astana-view

200 млн теңге салық: кәсіпкерлер елді мекенге қосылған жер учаскелеріне салық көтерілгеніне наразы

2023 жылғы 22 Қыркүйек
7978 просмотров

Дереккөз: ашық дереккөз

Ұлттық палатаға өңірлердегі кәсіпкерлерден жерге қатысты шағымдар түсіп жатыр. Кәсіпкерлер бұрын елді мекендер шегіне енгізілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін пайдаланғаны үшін салық салудың жоғары мөлшерлемесіне наразы. Кейбір кәсіпкерден алдыңғы 3 жылды ескере отырып, 200 млн теңге салық төлеу талап етілген. Салық органдары өткен жылдар үшін салықты қазір ғана талап ете бастағанына кім кінәлі және жалпы мұндай сомалар қайдан шыққанын саралап көрейік.

Ауыл шаруашылығымен айналысуға арналған жер учаскелері бар бірнеше өңірдің кәсіпкерлері өткен жылдың соңында әкімдіктер мен мемлекеттік кірістер комитетінен жерді пайдаланғаны үшін салық төлеу туралы хабарламалар алған. Салық мөлшерлемесі жалпыға бірдей мөлшерлемемен белгіленген.

«Мұндай учаскелер елді мекендерге осыдан бес жыл бұрын қосылғанын атап өту керек. Ал жоғарыда аталған талаптар жер пайдаланушыларға өткен жылдан бастап қойыла бастаған. Осылайша өткен жылға дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері бойынша кәсіпкерлер Салық кодексінің 503-бабына сәйкес жердің сапалық сипаттамаларына байланысты салықты гектарына төледі», – деді «Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Ернұр Әбжан.

Сарапшының айтуынша, 2018 жылы жаңа Салық кодексін қабылданған соң елді мекендер шегінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің гектарына салық салуды көздейтін норма алынып тасталды. Қазір фермерлердің жерлері бойынша мемлекеттік органдар Кодекстің 505-бабын басшылыққа алады. Бұл бап әрбір шаршы метр үшін ақы төлеуді көздейді. Мұндай жердің ауқымын ескерсек, шаршы метріне қарай санау ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін қаржылай жүктеме болып отыр.

  «Мысалы,  Павлодар облысында елді мекенге 2007 жылы қосылған жер учаскесіне былтырға дейін салық жылына 1,2 мың теңге мөлшерінде салынса, қазір мемлекеттік орган әр шаршы метрді есептеп, салық төлемі жылына 8,5 млн теңгені құраған», – деп атап өтті спикер. 

Тағы бір мысал, Қостанай облысының кәсіпкердің Қостанай қаласы солтүстік өнеркәсіп аймақта жер учаскесі бар. Ауданы – 992 гектар. Осы жер учаскесіне салық 120 мың теңгеден 60 млн теңгеге дейін өсіп кеткен.

Осыған ұқсас нұсқамаларды елордалық ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланушылар да алды. Бұл ретте мемлекеттік орган барлық кәсіпкерден салықтың ұлғаюы алдыңғы 3 жыл үшін төлеуді талап етеді. Бұл шара кәсіпкерлерді қаржылай тығырыққа соғады.

 «Ауыл шаруашылығы жерлерін елді мекенге қосу туралы шешімді мемлекеттік органдар кәсіпкерлермен келіспей шешкен. Бұл жағдай іс жүзінде фермерлерді жер учаскесінен бас тартуы үшін жасалып жатыр деген ойдамыз. Өйткені олар үшін осындай активке иелік ету қиынға соғып барады», – деп санайды Ернұр Абжан.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені Үкімет деңгейінде бірнеше рет көтеріп, мынадай шараларды: жаңа Салық кодексінің редакциясын әзірлеу шеңберінде ҰЭМ мен АШМ-ге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне/елді мекендер шегінде пайдалануға салық салуды реттейтін ауыл шаруашылығы тауар өндірісін жүргізудің ерекшелігін ескеретін ондағы жеке норманы бекітуді тапсыруды ұсынды.

Ал, кәсіпкерлер салық салу бойынша жаңа талаптар 2018 жылы күшіне енсе, неліктен салықтың көтерілгені жайында енді хабарланып жатқанын түсінбей дал. Оның үстіне олардан өткен үш жыл үшін төлем талап етіліп жатыр. 

Осындай сұрақ қойылған кезде мемлекеттік органдар бір-біріне сілтейді, салық органдары кінәрат жер пайдаланушылардан кеткен дейді. Жер пайдаланушылар өткен жылдың аяғынан бастап деректерін өзгертті, сондықтан салықшылар өткен жылдарды есептей бастаған.

Сондықтан Ұлттық палата Үкіметтен Қаржы министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне Салық кодексіне тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін жергілікті әкімдіктер мен салық салушылардың атына өткен жылдардағы борыштарды есептеу тәжірибесін тоқтату және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің меншік иелері мен пайдаланушыларына елдімекендердің шегінде орналасқан жерді пайдалануға нұсқама беру жөнінде хат жолдауды сұрадық.

Мәселе әлі де өзекті. Оны шешу үшін мемлекеттік органдарға тапсырма берілген. Алайда нәтижесі жоқ.

Осы жағдайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі бизнес өкілдерімен кездесу барысында айтқанын атап өткен жөн. Онда Мемлекет басшысы экономиканы ынталандыратын әділ салық салуды қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

 «Кәсіпкерлер салық заңнамасының күрделілігі мен тұрақсыздығына қатысты шағымданып жатыр. Бұл жайт инвесторлар деңгейін төмендетеді. Кейде кәсіпкерлерге болмаған жерден кедергі жасалады. Фискалды органдар кәсіпкерлерді сот дауларына жаппай тартып жатыр», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президенттің осы сөзінен кейін мәселе шешімін табуы мүмкін.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер