astana-view

Заңды үлестік құрылыс көлеңкедегі нарықтан тартымды болуы керек – Ұлттық палата

2022 жылғы 18 Тамыз
10976 просмотров

Бизнес-қоғамдастық өкілдерінің пікірінше, Қазақстандағы көптеген құрылыс компания үшін «үлестік» құрылысқа қатысу қолжетімсіз болып тұр. Жоғары талаптар мен әкімшілік кедергілер компаниялардың шектеулі санына үлестік құрылыс нарығына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ұлттық палата мамандары заңнамаға енгізіліп жатқан түзетулер үлестік құрылыс нарығындағы ахуалды түбегейлі өзгертеді деп санайды. Бұл түзетулерді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ қазір ҰКП салалық қауымдастықтарымен пысықтап жатыр.

 Үлестік құрылыс мәселелеріне қатысты заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс жедел жүріп жатыр: қыркүйекке қарай барлық ұсыныс түпкілікті жинақталып, талқыланып, ортақ пікірге келтірілуі тиіс.

Қазіргі басты міндет заңды барынша тартымды етіп, «сұр» нарықтан басымдықты арттыру. Егер заң аясында жұмыс істесең, саған жеңілдіктер қолжетімді болады. Мысалы қандай бір ипотекалық өнімдер, жұмыс күшін арзан ставкамен тарту немесе пайыздық мөлшерлемені субсидиялау. Қазақстан Тұрғын үй компаниясында пайыздық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік беретін механизмдер бар. Мәжбүрлемейтін, керісінше артықшылық беретін механизмдер болуы керек», – деп санайды «Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығы» президенті Виктор Микрюков.

 Қолданыстағы заңнамаға сәйкес құрылыс салушылар тұрғын үй құрылысы барысында үлескерлердің ақшасын үш жағдайда тарта алады:

  • бірыңғай оператордың (ҚТК) кепілдігі болған жағдайда;
  • әкімдіктің рұқсатымен, екінші деңгейлі банк жобасына қатысқан кезде;
  • әкімдіктің рұқсатымен, үй қаңқасы салынғаннан кейін.

ИИДМ ұсынылып отырған өзгерістерді Тұрғын үй компаниясымен бірлесіп әзірледі. Қазір өзгерістерді бизнес-қоғамдастық талқылап жатыр.

Қазақстан тұрғын үй компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Салықов рәсімдерді жеңілдету және кедергілерді азайту бойынша бірқатар өзгеріс әзірленгенін айтты. Мысалы, құрылыс салушылардан құжаттар тізімін екі есеге қысқарту ұсынылады. Қазір 43 құжат бар, тізім бірден 20-ға қысқаруы мүмкін.

«Шағын және орта компаниялардың қатысуын кеңейту үшін тәжірибені үш жылдан екі жылға дейін азайту ұсынылады. Аудандар бойынша тәжірибені екі есеге: 18 мыңнан 10 мың шаршы метрге дейін, өңірлерде 9 мыңнан 5 мың шаршы метрге дейін азайту көзделген. Егер құрылыс жүргізуге жер жалға алынған болса, жарнаны 10% -ға дейін төмендетуді ұсынамыз. Қазақстан Құрылыс салушылар қауымдастығы егер жер жеке меншікте болса, оны 5%-ға дейін төмендетуді ұсынды. Біз бір емес, үш шот ашуға құқық беруді ұсынамыз: ағымдағы, валюталық, жинақ шоты. Аванс енгізу мүмкіндігін талқылаймыз. Егер банк кепілдігі болса, 35%-ға дейін ұлғайтуға болады. Кейбір компаниялар 50%-ға дейін ұсынады. Банк кепілдігінсіз – 10%, біз 15% дейін көтеруді ұсынамыз. Кейбірі 30% дейін ұсынады. Бірлескен шешімге келеміз. Екінші әдіс бойынша біз үлескерлердің қаражатын үй қаңқасы тұрғызылғанға дейін пайдалануға және қаражатты жобалық қаржыландырумен қатар қолдануға құқық беруді ұсынамыз», – деді Олжас Салықов.

Сондай-ақ, құрылыс салушылардан рейтингке назар аудара отырып, шот ашу үшін банктерді мұқият таңдауды сұрайды. Қазақстан тұрғын үй компаниясының мамандары жалпы үлестік құрылысқа қатысу үшін ең төменгі талаптар айтарлықтай төмендетілетінін атап өтті.

 «Елімізде 2016 жылдан бастап 160-тан астам тұрғын үй құрылысы келісімшарты жасалды. Әкімдіктер үлескерлердің қаражатын тартуға 450 рұқсат берді. Бірақ бүгінде олардың басым бөлігі заңды бұза отырып тартылып жатыр, тәуекелдер бар. Жауапкершілікті күшейту туралы ұсыныстар құқықтық салада қолайлы жұмыс жағдайларын жасауға әсер етеді. Мәселен, кіріс талаптарын азайту, бірыңғай жүйе арқылы келісімшарттарды есепке алу, қосымша шоттар ашу, аванстық төлемдерді арттыру. Біз бизнеспен және салалық қауымдастықтармен ұсыныстарды пысықтауға дайынбыз. Парламенттік сессия ашылғаннан кейін бірден жетілдіру бойынша заң жобасын ұсынғымыз келеді»,– деп түсіндірді ҚР ИИДМ қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің директоры Руслан Лепесов.

Құрылысшылар үлестік құрылыс нарығындағы ескі схема бойынша  соңғы рет жұмыс істеп жатырмыз деп үміттенеді. Әзірге үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алу үшін қазақстандық құрылыс салушылардың шамамен 80%-ы ақша қаражатын тартудың басқа схемаларын пайдалануға мәжбүр, деп мәлімдейді кәсіпкерлер. Қазақстан Құрылысшылар одағының ақпараты бойынша, елімізде 585-ке жуық тұрғын үй кешені салынып жатыр. Оның ішінде қауымдастықтың бағалауы бойынша 486-сы мемлекеттік сақтандырусыз салынып жатыр. Бизнес-қоғамдастық бірнеше рет құрылыс компанияларына қойылатын талаптарды азайту, қолданыстағы тәсілдерді жетілдіру, сондай-ақ ақша тартуға рұқсат алудың қосымша механизмдерін енгізуді ұсынды.

 «Құрылыс салушылардың 83%-ы үлестік қатысу туралы заңның талаптарын орындай алмайды. Қазір 17%-ы ғана үлестік қатысу заңының шеңберінде жұмыс істейді. Оның 6%-ы «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ арқылы, ал 11%-ы әкімдіктер мен екінші деңгейлі банктердің жобалары арқылы жұмыс істейді. Үлестік құрылыс туралы заң нормаларының орындалмауына келетін болсақ, басты себептер мыналар: мемлекеттің кепілдік беру туралы қарауына негізінен 6-8 ай уақыт кетеді. Осы кезеңде құрылысшыларымыз тұрғын үй кешенін салып жатады», – деді Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.

 Ұлттық палата бірнеше рет мемлекеттік органдарды үлестік құрылыс секторын реттеу саясатын қайта қарауға және үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алу үшін қолданыстағы талаптарды оңтайландыруға шақырды.

 «Жалпы, ҰКП ИИДМ мен Қазақстан Тұрғын үй компаниясының үлестік құрылыс туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі бастамасын қолдайды. Біз ұсынылып отырған түзетулер пысықтау және салалық одақтар мен қауымдастықтармен келісуді талап етеді деп санаймыз. Қазіргі кезде үлестік құрылыстың негізгі бөлігі еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында іске асырылып жатқанын көріп отырмыз. «Үлескерлікке» қатысу үшін талаптардың төмендеуі мүдделі құрылыс компанияларының санын арттырады. Сонымен қатар, бизнесті заң шеңберінде қызметті жүзеге асыруға ынталандыру, оларға тиімді жұмыс істейтін тетіктер мен тәсілдерді ұсыну қажет. Біз бұл түзетулерді салалық қауымдастықтар және одақтармен тағы да талқылаймыз және қорытындысы бойынша келісілген позицияны уәкілетті органға жолдаймыз», – деп түсіндірді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Құрылыс және жер қатынастары департаментінің сарапшысы Данияр Молкенов.

 Анықтама:

 Қолданыстағы заңнамаға сәйкес құрылыс салушылар тұрғын үй құрылысы барысында үш жағдайда азаматтардың/үлескерлердің ақшасын тарта алады:

* бірыңғай оператордың (КЖК) кепілдігі болған жағдайда;

* ЕДБ жобасына қатысу кезінде әкімдіктің рұқсатымен;

* ғимараттың қаңқасы салынғаннан кейін әкімдіктің рұқсатымен.

Үш жағдайдың әрқайсысында құрылыс салушыға және оның құрылыс қызметіне қойылатын талаптар анықталған. Мысалы:

Республикалық маңызы бар қалалар, астанадағы құрылыс кезінде кемінде 18 мың ш. м. және өзге де әкімшілік-аумақтық бірліктердегі құрылыс кезінде кемінде 9 мың ш. м. тұрғын үйлерді сату тәжірибесінің болуы;

кепілдік беру туралы шарт бойынша құжаттарды қарау және кепілдік жарнасы үшін комиссия төлемін жүргізу;

аудиторлық қорытындымен расталған оның қаржылық есептілігіне сәйкес соңғы екі қаржы жылында шығынсыз қызмет атқаруы;

Сондай-ақ, құрылыс салушы уәкілетті компанияны құрады, ол бір ғана тұрғын үйдің құрылысын ұйымдастырады және пәтерлерін өткізеді. Компанияның жер учаскесіне құқығы, сараптаманың оң қорытындысымен жобалау-сметалық құжаттамасы болуы керек

Бұдан басқа, уәкілетті компанияның ақшасы инжинирингтік компания растаған орындалған жұмыстардың актілері негізінде пайдаланылатын, сондай-ақ жобаны салуға және іске асыруға байланысты шығыстар бойынша ғана төленетін бір ғана банктік шоты болуы тиіс.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер