astana-view

Ұлттық палата салық саясатын жақсартуға қатысты ұсыныстарын атады

2023 жылғы 06 Қыркүйек
7281 просмотров

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов Ұлттық палатаның Қазақстандағы салық салуды жақсарту бойынша ұсыныстарын айтты. Ұсыныстардың қатарында ҚҚС қайтару рәсімін жеңілдету, ҚҚС бойынша шекті ұлғайту, бөлшек салықты қолдануды кеңейту бар.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  өзінің кезекті жолдауында Қазақстандағы салық салу тақырыбын қозғаған болатын. Президент салықтық әкімшілендірудің күрделі жүйесін, сондай-ақ ҚҚС-ты қайтарудың қиын рәсімін атап өтті.

«Кәсіпкерлер қосымша құн салығын қайтару рәсімінің күрделі екені жөнінде орынды мәселе көтеріп, шағымданып жүр. Бұл жайт еліміздегі инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізеді. Үкімет көптен бері түйіні тарқамай келе жатқан осы мәселені шұғыл шешуге тиіс. Сондай-ақ салық жеңілдіктерін беру тәртібін реттеу қажет. Олар экономикалық ынталандыру шараларының нысаналы тәсілі болуы керек», – деп атап өтті Президент.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені бірнеше рет көтерді және ҚҚС қайтару рәсімін оңайлату бойынша өз құзыреті шеңберінде кәсіпкерлерге жәрдем көрсетуге дайын.

«Біз ҚҚС шегін тек ірі бизнес үшін қою керегін көтеріп келдік. Шағын және орта бизнес үшін бұл ауыр жүктеме. Оны әкімшіліктендіру керек. Сонымен қатар, қазіргі кезде ҚҚС бойынша қайтару процедурасы өзекті болып тұр. Қайтарылуы тиіс ҚҚС бойынша шамамен 1 трлн теңге қайтарылған жоқ. Әрине, бұл бизнес үшін ауыр соққы. Мәселені шешу қажет», – деп санайды Тимур Жаркенов.

Ұлттық палата мәселенің шешімі ҚҚС қайтару механизмін оңайлатуда деп санайды.

«Біз мемлекеттік органдармен қосымша құн салығын оңайлатылған қайтару механизмін пысықтау қажеттігін атап өтеміз. Ол үшін ҚҚС бойынша шекті арттыру және ҚҚС бойынша не жалпы салық салу бойынша жаңа механизмдерді әзірлеу қажет. Бұл бизнестің дамуы үшін жаңа ынталандыру болуы және орта бизнестің қайта шағын бизнеске немесе сұр аймаққа қайта оралуына мәжбүрлік болмауы үшін қажет», – деді спикер.

 Тимур Жаркенов  неліктен көптеген кәсіпкер осы жылдың наурызында бөлшек салықты енгізудің тиісті әсерін сезінбегенін айтты.

«Іс жүзінде бөлшек салықты енгізудің нәтижесі біз күткендей болмады. Бөлшек салықтың мөлшерлемесі 4 пайыз болды. 2 пайызға дейін түсіру мүмкіндігі жергілікті мәслихаттарға берілді. Бұл ретте, іс жүзінде Қазақстанның 3 өңірінде ғана мөлшерлеме төмендетілді. Әрине, ондай әсер болған жоқ. Сондықтан мәслихат депутаттарының өздерімен осындай шешімдер қабылдауға дайын болу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек деген тұжырым бар», – деп атап өтті ол.

Айта кетейік, бөлшек салықты қолдануды кеңейту және ҚҚС шегінен асып кету проблемаларын жою үшін «Атамекен» Ұлттық палатасының мамандары акциздік өнімдер, мұнай өнімдеріне белгілі бір шектеу жасай отырып, бөлшек салықтың арнайы салық режимін пайдалана алатын экономикалық қызмет түрлерінің санын көбейтуді ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер