astana-view

Дәрі-дәрмекті таңбалау: «Атамекен» таңбалау туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауаптарды жариялады

2021 жылғы 30 Маусым
5850 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Қазақтелеком» АҚ  бірлесіп, кәсіпкерлерді дәрі-дәрмекті таңбалауға қатысты толғандыратын сұрақтарға жауап дайындады.

Мобильді қосымша арқылы дәрі-дәрмек құралдарын таңбалаудың сәйкестендіру кодынан қандай мәліметтерді білуге болады?

Мобильді қосымшаны қолдану кезінде өндіруші, өндіру және тексеру күні, код статусы,  халықаралық патенттелмеген атау (ХПА), сауда атауы, дозалау, қаптамалар саны, GTIN және басқа да деректер шығады. Әзірлеуші тұрақты емес деректер: жарамдылық мерзімі, сериясы, шекті бағаның (ҚР Денсаулық министрлігінің келісімімен) көрсетілуі бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

  GTIN деген не?
GS1 Тауарлардың бірыңғай халықаралық базасындағы тауар өнімінің жаһандық нөмірі

Бірыңғай оператор келешекте техникалық қолдау көрсете ме? Бұл қызмет түрі ақылы бола ма?

Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесінде (МТБЖ) тіркелгеннен кейін қатысушы өзінің ақпараттық жүйелері мен жабдықтарының МТБЖ-мен ақпараттық өзара іс-қимыл жасау үшін тестілеуге дайындығы туралы хабарлайды. Бірыңғай оператор ақпараттық өзара іс-қимылды тестілеуді ұйымдастырады. Барлық техникалық мәселелер бойынша МТЖБ-мен жұмыс барысында Оператор тарапынан техникалық қолдау қызметі mark@ismet.kz жұмыс істейді. Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесімен ақпараттық өзара іс-қимылды техникалық қолдау жөніндегі қызмет тегін негізде жүргізіледі.

Штрих-кодтарды оқитын жабдықты ауыстыру қажет етіле ме?

DataMatrix кодтарымен жұмыс істеу үшін 2D DataMatrix кодтарын оқитын, сонымен қатар бір өлшемді кодтарды оқитын құрылғылардың болуы қажет.

Есеп жүйесі (1С), веб-кассамен интеграцияланғаннан кейін бірнеше жүйеде есеп жүргізу қажет пе?

Ақпараттық жүйелерді (1С) тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесімен толық интеграциялау кезінде бірнеше жүйелерде есепке алуды жүргізудің қажеті болмайды.

Қаптамадағы кеңістіктің шектеулі болуына және қаптамадағы екі тілде мәлімет жазу бойынша талаптарға байланысты – кодты қаптаманың бүйіріне ауыстыруға бола ма?  

Болады. Ақпараттың бүкіл ауқымын орналастыру мүмкін болмаған жағдайда (шектеулі орын) серия (партия) нөмірі, дәрігілік заттың жарамдылық мерзімі жайында мәліметті ыңғайлы орынға орналастыруға рұқсат.

 Қаптамашының зауыты өзгерген кезде GTIN өзгере ме?

Тауарға GTIN нөмірі GS1 жүйесінде бір рет беріледі және ары қарай тауар сипаттамасы өзгермесе ауыспайды.  

 Шетелдік өндірушінің GTIN нөмірін GS1 Қазақстанда тіркеу қажет пе?

Егер тауар GS1-де тіркелген болса, онда оны GS1 Қазақстанда тіркеу талап етілмейді.

Ресейлік криптокод пен Қазақстан үшін тексеру коды арасындағы техникалық айырмашылық неде?

Ресей Федерациясындағы тексеру кодының (криптокодтың) және Қазақстандағы тексеру кодының сипаттамасы ұқсас келеді.

 Дәрілік препараттардың қозғалысын мониторингілеудің ресейлік ақпараттық жүйесімен ақпарат алмасу жүзеге аса ма (егер препарат ЕАЭО рәсімі бойынша тіркелген болса)?

Қазіргі уақытта дәрілік заттар бойынша кодтарды өзара тану туралы ЕЭК шешімі жоқ.

Өндірушілерді тіркеу тәртібі қандай? Бақылау жүйесінде жұмыс туралы нұсқаулық бар ма? Танысу және талдау үшін тестілік қолжетімділікті қалай алуға болады?  

Қазіргі таңда Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесі пайдаланушысына оператордың сайтындағы тауарлардың Ұлттық каталогында жұмыс істеу бойынша нұсқаулықтар ұсынылды, сондай-ақ жұмыс топтары мен салалық қауымдастықтарға таратылды. Қаласаңыз, осы жүйеде тіркелгеннен кейін тестілеуден өтуге болады.

 Медициналық нысандағы заттарға міндетті таңбалау енгізіле ме?

 Қазіргі таңда бұл мәселе талқыға салынған жоқ.

 Бірыңғай операторға қандай есептер жіберіледі?

 Кодтарға тапсырыс беруді жүзеге асырған айналымның тіркелген қатысушысы кодтарды қаптамаға салғаннан кейін тауарларды қадағалау мен таңбалаудың ақпараттық жүйесіне түсіру туралы есепті, агрегаттау туралы есепті (болған кезде), жарамсыздығы туралы есепті (болған кезде) жібереді.

Жылу әсеріне төзімді емес тауарлардың қаптамаларын таңбалау қалай жүзеге асырылады?

Дәрілердің мұндай санаттары көп жағдайда өндірістік алаңдарда таңбаланады. Төтенше жағдайларда, егер өндірісте таңбалау мүмкін болмаса, кейбір елдердің (Түркия, Ресей Федерациясы) тәжірибесі бойынша таңбалау қажетті температурасы бар бөлмеде жүргізіледі. Нарықта төмен температурада жұмыс істей алатын жабдық бар (Hitachi, Forintek және т.б.).

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер