astana-view

Бизнес уәкілетті органның нарықты монополиялауға қатысты позициясымен келіспейді

2023 жылғы 09 Наурыз
6176 просмотров

ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті тапсырыс берушінің өңірінде компанияның салықтық тіркеуінің болуы үшін 0,5%, жеке жол техникасының болуына 0,01% және әлеуетті өнім берушіде қолданылып жүрген әрбір келісімшарт үшін шартты жеңілдікті («теріс мән») 0,1% төмендету мөлшерінде шартты жеңілдік беруді ұсынды. Алайда, уәкілетті органның нарықты монополиялауға қаысты позициясымен бизнес субъектілері келіспейді. Бұған қатысты өз дәлелдері мен мәліметтерді келтірді.

 Ұлттық палата алаңында ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті өкілдері, салалық қауымдастықтар және құрылыс саласы өкілдерінің қатысуымен Квазимемлекеттік сектордың сатып алуы қағидаларына мемлекеттік органның ұсыныстарын талқылау бойынша жиналыс өтті.

 Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр Тапсырыс берушінің өңірінде компанияның салықтық тіркеуінің болғаны үшін – 0,5%, жеке жол техникасының болуына – 0,01% мөлшерінде шартты жеңілдік беру және әлеуетті өнім берушіде қолданылып жүрген әрбір келісімшарт үшін шартты жеңілдікті («теріс мән») 0,1% -ға төмендету бойынша ұсыныстарды таныстырды. Маманның айтуынша, бұл ұсыныстар автожол құрылысындағы монополияландыру мәселесін шешу, сондай-ақ автожолдардың сапалы құрылысын арттыру және оларға одан әрі кепілдік қызмет көрсету мен күтіп ұстау үшін әзірленген.

 «Сатып алуға қатысатын компаниялар өзінің техникалары мен еңбек ресурстарының болмауына қарамастан, өзінің нақты мүмкіндіктерін ескермей, түрлі өңірлерде жұмыс көлемін жинайды. Содан кейін өңірлік компанияларды қосалқы мердігерлікке жалдайды. Нәтижесінде төмен жұмыскерлерге төмен еңбекақы төленіп, жол сапасы сын көтермей қалады», – дейді Жамбыл Бақтияр.

 Бизгес субъектілері өкілетті органның позициясымен келіспей, өз дәлелдерін айтты.

Қазақстан автожолшылар қауымдастығының 2020-2022 жылдарға арналған конкурстарға жүргізген талдауы автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және күрделі жөндеу жөніндегі жұмыстар нарығында монополияның болуы тұрғысынан жекелеген жол компанияларының монополиялық жағдайының жоқ екенін көрсетті. Бұл ретте, 50% жағдайда сатып алу жобалардың тиімсіздігі салдарынан іске аспаған.

 Мысалы, 2020 жылы 144 лоттың ішінен 81 конкурс өтпей қалды. 2021 жылы 179 лот ішінен 86 конкурс іске асқан жоқ, 2022 жылы 106 лот ішінен 48 конкурс өтпеді. Негізгі проблема –жобалардың тиімсіздігі, олар бойынша тапсырыс берушілер бұрын жол салған компанияларды (көбінесе бейінді емес компаниялар) тартуға мәжбүр.

 Сонымен қатар, түзетулерді әзірлеуші аналитикалық және есептік деректерді ұсынбады.

 «Нарықта бәсекелестік болмаған жағдайда қандай монополия туралы айтуға болады? Сатып алуға әлеуетті қатысушылар жоқ, конкурстарға ешкім бармайды», – деп атап өтті Қазақстанның автожолшылар қауымдастығы төрағасының орынбасары Дархан Рахимов.

 Спикердің айтынша, өкілетті органның ұсыныстары қаржы министрлігінің сатып алуында кәдеге жарауы мүмкін, ал Қазавтожол сатып алуында жағдай басқа. Мұны Қауымдастық жүргізген талдау да растап тұр. Оның пікірінше, мұнда жолдарды сапалы салуға басымдық берілуі тиіс.

 Жиынға қатысушылар жол құрылысын техникалық қадағалау бойынша нарықты монополиялау бөлігінде мәселелер бар екенімен келіседі. Мысалы, автожолшылар қауымдастығының талдауына сәйкес, 2022 жылы жалпы сомасы 1,8 млрд.теңгеге 50 конкурс жарияланды. Конкурстарға 15 компания қатысты, олардың 3-і 1 млрд теңгеге тендер ұтып алды. 2023 жылы ел бойынша жарияланған 12 конкурстың 4-ін бір компания жеңіп алды. Құрылыс компанияларының пікірінше, бұл сандар техникалық қадағалау компанияларының нарыққа кіруі және олардың жұмыс орнында болуының ашық еместігін көрсетеді.

 Автожолшылар қауымдастығы бар мәселелерді шешудің өз жолдарын ұсынды. Бизнес шетелдік компанияларға қарағанда қазақстандық компанияларға басымдық беруді, оларға қойылатын біліктілік талаптарын жұмсартуды ұсынады. Осылайша олар шетелдік компаниялармен тең дәрежеде қатыса алады, барлығына тең жағдай жасалады.

 «Халықаралық тәжірибеде, керісінше, отандық компанияларды қолдайды, оларға шетелдік компанияларға қарағанда артықшылық береді. Мемлекет жергілікті нарық субъектілерінің мүддесін қорғауға және олардың арасында адал бәсекелестік құруға мән береді. Алайда, біздің жағдайда Қазақстан Республикасындағы қазақстандық компанияларға әртүрлі преференциялар қолданылатын түбегейлі қарама-қарсы жағдай орын алған, бұл бүтін мемлекет шеңберінде жол берілмейтін жайт», – деп санайды Дархан Рахимов.

Сондай-ақ, Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығы мен «Орталық» жол-құрылыс, инжинирингтік ұйымдарының одағы өңірлік компаниялар басқа өңірлердің компанияларымен бәсекелесе алмайтын жолдарды орташа жөндеуде осындай преференцияларды енгізу мүмкіндігін атап өтті.

Кәсіпкерлер сапасыз жоспарлау және жобаларды уақтылы қаржыландырмау, инженерлік желілерді жүргізу бойынша жұмыстардың басталуының кешеуілдеуімен елеулі проблемалардың бар екенін атап өтеді.

 Ұсынылған түзетілер қабылданса, аталған проблемалардың болуы жол-құрылыс компанияларына кері әсерін тигізеді. Өйткені әрбір осындай қолда бар және аяқталмаған шарт үшін компания шартты жеңілдіктен 0,1% минус алады.

 Автомобиль жолдары комитетінің өкілі әкімдіктер басқармалары арасында келісілмеген іс-қимылдың болуы, сатып алуды өткізудің кезеңділігі мен реттілігі регламентін әзірлеу қажеттілігімен келісіп, бизнес-қоғамдастық жариялаған ұсыныстарды қарауға дайын екенін білдірді. Жиналыс қорытындысында автожолдарды сатып алу бойынша уәкілетті органның талдауын және бизнестің айтылған ескертулерін назарға ала отырып, қайта талқылауды өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер