astana-view

«Шаршадық, жауап жоқ»:  шаруалар несиенің субсидиясына өтінішін gosagro.kz арқылы бере алмай, шығынға батып жатыр

2023 жылғы 27 Ақпан
8936 просмотров

Дереккөз: agroinfo.kz

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына шаруалардан gosagro.kz сайтының жұмысына қатысты шағымдар түсіп жатқанына ай толып қалды. Себебі несиесіне субсидия алуы керек фермерлер жаңадан пайдалануға берілген сайтта өтініш жібере алмай әлек. Олардың айтуынша, сайтты жасаған мамандарға тікелей жазғанмен ешқандай кері байланыс жоқ. Сайттың осы қызметінің қашан істейтінін ешкім ашып айтып түсіндірмеген.

Елімізде ақпаннан бастап gosagro.kz бірыңғай мемлекеттік субсидиялау ақпараттық жүйесі іске қосылды. Алайда сайт толық жұмыс істемей тұр. Бірнеше бағыт бойынша субсидияға өтінім беру мүмкін емес. Мәселен, несие мөлшерлемесін субсидиялау.

Шаруалардың несиесіне мемлекет тарапынан берілетін 16%  субсидиясына әлі өтініш жібере алмай отырған кәсіпкердің бірі – Жамбыл облысы Жамбыл ауданы «Дихан несие» серіктестігінің төрағасы Дәулет Пернебекұлы.

«Бүгінде 22 пайызбен несие береміз. Оның 16 пайызы үкімет тарапынан субсидиялануы керек. Қазір үлкен проблемамыз бар. Әзірге www.gosagro.kz сайтында жұмыс істей алмай отырмыз. Өйткені бағдарламалары әлі «шикі». Енді ең бірінші мәселе қаңтар, ақпанда несие алған азаматтардың өтініштерін субсидияға жібере алмай отырмыз», – деді ол.

 

Сондай-ақ, Дәулет Пернебекұлы сайтты жасаған мамандарға хабарласып сұраған. Ал, арнайы ашылған  Telegram чатта олардың сұрағын Ауыл шаруашылығы  министрлігінің өкілдері де, сайтты әзірлеген мамандар да жауапсыз қалдырып отыр.

«Қашан іске қосылатынын өздері білмей отыр. Сол себепті келесі айларда тағы субсидия түспесе, шаруалар несиені тағы өздері төлеуі керек болады. Бұл – олар үшін үлкен жүктеме. Телеграмда топ ашылған. Ол жерде «разроботчиктер» оқиды, бірақ жауап бермейді. Мұны біз «жауапкершілік жоқ» деп есептейміз. Бұған тапсырыс берген Ауыл шаруашылығы министрлігіболғандықтан, құзырлы орган ретінде олардан да жауап жоқ. Шаршадық», – дейді кәсіпкер.

Қызылордалық кәсіпкер Алмат Абдуллаев жамбылдық әріптесінің  сөзін толықтырды.

«Ақпарат құралдары арқылы gosagro.kz жұмыс істеп жатыр деп хабарлағанымен бұл жалған ақпарат болып тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігі неге бұлай айтып жатқаны түсініксіз. Бірақ қазір платформа жұмыс жасап тұрған жоқ, әлі бірде-бір өтінім тапсырған жоқпыз. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау деген функциясы жұмыс істеп тұрған жоқ. Құрған телеграм чаттарында да көп сұрақ қойылып жатыр. Чаттың админдері, ІТ мамандары жауап бере алмай жатыр. Көбінесе «жұмыс жасап жатырмыз, күтіңдер» деген жауаптар келеді, кейде мүлдем жауапсыз қалдырады», – деп қосты ол.

Сонымен қатар, Алмат Абдуллаев осы мәселе бойынша келіп жатқан кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары егінге, шаруашылығын дамытуға жинап қойған қаржыларын несиесін жабу үшін төлеуге мәжбүр болып жатқанын атап өтті. Яғни, мемлекеттің беретін субсидиясын ала алмаған соң шаруасын дамытуға жинаған ақшасын құйып, шығынға батып жатыр.

«Кәсіпкерлер наразы. Ақпаннан бастап қарыздарын өтей алмай жатқан соң просрочка болып, несие тарихы бұзылып жатыр. Сондықтан бұл бағдарламаға сенімсіздігін білдірді. Осындай жауапсыз іс-әрекеттерден кейін жалпы үкіметтік бағдарламаларға сенім жоғалып жатыр», – деді қызылордалық кәсіпкер.

Сондай-ақ, шаруалар субсидияға өтініш беретін бір платформа емес, бірнеше жолы болса екен деген ұсыныс айтты. Яғни, тек gosagro.kz емес, бұрынғы qoldau немесе қолма-қол болса да, таңдау мүмкіндігі берілуі керек деп есептейді.

Биыл 2 ақпанда өткен Ұлттық палата төралқасының Агроөнеркәсіп кешені комитетінің отырысында да gosagro.kz порталына қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Қомитет құрамындағы бизнес-қауымдастықтар министріктің жұмысына наразылығын сол кезде де айтқан болатын.

«Өткен жылдан бері пилоттық режимде жұмысын бастаған порталға сенімсіздікпен қараған қауымдастық өкілдері, биыл жаппай пайдалануға қосылған министрлік әзірлеген  gosagro.kz порталының дайындығы төмен екенін және qoldau порталының жұмысын тоқтату үлкен ағаттық екенін атап өтті. Көктемгі егіс науқанының уақытылы өтуіне улкен тәуекелділік туғызған портал бүгінде өзекті мәселесі болып тұр және Үкімет тарапынан жедел шаралар қабылдануы қажет» - деп Комитет отырысының қорытындысын  Ұлттық палата АӨК және тамақ өнеркәсібі департаментінің басқарушы директоры Ербол Есенеев атап өтті.

Сонымен қатар, бұл мәселені Парламент қабырғасында сенатор Евгений Больгерт те көтерді. Алайда әзірге шаруалар субсидиясыз қалып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер