«ӨМІР ЖОЛЫ» – КӨМЕКШІ ҚАРИЯҒА
Астана мен Алматыда тұратын 150 соғыс ардагері төтенше жағдай болғанда дабыл қағатын электронды құрылғымен қамтамасыз етілетін болды. Бұл туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған баспасөз мәслихатында айтылды.
Жиынға Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев және «Өмір жолы» жобасының өкілі Ілияс Омаров қатысып, журналистердің сұрағына жауап берді.
«Өмір жолы» атты әлеуметтік жоба аясында пайда болған GPS-навигаторлары Жеңіс күні мерекесі қарсаңында ардагерлерімізге тосын сый болып отыр. Бұл – кәрілік жеңіп, күш-қуаты азайған қартаң адамдарға таптырмас көмекші құрылғы. Егер қария жалғыз қалғанда немесе көшеде келе жатып кенет сырқаттанып, өміріне қандай да бір қауіп төнсе, осы құрылғыдағы «SOS» белгісі бар жедел шақыру түймешесін басса болғаны, дабыл нүктесі бірден бірыңғай көмек орталығының ақпараттық базасына келіп түседі. «Қондырғыдағы түймешені басқан кезде сол адамның қайда тұратыны, жасы қаншада екендігі, қандай сырқатпен ауыратыны, тіпті жақын туыстарының телефон нөмірі мониторға шыға келеді.
Операторлар бірден шақыру жолдаған адаммен тілдесуге тырысады. Құрылғы дауыс күшейткішімен қамтамасыз етілген. Жауап алу барысында түймешенің байқаусызда басылып кетпегені анықталады. Ал егер шынымен де қондырғы иесінің өміріне қауіп төнген болса, онда жедел жәрдемге, полицияға, басқа да органдарға немесе туған-туысқандарына хабар беріледі. Осылайша, қарттарға дер кезінде көмек көрсетілетін болады» дейді Ілияс Омаров.
Құрылғының негізгі аппараты ардагердің үйіндегі телефонға немесе қалтафонға орнатылады. «SOS» деген белгісі бар екінші бөлігі білезік ретінде қолға немесе алқа іспетті мойынға тағылады. Яғни адам қайда жүрсе де, өзімен бірге алып жүруге ыңғайлы.
Мұндай инновациялық құрылғы Америкада және Еуропа елдерінде 30 жылдан бері қолданылып келеді екен. Ресейде осыдан екі жыл бұрын іске қосылған. Ал елімізде өткен жылдан бері қолға алына бастаған. Былтыр өткізілген «Atameken Start-up» байқауында осы «Өмір жолы» жобасы үздік деп танылған екен. Енді міне, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ретінде еліміздегі соғыс ардагерлеріне құрылғыны тегін тарата бастады.
ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың айтуынша, бизнес қауымдастық Ұлы жеңістің 70 жылдығына дейін соғыс ардагерлерін түгел осы құрылғымен қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Дерекнамасы: Астана ақшамы
Пікір қалдыру:
Пікірлер: