astana-view

Көмекші құрылғылар тарту етілді

2014 жылғы 08 Мамыр
2492 просмотров

Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолға алған «Өмір жолы» жобасының арқа­­сында 150 ардагерге шұғыл жағдайда көмек шақыруға арналған құрылғылар тарту етілді.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрыл­ғыны таныстыру мақсатында арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Оған басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, «Өмір жолы» жобасының өкілі Ілияс Омаров қатысты.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бас­қарма төрағасының орынбасары Н.Әлтаевтың айтуынша, палата  биыл бұл құрыл­ғыны Астанада 100 және Алматы қаласында тұратын 50 ардагерге тегін орнатты. Сондай-ақ, бір жылғы қызмет ақысын өтеді. Бизнес-қауымдастық Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай еліміздегі соғыс ардагерлерін аталған құрылғымен түгел қамтуды көздеп отыр. Сонымен қатар, бұл жобаны халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі өңірлік бағдарламалары арқылы қар­жыландыру ұсынылуда. Атап айтсақ, АҚШ, Еуропа елдерінде «SOS» тетігін қолданатын азаматтардың 55 пайызына құрылғы мемлекет қаржысы есебінен орнатылады екен.

«Өмір жолы» әлеуметтік-коммер­циялық жобасы соғыс ардагерлері, егде азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі, көмекке аса зәру жандарды қолдау мақсатында құрылған болатын. Ал осы жоба негізінде қолға алынып отырған қондырғылар адамдарға жедел көмек шақыртуға өте қолайлы құрал болып отыр. Арнайы тетікті басу арқылы азаматтар тәулік бойы жұмыс істейтін бірыңғай көмек орталығының қызметіне жүгіне алады. Әлемнің дамыған елдерінде мұндай қызмет 30 жылдан бері көмекке зәру азаматтарға тиімді жұмыс істеп тұр. Өткен жылы «Өмір жолы» «Atameken Start-up» бай­қауында үздік жоба атанған болатын.

Дерекнамасы: Егемен Қазақстан


Еншілес ұйымдар

Серіктестер