astana-view

42 млн теңгеге қатысты мәселе шешімін тапты

2021 жылғы 22 Желтоқсан
5258 просмотров

ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  кеңесі бір тәулік ішінде Алматы облысындағы жекеменшік балабақшалар алдындағы қарызын толық өтеуге қол жеткізді.

«Академия детства» жеке балабақшасы» ЖШС Бас директоры Анастасия Трофимова «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменовтің атына хат жолдады. Онда Қапшағай қаласы білім бөлімінің жеке меншік балабақшалар алдындағы жиынтық берешегінің толық өтелгені туралы хабарланып, мәселені шешуге жәрдемдескені үшін алғыс айтылған.

 Еске салсақ, 2021 жылғы 21 желтоқсанда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысы өтті. Кеңес барысында қаралған мәселенің бірі –  мектепке дейінгі білім берудің алты ұйымы қаржыландырудың мәселесін шешіп беруді сұрады.

 Алматы облысының жеке балабақшалары көмек сұрады. Алматы облысы кәсіпкерлер палатасына «Малыш» балабақшасы» жеке кәсіпкерлігі, «Академия детства» жеке балабақшасы» ЖШС, «Болашақ» ЖШС, «Дидар-1979» ЖШС, «Еркетай» балабақшасы» ЖШС, «Нартай-2012» ЖШС, «Көркемай» балабақшасы» ЖШС көмекке жүгінген. Осы мектепке дейінгі білім беру ұйымдары Қапшағай қаласы әкімдігінің білім бөлімі тарапынан мектепке дейінгі білім беру қызметтеріне қаржыландырудың жүйелі түрде кешіктіруі мәселесін шешіп беруді сұрады.

 «Берешектің туындау себептеріне жүргізілген талдау жергілікті атқарушы органдардың мектепке дейінгі білім беруде мемлекеттік қызмет көрсетуге бюджетте көзделген қаражатты бір ғана қызмет жеткізушімен бірнеше шарт жасау немесе кейіннен қосымша шарттар жасай отырып, қаражатты негізсіз бөліп төлеу практикасы қалыптасқанын көрсетті», – деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов.

 «Академия детства» жеке балабақшасы» ЖШС Бас директоры Анастасия Трофимованың ақпараты бойныша, Қапшағай қаласының әкімдігінде мектепке дейінгі білім беруді мынадай қаржыландыру схемасы енгізілген. Мысалы, байқау өткен және мектепке дейінгі тәрбие беруге мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын мектепке дейінгі ұйымдардың тізбесіне енгізілген 100 балаға арналған балабақша күнтізбелік жылға көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт 45 млн 32 мың 400 теңге сомасына жасалуы тиіс (Алматы облысында 2021 жылға бір баланы күтіп-бағу үшін сома 37527 теңге х 12 ай =45 032 400 теңгені құрайды).

 Іс жүзінде жеткізушімен мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшарт сол 12 айды құрайтын кезеңге, бірақ айтарлықтай аз сомаға жасалады. Әрі қарай бұл сома қосымша келісімшарттар жасау арқылы өседі. Нәтижесінде  жеткізуші орындалған қызмет үшін төлемдерді кешіктіріп алады және толық қаржыландырылмаған жағдайда тәуекелдерге ұшырайды. Бұл ретте, егер әкімдіктің білім бөлімі қосымша келісім жасамаса, «жеткізуші» онымен толық есеп жүргізбегенін сотта дәлелдей алмайды, өйткені келісімшартта көрсетілген сома күнтізбелік жыл бойы толық пайдаланылған.

«Бұл практика заңға негізделмеген әрі сыбайлас жемқорлық қатерін тудырады. Өйткені жеткізуші шарттарды ұзарту немесе бұрын қол қойылған шарттарға қосымша келісімдер жасасу құқығына ие өкілетті тұлғалардың әрекетіне толығымен тәуелді болады», – деді Кеңес төрағасы.

Соның нәтижесінде Қапшағай қаласы әкімдігі білім беру басқармасының 2021 жылғы қарашадағы берешегі 2-ден 15 млн теңгеге дейін жеткен. Балабақшалардың көрсеткен қызметі үшін сомаларды бөлшектеу жеке балабақшаларына ғана қолданылады. Ал әкімдік мемлекеттік балабақшалармен балабақшаның жобалық қуаттылығы және бюджетте қарастырылған қаражатқа сәйкес бір жылға толық сомаға бірыңғай келісімшарт жасайды.

 «Қапшағай қаласы әкімдігінің білім бөлімі мектепке дейінгі тәрбие бойынша көрсетілетін қызметтерді қаржыландыруға қатысты қалыптастырған негізсіз практикасы кәсіпкерлердің құқығын бұзады және өңірдің кәсіпкерлік қызметінің дамуына кері әсер етеді», — деп қорытындылады Қайырбек Сүлейменов.

Кеңес отырысында Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевқа Қапшағай қаласы әкімдігінің 2021 жылғы қараша үшін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына берешекті толық төлеу үшін қаражат іздестіру мәселесін қарауды ұсынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметі бойынша мектепке дейінгі білім беру жүйесі отандық білім беру жүйесінде жемқорлық белең алған сала ретінде белгіленген.

Білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың 50%-дан астамы мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру кезінде жасалады. Олар негізінен қаражат ұрлау, қызметті асыра пайдалану, парақорлық және қызметтік жалғандықпен байланысты болып келеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер