astana-view

Бюджет қаражатын бөлуге жауапты мемлекеттік органдарды бақылау механизмі қажет – Ұлттық палата

2022 жылғы 14 Қыркүйек
6098 просмотров

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың нұсқауларына қарамастан, мемлекеттік сатып алу саласында жұмыс істейтін бизнесті бақылау азаймай, керісінше артып келеді, – деп мәлімдеді «Атамекен» ҰКП мамандары. ҰКП Мемлекеттік құрылыс тапсырысын бюджеттеу мәселелері бойынша тиісті министрліктерге  «қарымта» бақылау шараларын қабылдау қажет деп есептейді.

Мемлекеттік органдардың қаржыландыруды кешіктірудегі олқылығын Есеп комитеті көрсетті. Ұлттық палатада мемлекеттік сатып алу саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерді бақылау азайған жоқ, керісінше, өсіп келеді деп есептейді.

«Тексеруші органдар тарапынан үздіксіз бақылау мен тексеру, салық мониторингі, түрлі шектеу мен есептіліктің артып келе жатқан көлемі бизнестің дамуын тежейді. Осындай жағдайда бақылаудың қарымта шараларын қолдану қисынды: егер қаржыландыру мәселесі туындаса, жұмыс тоқтайды, құрылыс сапасы төмендейді. Сондықтан осы кезде жобалар бойынша мемлекеттік бюджет қаражатын бөлуге жауапты мемлекеттік органдарды бақылау механизмін іске қосу орынды», - деп мәлімдеді «Атамекен» ҰКП Құрылыс және ТКШ комитеті төрағасының м.а. Ирина Манжанова.

Құрылыс нысандарын уақытылы қаржыландырмау мәселесін жете бағаламауға болмайды, деп есептейді ҰКП сарапшысы. Шешім бүкіл Қазақстан экономикасының жай-күйіне тікелей әсер етеді. Дер кезінде қаржыландырылмаған жоба кез келген құрылыс компаниясын жобаның сәтті аяқталуы мен банкроттықтың арасындағы жағдайға қояды. Сыртқы қаржы нарықтарындағы ауытқуларды және ұлттық валютаның тұрақты девальвациясын ескере отырып, кәсіпкерлердің өздері қабылдауы мүмкін дағдарысқа қарсы шаралар мардымсыз және нарықта елеулі рөл атқармайды, деп атап көрсетеді Ұлттық палата өкілі.

«Мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға жауапсыз қарау Қазақстанның құрылыс нарығының тоқырауына тікелей алып келеді және жұмыссыздықтың күрт толқуын, жылжымайтын мүлік бағасының өсуін тудыруы мүмкін. Демек, мәселе шұғыл және баса назарды талап етеді», – деп есептейді Ирина Манжанова.

 ҰКП сарапшысының мәлімдеуінше, құрылыс саласында, іс жүзінде 100% жағдайда,   мемлекеттік тапсырысты орындайтын мердігерлер қаржыландырудың жоқтығынан туындаған үлкен шығындарға ұшырауға мәжбүр. Заңнамаға сәйкес тапсырыс беруші алдын ала келісілген кесте бойынша төлеуге міндетті төлемдердің тұрақты кідірістері кезінде мердігерлер жобаның ықтимал пайдасының мөлшерінен жүз есе асатын қаржылық тәуекелдерді өз мойнына алады.

Жұмыстарды өз күшімен қаржыландырып, персоналға еңбекақысын төлеу үшін кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктерден үлкен пайызбен несие алады. Көп жағдайда қарыз жылжымайтын мүлікті кепілге қойып алынады. Осылайша құрылыс аяқталғанша мердігерлер табысының бір бөлігін пайыз төлеуге жұмсайды. Ал тапсырыс беруші қаржыландыруды кешіктіріп, мердігердің мұндай шығындары үшін жауапкершілік алмайды.

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның №66-бабына сәйкес мердігерді таңдау бойынша конкурс өткізу туралы шешім қабылданған сәтте, сондай-ақ жобаны іске асырудың басында тапсырыс берушінің құрылысқа қажетті қаржыландыру көздері немесе жобаны іске асыру үшін талап етілетін уақыт кезеңінде қажетті сомаға билік ету құқығы болуға тиіс.

 «Бірақ заңнаманың бұл талаптары мемлекеттік органдар тарапынан орындалмайды. Осыған байланысты құрылыс компанияларының іске асырып жатқан құрылыс жобалары қаржыландырусыз қалады. Бұл компаниялардың қаржылық тұрақтылығына ғана емес, жалпы мемлекет үшін де теріс әсер етеді. Өйткені жобалау-сметалық құжаттамада жоспарланған екі жылдың орнына жобаны іске асыру мерзімі бес жылға дейін және одан да көп уақытқа ұзартылады. Бұл сөзсіз құрылыс құнының қымбаттауына әкеп соғады», – деп түсіндірді Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының сарапшысы Махаббат Чуманова.

 Құрылыс компаниялары мынадай проблемаларға тап болады: жобаның уақтылы іске асырылмауы (мысалы, 2020 жылғы бағамен есептелген ЖСҚ 2022 жылы іске асырылатын болады); қаржыландыру кестесінің тиісінше орындалмауы (Бюджет кодексінің ақша қаражатының болуы жөніндегі талабына қарамастан, жобаларды тіркеу және ақша бөлусіз іске асыру – объектілер құрылысын бірінші жылы 1 теңгеге сатып алу жалғасып жатыр).

 «Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаржыландыру мерзімі жобалық-сметалық құжаттаманы іске асыру мерзіміне сәйкес келуі тиіс (Бюджет кодексі). Тапсырыс берушілерге қаржыландыру көздерін иелену қажеттілігі бар (заң бойынша). Алайда, бақылау жүйесінің жоқтығынан әкімдіктер бұл талаптарды өрескел бұзады. Бұл жайт мердігерлер үшін елеулі әкімшілік және қаржылық кедергілерді ғана емес, жобалардың қымбаттауына алып келеді»,-деп атап өтті Атамекен ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Аңсар Сейсекеев.

 ҰКП мамандарының пікірінше, құрылыс бизнесі жобалық-сметалық құжаттама бағаларын  индекстеудің жоқтығынан (базалық нарықтық көрсеткіштерге: орталық банктің бағамы бойынша ұлттық валютаның инфляциясына қатысты материалдар мен жұмыстардың өзіндік құнының өсу индексіне бағаларды жылдам түзету жүйесінің болмауы) қолайсыздықты сезінеді.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер тапсырыс берушінің заңды күшінің артуына шағымданады (тапсырыс берушіге мердігерлермен шартты бұзудың кең спектрін ұсыну және мердігердің Тапсырыс берушімен келісімшартты бұзу құқығының толық болмауы, мердігердің тапсырыс беруші тарапының мемлекеттік өкілі алдында заңды қорғалуының болмауы).

ҰКП мамандаы тағы бір проблема бюджеттік бағдарламалардың қаржыландырусыз іске асырылуын айқындайды (заң талаптарын бұза отырып, тапсырыс беруші объектіні пайдалануға қабылдау актісіне қол қою бойынша толық қаржыландырумен және құрылыс процесінде ең аз қаржыландырумен конкурс жариялайды). Ұлттық палатада сыртқы және елішілік экономикалық көрсеткіштерге байланысты бюджет қаражатын бөлуді қайта қарау механизмі қажет деп санайды.

Толығырақ ақпарат мына сілтемеде:

https://atameken.kz/ru/news/47819-atameken-stroitel1325


Еншілес ұйымдар

Серіктестер