astana-view

Қазэлектромаштың халықаралық төлемдерін кешіктіру мәселесі шешілді

2022 жылғы 26 Сәуір
8095 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына Қазақстан кабель зауыттарының қауымдастығы мен «Қазэлектромаш» ЖШС жүгініп,  Jusan Bank халықаралық төлемдерді жүргізуді кешіктіріп жатқанын айтты.

  22 сәуірде Палатаның алаңында мемлекеттік органдардың назарын қалыптасқан жағдайға аудару және оны шешуге көмек көрсетудің ықтимал жолдарын іздестіру мақсатында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан Ұлттық банкі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы, Jusan Bank, Қазақстанның кабельдік зауыттары қауымдастығы және «Қазэлектромаш» өкілдерінің қатысуымен талқылау өтті.

Отырыс барысында қазіргі уақытта шетелдік корреспондент банктердің ішкі тексерулеріне байланысты «First Heartland Jusan Bank»АҚ клиенттерінің халықаралық төлемдерін орындауда елеулі кідірістер орын алғаны анықталды. Мұндай тексеруді Ресей Федерациясына қатысты санкциялар салдарынан америкалық негізгі корреспондент банк – The Bank of New York Mellon жүргізіп жатыр. Төлемдерді жаппай орындамау жеке шот нөмірінде «VTB», «BTB» әріптік символдар бар клиенттерге қатысты қабылданған.

Жиын қорытындысы бойынша тараптар «Атамекен» ҰКП-ның атына ағымдағы жағдай бойынша растайтын материалдарды жедел түрде жіберуге уағдаласты. Бұл деректер әрі қарай тексеру процесін жеделдету және ресейлік банктермен үлестестікті болдырмау үшін келіссөздер алаңын ұйымдастыру бойынша жәрдем көрсету мақсатында ҚР Сыртқы істер министрлігіне жіберіледі.

Сонымен қатар банкке ресейлік банктердің атауларына ұқсас әріптердің тіркесімін болдырмау үшін клиенттік шоттардың нөмірлерін құрудың ішкі процесіне өзгерістер енгізу бойынша шаралар қабылдау ұсынылды.

Jusan Bank мәліметтері бойынша, The Bank of New York Mellon өкілі халықаралық аударымды қарау мен орындаудағы кідіріс Ресей Федерациясының кейбір банктері мен олардың еншілес компанияларына қатысты санкциялар енгізілгеннен кейін комплаенс қызметінің тексеруіне түсетін аударымдар санының жалпы артуымен (ондаған мың аударым кезекте тұр) байланысты болғанын түсіндірген.

2022 жылғы 25 сәуірде «Атамекен» ҰКП-да өткен отырысы қорытындысы бойынша Jusan Bank-тен «Қазэлектромаш» ЖШС бойынша жоғарыда көрсетілген аудармның орындалғаны туралы хабарлама алынды.  

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер