astana-view

Кәсіпкерлер палатасы мүгедек жандарды қамқорлығына алды

2014 жылғы 06 Мамыр
2811 просмотров

Ақтөбе аймағындағы кәсіпкерлер палатасы мүгедектердің мүддесін қорғауға белсене кірісті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Алғашқылардың бірі болып Мұғалжар ауданы Ембі елді-мекенінде тұратын үшінші топтағы мүгедек Қайрат Есекеновтің кәсібін өрге домалатуға жәрдем бермекші. Қазір Қайратты «Даму» қорының «Бизнес кеңесші» атты екі күндік дәрісіне тіркетіп қойған. Бұдан соң үш миллион теңгедей несиеге қол жеткізеді.

«Қайрат Есекенов бізге шағын кәсібін ашуға кеңес сұрай хабарласқан еді. Кезінде дүкен үшін ғимарат салып, кейін онысы тұралап қалыпты. Енді нысанды пластикалық терезелер шығаратын цехке айналдырғысы келіп отыр. «Даму» қоры арқылы несие алуға ықпал етеміз. Бұл оның отбасылық бизнесіне зор қолдау болады», - дейді кәсіпкерлер палатасының Мұғалжар ауданындағы филиалының басшысы Тілек Нақпаев.

22 жастағы Маргаританың да жұмысқа орналасуына кәсіпкерлер палатасы себепкер болды. Үшінші топтағы мүгедек медициналық колледждің «емдеу ісі» факултетінде білім алып, дипломмен қоса бірнеше рет біліктілігін жетілдірген. Бірақ жұмыс таба алмай талай мекеменің табалдығырын тоздырыпты. 

«Жаңадан ашылған облыстық аурухананың бас дәрігері Самат Данияровқа өтініш айттық. Ол Маргаританың түйіндемесін алып, қолынан келгенінше қолдау білдіретінін жеткізді. Самат Бағдатұлы массаж дәрісіне ақша бөліп, ауруханаға массаж жасаушы қызметіне алды», - дейді кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Әсем Қасым.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер