astana-view

Қазақстанда су мен құрамында қант бар сусындарды міндетті таңбалау енгізілмейді

2022 жылғы 02 Желтоқсан
9965 просмотров

Мұндай шешім «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Қазақстанда тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесінің мәселелері талқыланған кеңесте шығарылды. Жиынға жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері, өндірушілер, импорттаушылар, көтерме және бөлшек саудагерлер қатысты.

Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап қапталған су мен құрамында қант бар сусындарды таңбалау және қадағалау жөніндегі пилоттық жобаға 13 компания қатысты. Оның қорытындысы бойынша таңбалауды енгізу сөзсіз жағымсыз салдарға әкелетіні белгілі болды. Жабдықты сатып алу шығындары, тіпті оператордың есептеуінше, өндірісті қысқартуға, бизнесті оңтайландыруға кері әсер етеді. Мұндай тауарларды таңбалауға байланысты шығындарды жүзеге асыру үшін жеткілікті қаржысы жоқ шағын бизнес ерекше тәуекел тобында болады.
 

«Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша бірқатар кемшілік анықталды: таңбалауға арналған жабдықтардың, баспаханалардың болмауы, контрафактінің болуы, сондай-ақ өндірушілерге қаржылай жүктеменің салдарынан шығарылатын өнімнің қымбаттауы. Бизнес-қоғамдастықпен талқылау нәтижелері бойынша ел ішінде міндетті таңбалауды енгізудің орынсыз екені туралы шешім қабылданды», – деді Серік Жұманғарин.

 

«Юникс» ЖШС таңбалау жобасының жетекшісі Ибрагим Абдулин отандық өндірушілер үшін тауарларды таңбалау қымбат екенін атап өтті.


«12 айда біз 7,5 миллионнан астам өнім бірлігін белгіледік. Бұл көлем таңбалау саласында жинақталған үлкен тәжірибе туралы айтады. Шығынымыз 80 млн теңгені құрады – бұл серияландырудың 3 желісі. Бүлінген стикерлердің жасалатынына тап болдық. Қазақстандық баспаханаларда қажетті көлемде стикерлер болмағандықтан, ресейлік баспаханаларда тапсырыс беруге мәжбүрміз. Бірақ тіпті ресейлік ең жақсы баспаханалардың өзі 10 пайызын жарамсыз қылып шығарады. Қазір 760 мың жарамсыз стикерді жойдық», – деді спикер.

Сондай-ақ, отырыста аяқ киімге міндетті цифрлық таңбалауды енгізу қызу пікірталас тудырды.


«Сіз бизнес үшін қандай тау салдыңыз? Оған көтеріле алмаймыз. Бұл бизнеске кері әсер ететінін түсініңіз. Бизнес қарсы. Бұл туралы айтып жүргенімізге жыл болды. Содан кейін жұмыссыздық жайылады. Сонда өзіңіздің қате шешіміңіздің «нәтижесін» көресіз. Ал баға – бұл мемлекет күресіп жатқан инфляцияны тездетеді, біз оны міндетті емес жобаны енгізу арқылы өзіміз таратамыз. Таңбалауды ерікті етіңіз. Құда да тыныш, құдағы да тыныш болады», – дейді аяқ киім импорттаушы компанияның директоры Камиль Бектеміров.


Дегенмен, нарықтың айтарлықтай үлесін қамтитын аяқ киім өндірушілерінің бұл тұрғыда басқа көзқарасы бар. Таңбалауды енгізу, олардың пікірінше, контрафактілік өнімдермен күресуге көмектеседі. Мемлекеттік органның пікірінше, бұл ұстаным да ескерілуі керек.

«Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, бизнес тарапынан пилоттық жобаларды жүргізу шарттарына да шағымдар бар.


«Пилоттық жобаларды жүргізуге қатысты сұрақтар бар. Олар іс жүзінде белгілі бір тауарларды таңбалауды енгізудің орындылығы мен қажеттілігін көрсетуі тиіс. Пилоттарды өткізу үшін қысқа мерзімдер белгіленеді, онда уақыттың едәуір бөлігі пилоттың қатысушыларын, қолайлы жабдықты іздеу және оны орнатуға кетеді. Кейін пилоттық жобаның мерзімін бірнеше рет ұзартуға әкеп соғады», – деп атап өтті ҰКП басшысы.


Сонымен қатар, фармацевтика және темекі саласының кәсіпкерлері тауарларды таңбалауды енгізу жөніндегі бүгінгі жағдайға да алаңдаулы. Бұл мәселелер кеңестің келесі отырыстарында талқыланады.
 


 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер