astana-view

«Сот жүйесін реформалауды заңнамалық қамтамасыз ету»

2022 жылғы 29 Қараша
6740 просмотров

Сенатта Қазақстанның сот жүйесін жетілдіру мәселелері жөнінде дөңгелек үстел өтті. Сондай-ақ, арнайы жұмыс тобының қызметі қорытындыланды. Мәулен Әшімбаев жұмыс тобы сот жүйесін реформалау бойынша маңызды, өзекті ұсыныстар дайындай алғанын атап өтті.

«Сот жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс Мемлекет басшысының үнемі назарында. Бізге күрделі жұмысты атқару керек. Біз сарапшылар, ғалымдар, судьялар және заң қоғамдастығы, сондай-ақ халықаралық ұйымдардағы әріптестермен белсенді ынтымақтасуға дайынбыз», – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Ұлттық палата мамандары егер 1-ші сатыдағы барлық сот үшін, кейіннен – 2-ші сатыдағы соттар үшін төраға лауазымын жою жолымен сот төрағаларының қарапайым судьяларға ықпалын толығымен доғарса, реформа толыққанды болады деп санайды. Кәсіпкерлердің пікірінше, азаматтық істер бойынша кассациялық шағымданудың қолданыстағы тәртібі (бұл сома бойынша шектеу, кассацияға буферден өтуге монополия) сапалы сот төрелігіне қол жеткізуді шектейді.

«Жаппай кассацияны қайтару мәселесін Жоғарғы соттың басшылығымен талқыладық. Жоғарғы соттың штатын кеңейту немесе жеке округтік кассациялық соттарды құруға қатысты нұсқалар бар. Бұл мәселенің шешімі қаржыға (еңбекақы қоры, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, ғимараттың боулы) тірелетінін түсінеміз. Біздің ойымызша, келіп түскен барлық өтініш жеке-дара жиналыста емес, кассациялық алқалардың отырыстарында қаралуы тиіс. Бұл маңызды мәселе шешімді талап етеді», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров.

Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП апелляциялық сатыдағы соттар үшін азаматтық істер бойынша эксаумақтылықты автомат түрде анықтауды ұсына отырып, соттарда эксаумақтылық қағидатын енгізу туралы бастама көтерді. ҰКП мамандарының пікірінше, жергілікті мемлекеттік органдардың судьяларға әсерін жою қажет. Көп жағдайда судья бір өңірде, елдімекенде ықпалды лауазымды адамды (әкім, прокурор, полиция бастығы) таниді, аралас-құралас болады, жұмысында солардың ықпалымен шешім қабылдауы мүмкін.

 «1-сатыдағы сотқа қатысты эксаумақтылықтың проблемасы – екі тараптың да келісім беру қажеттілігі. Өкінішке қарай, нәтижесінде көрсеткіш болмашы ғана – 300-ге жуық азаматтық іс эксаумақтылық қағидатын пайдаланды. Бұл барлық істің небәрі 0,1%-ы», – деп қосты Ербол Өстеміров.

Ербол Өстеміровтың айтуынша, бүгінде судья істі қарау кезінде сот жүйесі туралы Конституциялық заңның 39-бабына сәйкес жұмыста қателік жасағаны үшін ғана тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

«Келесі жылдан бастап сот жүйесін қаржыландыру көлемі мемлекеттік аппаратқа жұмсалатын барлық шығыстың 6,5% мөлшерінде болады. Судьялардың материалдық қамтамасыз етілуін арттырып, күш органдарының араласуынан қорғай отырып, судьялардың жауапкершілігі, жазаның түсінікті механимзмі туралы да ұмытпаған жөн», – деді спикер.

ҰКП мамандары ұсынғандай, сот актісі Заңның елеулі бұзылуына байланысты күшін жойған жағдайда, судья әдейі немесе жосықсыз, немқұрайлылық немесе заңды білмеу салдарынан қателік жасаған болса, судьяны жауапқа тарту мәселесі сот алқасында автомат түрде шешілуі тиіс.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер