astana-view

ҰКП: «көк» статусы бар азаматтар қоғамдық орындарға кіре алады

2022 жылғы 17 Ақпан
5248 просмотров

Қоғамдық орындарға бару бойынша шектеу шараларын алып тастау туралы шешім 2022 жылғы 17 ақпанда коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қабылданды.

 «Атамекен» ҰКП ведомствоаралық комиссия алаңында  қоғамдық орындарына еркін кіріп жүру үшін Ashyq қосымшасында «көк» статусы бар қазақстандықтар үшін шектеулерді алып тастау туралы ұсынысты бірнеше рет көтерген болатын.

 Отырыс барысында қабылданған ұсыныстар:

 - санэпидахуал бойынша «жасыл» және «сары» аймақтарда «көк» статусы бар келушілерге шектеу қоймау;

- «қызыл» аймақта «көк» статусы бар келушілерге нысандарға кіруге рұқсат беру, бірақ толымдылық бойынша шектеуді сақтау;

 -«сары» аймақта бизнеске қойылған барлық шектеуді алып тастау.

 «Біз ведомствоаралық комиссия отырыстарында «жасыл» статус қана емес, «көк» статусы бар адамдарға қоғамдық орындарына аруға рұқсат беруді ұсынғанбыз. Келушілер санын шектеу коронавирус инфекциясының таралуына тікелей әсер етпейді, бірақ бизнес үшін кедергі келтіреді. «Көк» статусы бар адамдар – науқас емес. Біз бас санитар дәрігер, денсаулық сақтау министрі, ВАК мүшелеріне біздің ұсыныстарымызды қолдағаны үшін алғыс айтамыз. Бизнес өкілдерімен бірге бас мемлекеттік санитар дәрігердің жаңа қаулысын күтеміз», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев.

 2021 жылғы қарашада Ұлттық палата бизнеспен бірлесіп, қоғамдық орындарға келушілерге талдау жүргізді. Талдау нәтижесінде келушілердің 23 пайызында «көк» статус бары анықталды. 2022 жылдың қаңтарында жүргізілген тура осындай талдау тәулігіне орташа есеппен «сары» статуспен 15 келуші, «қызыл» статуспен 713, «көк» статуспен 65 180 келуші және «жасыл» статуспен 397 815 келуші тіркелетінін көрсетті.

 Сондай-ақ, комиссия отырысы барысында офлайн режимде жұмыс істейтін ұйымдар мен кеңселер үшін барлық үш аймақта шектеулерді (80%, 50% және 30%) алып тастау туралы шешім қабылданды.

Бұл өзгерістер Бас мемлекеттік санитар дәрігердің тиісті қаулысы қабылданғаннан кейін күшіне енеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер