astana-view

Туристік нарық туристерді тарту үшін отандық мұражайларды дамытуға көмектеседі

2022 жылғы 11 Ақпан
4891 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында туристік сала кәсіпкерлері салалық мемлекеттік органдармен бірге мұражайларды жаңғырту мәселелерін талқылады.

 «Бүгінгі таңда мұражайлардың деңгейін туристік нарықтың қазіргі қажеттілігіне, әсіресе елдің мәдениетімен танысқысы келетін жас туристің қызығушылықтарына бейімдеу қажет. Сондай-ақ, қазіргі кезде мұражайларды жаңғырту және мұражайларға барушылар санын арттыру мәселесі өзекті болып қала береді. Орта есеппен алғанда, пандемияға дейінгі кезеңде 250 мұражайа күніне 74 адам барған. Бұл нашар статистика», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Туристік сала комитетінің төрайымы Юлия Якупбаева.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Арғынбеков ведомствода мұражайлар жұмысының тиімділігін арттыруды жоспарлап отырғанын айтты.

«Біз туристерді мұражайларға тартуға мүдде танытып отырмыз, осыған сәйкес бірқатар шара қабылданып жатыр. Мұражай қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру мәселесі пысықталуда. Креативті экономика тұжырымдамасы аясында мұражайларда қызықты өнімдерді енгізу міндеті қойылды. Қызметкерлерді ынталандыру үшін біз жүлде қоры қомақты байқаулар өткіземіз. Өкінішке қарай, Министрлік тарапынан көптеген іс-шара қаржыланбай қалады, біз қаражат тарту бойынша жұмыс істеп жатырмыз», – деп атап өтті спикер.

 Оның айтуынша, мұражайға кіру билеттерінің құнын жоғарылату мәселесі көтеріліп отыр. Өйткені 200-300 теңге көлеміндегі баға нарық талаптарына сай келмейді.

Жиын барысында «Қалалық туризм орталығы» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Верницкая қалалық туризмді дамытуды зерттеу аясында анықталған проблемалық мәселелер туралы айтты.

 «Қазіргі кезде бізде тақырыптық мұражайлар, нақты ғылымдар мұражайлары жеткіліксіз. Көп жағдайда музейлер туроператорлардың тапсырысы бойынша тақырыптық экскурсияларды дайындамайды. Осындай жұмыс мұражайларға келушілер санын арттырар еді. Демалыс жағын пысықтау керек, кафелер жұмысын жолға қойып, іс-шараларды заманауи балаларға бейімдеу керек. Мұражайлардың коммерциялық жағын дамыту өзекті мәселе», – деді кәсіпкер.

 Өз кезегінде Қолөнер шеберлері одағының жетекшісі Айжан Бекқұлова мұражайлар қолөнер шеберлерін шеберлік сабақтарын өткізу, кәдесый өнімдерін жасау және тақырыптық шараларды өткізуге тарта алар еді деген пікір айтты.

 Бизнес-қоғамдастық өкілдерінің бастамаларына қарамастан, бүгінде мұражайлардың коммерциялық қызметін дамытуда әкімшілік кедергілер бар.

«Қазіргі кезде «Мәдениет туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Өзгерістерге сәйкес ақылы қызметтер тізімі айтарлықтай қысқартылды. Яғни, кәдесыйларды сату енді мүмкін емес. Тамақтануға келетін болсақ, мұның бәрін мұражайлар емес, мемлекеттік мүлік департаменті реттейді. Біз оларға көрсетілетін қызметтердің сапасы туралы айта бастағанда, жалға алушылар бірден шу шығарады, бұл оларға қысым жасайды. Сондықтан мұражайлар дәмхана ашу немесе бос уақытты өткізуді ұйымдастыруға мүдде танытпайды», – деп атап өтті Ұлттық мұражай директорының орынбасары Абай Сатыбалдин.

Министрлік өкілдері қазіргі уақытта мұражайлардың жұмысын жетілдіру үшін олардың қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді өзгерту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Кеңес қорытындысы бойынша барлық ұсыны жиналып, министрлікке жіберіледі деп шешілді.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер