қаупін азайтуға және келушілер мен жұмысшыларды қорғауға мүмкіндік береді, сонымен қатар бизнеске шектеу шараларына қарамастан, тіпті локдаун жағдайында да жұмыс істеуге мүмкіндік береді. QR коды мен ПТР-дің жалпы базасымен интеграцияланудың арқасында қосымша келушінің мәртебесін анықтай алады.

«Ashyq» қосымшасын App Store және Play Market-тен жүктеуге болады. Сонымен қатар, қосымшаның функциялары Aitu платформасында және ashyq.kz сайтында қолжетімді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер