astana-view

Утилизациялық алым көлік паркінің жаңаруына кедергі

2021 жылғы 13 Тамыз
6650 просмотров

Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін бір ай өткен соң кәсіпкерлер «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында мемлекеттік органдардың өкілдерімен халықаралық жүк тасымалын дамыту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру бойынша ұсыныстарды талқылады.

 Қолдау шараларының болмауы және еуропалық моделде көліктерді жаңарту және толықтыру бойынша шектеулер салдарынан отандық көлік компаниялары 2017 жылдан бері жүк тасымалы нарығын жоғалтып келеді. Факторлардың бірі – утилизациялық алым және бастапқы тіркеу үшін алым 1,6-дан 6,9 млн теңгеге дейін соманы құрайды.

 «Шетелдік компанияларға тиісті бәсекелестікті қамтамасыз ету үішн бізге жүк көлігі паркін жыл сайын 1 мың бірлікке дейін жаңартып отыру керек. Алайда Қазақстанда 2016 жылдан бастап халықаралық авто тасымалдаушылар паркті небәрі 800 бірлікке ғана жаңарта алған», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Талғат Темірханов.

 Қазақстанда халықаралық жүк тасымалдарына 7,5 мыңға жуық көлік тартылған, Ресейде – 34 мың, Беларусьте – 35 мың, Өзбекстанда – 8 мың және т.б. Беларусь пен Өзбекстанда утилизациялық алымды төлеуден босату бойынша жеңілдіктер қарастырылған.

 2021 жылдан бастап автокөлік секторына қосымша тәуекелдер туындап отыр. Қазақстан ЕАЭО туралы шартқа сәйкес каботаждық тасымалдар үшін шектеулерді алып тастайды.

 Бизнес өкілдерінің пікірінше, тасымалдау саласының дамуы үшін кешенді жұмыс керек: жеңілдетілген лизинг, бастапқы тіркеуді алып тастау, утилизациялық алым мөлшерін ең кемі 5 жылға төмендету.

 «Азгард Моторс» ЖШС директоры Магомед Яндиев өз паркін 50 бірліктен 200 бірлікке дейін кеңейтуге дайын, алайда мұны қазіргі жағдайда іске асыру қиын.

 «Күзде менің компаниям жаңа машиналарды сатып алады, утилизациялық алым үшін мен 30 млн теңге төлеуім керек, ал алымның ставкасы төмендеп, ынталандыру шаралары қолға алынса, осы қаражатқа тағы екі машина сатып алар едім», – жеп түсіндірді кәсіпкер.

 Тасымалдаушылар жергілікті өндірістің дамуына қарсы емес. Алайда «А.Т. logistiks» ЖШС директорының орынбасары Павел Телицын  авто өндірушілер өз бизнесіне деген көзқарасты қайта қарауы тиіс деп санайды.

 «Тасымалдаушы қандай көлік – отандық немесе шетелдік маркада ала ма, өзі таңдауы тиіс. Талдау жүргізіп, тасымалдаушылар пікірін жинау керек, содан кейін барып, өндіріс құрылуы тиіс. Неліктен сіздер біз халықаралық тасымалдауда мүлде қолданбайтын маркаларды бізге сатуға тырысасыздар?», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ утилизациялық алым көлік түрі бойынша бөлуге қатысты мәселе бастамаланды.

«Бізде самосвалдар, тартқыштар мен фургондар бір санатқа жатқызылған. Нақты градация керек, өйткені тасымалдау тек ершікті тартқыштарда ғана емес, Қазақстанда шығарылмайтын «тандем» түріндегі автомобильдерде де жүзеге асырылады, бірақ оларда утилизациялық  алым 5,9 млн теңгені құрайды», – деді «Alem Trans Group» ЖШС директоры Владимир Степченко.

 «Атамекен» утилизациялық алымды төмендетуге қатысты мәселені төрт жыл бойы көтеріп келеді.

 «Біз өз позициямызды өзгерткеніміз жоқ, әрі бизнесті ынтландыруды, соның ішінде утилизациялық алым және бастапқы тіркеу алымының ставкасын қайта қарауды қолдаймыз», – деп атап өтті ҚР ИИДМ Көлік комитеті төрағасының орынбасары Данияр Қоспабаев.

Сонымен қатар, ҚР ИИДМ-де қайшы позиция айтылды. Индустриялық даму комитеті машина жасау басқармасының басшысы Әсел Қодарованың айтуынша, утилизациялық алымды алып тастау нәтиже бермейді.

 «Біз утилизациялық алымды алып тастау және ставкасын төмендетуді құптамаймыз. Осыған дейін мөлшерлемені 30 пайызға 2,3 млн теңгеден 1,6 млн теңгеге дейін төмендету іске асырылды. Алайда аталған шаралар нәтижесінде тасымалдаушылар паркін жаңартқан жоқ. Біз жаңа техниканы ауыл шаруашылығына ұқсас құн сомасынан 25%-ға дейін субсидиялау нұсқаларын қарастыруды ұсындық. Балама нұсқаларды іздеу керек», – деді Әсел Қодарова.

 ҚР ИИДМ-ның нақты позициясын ведомство басшылығы қабылдайды, деп түсіндірді министрлік өкілдері.

 Отандық автопромды қолдап, өзінің позициясын Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева білдірді.

 «Негізінде паркті жаңарту – тасымалдаушылар проблемасының бір бөлігі, біз отандық тасымалдаушылар нарығын қорғауға, бәсекелестікті жоғарылатуға назар аударуды ұсынамыз. Біз бірлесіп, қолдау шараларын анықтап, оларды уәкілетті органға таныстыруға дайынбыз», – деп атап өтті Анар Мақашева.

 Жиынды қорытындылай келе, Талғат Темірханов мемлекеттік органдар мен бизнестің позициялары айқын және жақын арада Үкімет жанындағы отандық тасымалдаушыларды дамыту және қолдау шараларын әзірлеу бойынша алаң ұйымдастыру мәселесі пысықталатынын атап өтті.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер