astana-view

Сауда желілерінде сатылған тауарға сыйақы белгіленген мөлшерден 6 есе жоғары

2023 жылғы 29 Тамыз
7473 просмотров

 Заңнамаға сәйкес сауда желілерінде сатылған тауарға сыйақы 5%-дан аспауы тиіс. Бірақ іс жүзінде қазір үстеме 30%-ға  дейін барады. Бұл туралы Тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібінің мамандары айтты.

«Атамекен» ҰКП алаңында сауда желілері мен FOOD сектор өндірушілерінің заңнаманы сақтау бөлігіндегі өзара іс-қимыл мәселесіне арналған дөңгелек үстел өтті. Шараға «Атамекен» ҰКП, Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, Сауда комитеті, Сауда желілері одағы, «Қазақстан стандарттау және метрология институты» РМК және басқа да мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты.

Мәселелердің бірі – заңнаманы, атап айтқанда, сауда желілерінде сатылған тауарға сыйақы 5%-дан аспауы керек деген 7-тармақтың 31-тарауындағы норманы сақтау.

Қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы қатысушыларға отандық жеткізушілер мен кейбір ірі сауда желілерінің өзара әрекеттесуіне жасалған зерттеуді ұсынды.

 «Өкінішке қарай, кейбір жетекші сауда желілері бұл талаптарды орындамайды. Сауда желісі мен өндірушілер арасында жасалған шарттарға қарамастан, сыйақы мөлшері 30% және одан жоғары деңгейге жетеді», – деді Қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының басшысы Айжан Наурызғалиева.

Сонымен қатар, тауарлық сапаның коммерциялық стандарттары, атап айтқанда, БҰҰ ЕК стандарты, сондай-ақ барлық сауда желілерін пайдалануға тиіс МЕМСТ және СТ стандарты бар. Бірақ іс жүзінде бұл шарт орындала бермейді.

Елдегі ірі желілер, әрине, осы стандарттарды басшылыққа алады және олардың негізінде тіпті өз жеткізушілері үшін тренингтер өткізеді. Тренингтерде  желіге жеткізетін өнімдер қандай талаптарға сай болуы керек, қандай ақауларға жол берілетінін көтеріп, талқылайды.

Атап айтқанда, елордалық желілердің бірі – МЕТРО желісі аталған стандарттарды қолданады. Сонымен, егер жеткізілетін өнім желінің талаптарына жауап бермесе немесе қандай да бір критерийлер бойынша желі талап ететін деңгейге жетпесе, онда желі қызметкерлері көшпелі аудит жүргізеді және түйткілді мәселелерді жоюға көмектеседі.

Дөңгелек үстелге қатысушылар осыған ұқсас іс-шараларды Қазақстан аумағында жұмыс істейтін басқа да қазақстандық сауда желілері қолданса екен деген пікір білдірді. 

Сонымен қатар, өнім өндірушілерді ғана емес, сонымен қатар сауда желілерін де бақылау керек. Сөрелерде қандай өнімдер сатылатытын қадағалап, мемлекет тарапынан сауда желілерін бақылау қажет. Мысалы, мерзімі өтіп кеткен және таңбалау талаптарына сәйкес келмейтін жағдайлар болады. Өнімдерді сауда желілеріне жеткізетін отандық өндірушілер тексеріледі және олар жеткізілетін өнімнің сапа сертификатына ие. Сондықтан бұзушылықтар жеткізуші тарапынан немесе желінің өзінде өнімді қайта орау арқылы таңбалаудың бұзылуына жол беретін сауда желісі тарапынан жіберілді ме, соны анықтап алу керек.

Талқылау барысында құрылымды диалог болды. Оның барысында қолданыстағы заңнамаға – Сауда қызметі туралы заңға, Кәсіпкерлік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу ретінде қаралуы мүмкін ұсыныстар мен өзгерістер айтылды.

  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер