astana-view

«Атамекен» кәсіпкерлерге демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсат беруді сұрады

2021 жылғы 11 Тамыз
4441 просмотров

Бүгінгі Үкімет отырысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов Ashyq жобасындағы адал қатысушылардың жұмыс кестесін ұзарту үшін бірқатар ұсыныс айтты.

«Бүгінгі таңда қосымшаны 4 млн-нан астам қолданушы пайдаланады. 12 сәуірден бері өзін-өзі оқшаулау режимін бұзған 46 мың адам анықталды, олардың 29 мыңнан астамы «қызыл» және 16 мыңы «сары» түсте. Өз мәртебесін онлайн режимде тексеру үшін тестілік QR жұмыс істейді, ол арқылы тәулігіне 400 мыңдай адам тексеріледі, негізінде оның 1,5-2%-ы оң нәтижелі ПТР-тест көрсетіп отыр. Бұл өз кезегінде эпидемияның таралуына жол бермейді», – деді басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

Нариман Әбілшайықов  шілде айының басынан бастап, сауда орталықтары және базарлар еріктілер ретінде жобаға кіріп, кейіннен жобаның толыққанды қатысушысына айналғанын атап өтті. 200 мыңға жуық сауда субъектінің қосылуы арқылы жобаның ауқымы ұлғайды және «карантинді бұзушыларды» анықтау 10 есеге өсті.

Ал  осы жылдың 29 шілдесінен бастап жобаға қосылатындар үшін QR кодты алу тәртібі жеңілдетіліп, процестер автоматтандырылды. Нәтижесінде, мерзімі 9 күннен 10 минутқа дейін қысқартылды. Бұрын 3 ай ішінде жобаға аптасына 1000-ға жуық субъект қосылса, қазір олардың саны 100 мыңға дейін өсті. Осылайша, 2 апта ішінде бұл 5 есе артты.

«Жобаға қосылуда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды және Атырау облыстары белсенділік танытып отыр. Бірінші кезекте бұл өңірлердің «қоңыр-қызыл» аймаққа кіруіне байланысты, «Ashyq» жобасына қатысу олардың жұмыс жасауына  мүмкіндік береді», – деді ол.

Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, өткен екі аптаның нәтижесі бойынша чекиндердің «нөлдік» саны бар аутсайдерлер саны 3,8 мың бизнес субъектілерін құрап, «-20» чекиндері бар аутсайдерлер саны 6,2 мыңға жеткен.

«Бұлар QR алғанымен, келушілерді тіркемегендер. ВАК шешімімен «Ashyq» жобасының талаптарына бағынбаған субъектілер мониторинг топтардың тексеруінсіз-ақ жобадан шығарылады.  Осылайша, 10 мыңнан аса бизнес субъекті жобадан уақытша алынып тасталады. Бұл талап кәсіпкерлер жобаға қайта кірген кезде келушілерді шынайы түрде тіркеуге бағыттайды», – деді ол.

Сонымен қатар, Ұлттық палата өкілі Үкімет қолдауын қажет ететін бірқатар мәселеге тоқталды.

«Біріншіден, жобаның адал қатысушыларын ынталандыру мақсатында оларға демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсат етуді сұраймыз, «қоңыр-қызыл» аймақта бастапқыда сенбі күні сағат 22.00-ге дейін, ал «Ashyq» «жобасының көшбасшыларына» сағат 24.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етуді ұсынамыз.

Екіншіден, 10 тамыздан бастап қызметкерлерді міндетті түрде бірінші компонентпен егу күшіне енді. Осы орайда,  нақты тексеру алгоритмі бекітілмеген мониторинг топтар субъектілерді қалай тексеретіні де түсініксіз.

Үшіншіден, өңірлерде орын алған түрлі жағдайға байланысты «Ashyq» жобасы бойынша Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің бірыңғай қаулысын орнатуды ұсынамыз. Бұған дейін бұл ұсыныс ескерілген болатын, бірақ «қызыл» аймақ енбей қалып отыр. Осы талапты «қызыл» аймақтағы өңірлерге таратуды сұраймыз. Өйткені, қазір өңірлердің басым бөлігі «қызыл» аймаққа еніп отыр», – деп түйіндеді сөзін Нариман Әбілшайықов.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер