astana-view

Демалыс, сыйақы: Қарағанды облысында вакцина салдырғандарға жеңілдік көп

2021 жылғы 24 Тамыз
- Қарағанды облысы
3655 просмотров

Қарағанды облысы Абай қаласының кәсіпкерлері вакцина салдырған клиенттерге арнап акция ұйымдастырды. Әлеуметтік желілерде #Абайздоровыхлюдей хэштегімен вакцина салдырған азаматтарға сыйлықтар, тосынсый және жеңілдіктер қарастырылғаны жайында ақпарат тарады.

 Қаладағы дөнер және кондитерлік орталықтар өнімін 10 пайыз жеңілдікпен ұсынды. Ірі сауда үйлері мен киім дүкендері COVID-19-ға қарсы вакцина салдырған баршаға парфюм және косметика түрінде сыйлықтар таратты. Сондай-ақ, жекелеген бизнес және өндіріс нысандарының қызметкерлеріне вакцинадан кейін демалыс күні беріліп, 10 мың теңге көлемінде сыйақы бөлінді. Ал Абай қаласының кәсіпкері Леонид Стрельцов облыстың вакцина салдырған тұрғындарына Топар кентінің демалыс аймағы аумағында 20% жеңілдікпен демалуды ұсынады. Демалыс аймағы Топар су қоймасының оң жағалауындағы табиғаты көркем жерде орналасқан. Стрельцовтар әулеті үшін демалыс кешені – отбасылық бизнес, олар осы салада алты жыл бойы жұмыс істеп келеді.

«Бүгінде вакциналау – ең алдымен, қажеттілік, отбасыңыздың амандығының кепілі, қауіпсіздік. Вакциналау бізге жұмыс істеу, демалуға мүмкіндік береді. Жаз мезгілінде демалыс аймағына көп адам келеді. Сондықтан пандемия кезеңінде ұжымдық иммунитет қалыптастыру аса маңызды. Абай – дені сау, вакцина салдырған адамдардың шаһары», – деп атап өтті Топар демалыс аймағының иесі Леонид Стрельцов.

Ал Осакаровка ауылындағы «Октябрь» супермаркетінде вакцина салдырған клиенттерге тәтті сыйлықтар таратылды. Дүкен иесі – кәсіпкер, Қарағанды облысы Өңірлік кеңесінің мүшесі Сергей Естифеевтің айтуынша, вакцина салдырған азаматтарды көтермелеу идеясы бұрыннан бар.

 

«Пандемия тез әрекет етіп, супермаркет ашуға итермеледі.   Осакаровка ауылында дүкендер көп, бірақ тауар қымбат. Біз тауарларға барынша қолайлы баға белгілеуге тырыстық. Супермаркетті аша салып, азық-түлікке бағалардың төмендегені туралы хабарладық. Бүгінде қолында вакцина паспорты бар тұрғындарға арнайы сыйлық таратамыз», – деді кәсіпкер Сергей Естифеев.

Бұдан бөлек, вакциналау кампаниясын дүкен қызметкерлері де қолдап кетті. Супермаркеттің персоналы 100 пайызға вакцина салдырды. Дүкен иесі мұндай бастаманы құптап, көтермелейді. Әр қызметкер вакцина салдырған соң 10 мың теңге көлемінде сыйақы алады. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, аудандағы кәсіпкер аз қамтылған отбасылар мен зейнеткерлерді қолдауға бойынша барын салады. Оларға үнемі нан-тоқаш мен азық-түлік себеттері беріледі. Сонымен қатар, кәсіпкер жыл сайын «Мектепке жол» акциясына қатысып, мұқтаж отбасылардың балаларын мектепке дайындауға көмектеседі.

 

Осакаровка ауданында «Сәтбаев атындағы канал» өнеркәсіп кәсіпорны да вакциналау кампаниясына белсенді қатысып жатыр. Ұжымда 600-ден аса адам жұмыс істейді. Вакцина салдырған қызметкерлерге компания есебінен екі күндік демалыс қарастырылған.

«Вакцина науқаны басталғалы бері бірнеше ай өтті, оған қатысты сұрақтар азайды. Бүгінде бизнес қызметкерлердің вакцина салдыруы – отбасылардың амандығы, клиенттердің қауіпсіздігі, пандемия жағдайында жұмыс істеу мүмкіндігі екенін түсінді. Қарағанды облысында коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 462 587 адам, екіншісін 358 744 адам салдырған», – деп атап өтті Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.

 Қарағанды облысының инфекция стационарларында COVID-19 диагнозымен 2445 науқас емделіп жатыр, соның ішінде 140 азамат жан сақтау бөлімінде. Дәрігерлердің айтуынша, 29 қарағандылық орташа ауырлық жағдайында, олар өкпені жасанды жолмен желдету аппаратына қосылған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер