astana-view

Жеке мемлекеттік орган керек: Ұлттық палата су тапшылығымен күрес шараларын ұсынды

2023 жылғы 20 Шілде
6147 просмотров

Бүгінде Қазақстанда жалпы ұзындығы 19,5 мың шақырым болатын су каналдары бар. Соның ішінде 3298 канал егістіктерге су жеткізеді. Олардың жартысы жөндеу мен қайта жаңартуды қажет етеді. Сонымен қатар, су саласында, әсіресе өңірлерде білікті мамандар тапшы. Бұдан басқа саланы реттеу үшін салалық заңдарды қабылдау керек.  Кейінгі жылдардағы тәжірибе су ресурстары комитетінің салалық мәселелер бойынша дербес шешім қабылдай алмайтынын көрсетті. Өйткені комитет – экология немесе ауыл шаруашылығы болсын, министрдің саясатына тікелей байланысты. Әлемде су ресурстарының жыл сайынғы қысқаруын, сондай-ақ климаттың өзгеруін ескере отырып, бұл мәселеге аса жауапкершілікпен қарау қажет. Осыған байланысты Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстанның су саласын дамыту жөніндегі шараларды ұсынды.

Қазір су саласын регламенттейтін негізгі құжат – ҚР Су кодексі. Бұл ретте су саласы экономиканың барлық дерлік саласын қозғайды және Экологиялық кодекс, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексте, «Агроөнеркәсіп кешені және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заң, «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заң, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы, сондай-ақ АӨК дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын да қамтиды.

Дүниежүзінде су жыл сайын қысқарып, климаттың өзгеріп жатқанын ескере отырып, Ұлттық палатаның сарапшылары бұл мәселеге жауапты әрі ұтымды қарау керек деп санайды.  Осыған байланысты маңызды аспектілерге сүйенуді ұсынады.

«Біріншіден, Су ресурстары жөніндегі комитетті Экология министрлігінің қарамағынан шығарып, дербес мемлекеттік орган мәртебесін беру керек. Тәжірибеге сүйенсек, комитет дербес шешім қабылдай алмайтын, бағынышты орган. Дербестік министрліктің жоғары тұрған басшылығының пікіріне қарамастан, барлық бағыт – суару, су айдындарын сақтау, ауыз су, трансшекаралық өзендер бойынша мәселелерді шешуге мүмкіндік береді», – дейді Ұлттық палатаның АӨК жөніндегі сарапшысы Әділ Қасқарауов.

Маманның айтуынша, қоғамдық қатынастарды реттеу және белгілі бір мемлекеттік шараларды қолдану мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында салалық заңдар қабылдау қажет. Мәселен, Қазақстанда «Жерді мелиорациялау туралы», «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы», «Сумен жабдықтау және су бұру туралы» заңдар жоқ. Кейбір заң жобасы бұрын талқыланған, бірақ, өкінішке қарай, қабылданбаған. Сондықтан, екіншіден, осы заңдарды қабылдау саланың көптеген мәселесін реттеуге мүмкіндік береді.

«Үшіншіден, кадр мәселесіне, әсіресе тар шеңберлі мамандар: гидротехниктер, геологтар, гидрологтар, инженерлер тапшылығына ерекше назар аударған жөн. Әсіресе өңірлерде білікті мамандар жеткіліксіз», – деді спикер.

Қазақстанда су каналдарының жартысынан көбі жөндеуді және қайта жаңартуды талап етеді. Елде су жеткізудің жер үсті әдісі әлі күнге дейін қолданылады, егер су бетон науалар арқылы егістіктекке жетсе жақсы, бірақ көптеген жерде су әлі күнге дейін жер төсемімен ағады. Салдарынан судың көп мөлшері тіпті егістіктерге жетпейді, буланып кетеді немесе жерге сіңеді. Су ысырап кетіп жатыр. Сарапшылар құрылыс шығындарына қарамастан, су шығынын азайту үшін магистральдық құбырлар салу мүмкіндігін қарастыру қажет деп санайды.

«Төртіншіден, инфрақұрылым жаңарса, ұзақ мерзімді перспективада өнімділік пен рентабельділікті орта есеппен 30-40%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты суаруды дамытудың мемлекеттік тәсілін қайта қарау қажет. Барлық канал мемлекетке тиесілі екенін ескере отырып, суару жүйесін реттеу келтіру керек. Бұл ретте ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру және қалпына келтіру кезінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің әлеуетін пайдалану жөніндегі шараларды қарастыруды ұсынамыз. Ирригациялық желілерді салуға жеке инвесторларды тарту мемлекеттік бюджет шығындарын бірнеше есе қысқартуға және суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деп толықтырды Ұлттық палата өкілі.

Еске салсақ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы су мәселесінің өзектілігін ескере отырып, Үкіметке тиісті ұсыныстар енгізген болатын. Сонымен қатар, Ұлттық палата кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың назарын күрделі проблемаға аудару үшін сала мамандарымен талқылау ұйымдастырды. Назарыңызға алғашқы материалымызды – ардагер сушы Ерлан Бадашевпен сұхбатты ұсынамыз. Алдағы уақытта біз салалық сарапшылар мен ауыл шаруашылығы мамандарының пікірін жариялаймыз.

 

  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер