Атырауда 10 жыл ішінде 307 млрд теңгеге 8 мыңнан аса бизнес-жобаға сүйемелдеу көрсетілді
«Атамекен» ҰКП-ның 10 жылдық мерейтойы аясында Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы қызметтің негізгі қорытындыларын шығарды.
Осы кезеңде өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен аудандық филиалдары 307 млрд теңге сомасына 8 мыңнан астам бизнес-жобаны сүйемелдеп, іске асырды. Бұл туралы Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Еркінбек Қаракешов айтты.
Спикер бөлімнің негізгі міндеттері мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, экономиканың түрлі салаларындағы кәсіпкерлерге жәрдемдесу, сыртқы экономикалық байланыстарды дамыту, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту үлесін ұлғайту екенін еске салды.
«Мысалы, «Қарабаев» жеке кәсіпкерлігі құрылыс материалдарын өндіруді жоспарлап, өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінді. Бөлім қызметкерлері «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының шарттарын толық түсіндіріп, жобаны банктен қаржыландыру алғанға дейін сүйемелдеді. Тағы бір кәсіпкер арболит блоктарын өндіру жобасын жүзеге асырғысы келді, бірақ бұл өндірістің ЭҚЖЖ қаржыландырылатын салалар тізімінде болмады. Бөлім қызметкерлерінің көмегімен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына өзгерістер енгізілді, кәсіпкер қаржыландыру мүмкіндігіне ие болды. Енді бұл шараны барлық бизнес субъекті пайдалана алады», - деді Еркінбек Қаракешов.
Оның айтуынша, жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі комиссия арқылы Атырау өндірушілерін қолдау бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, комиссия отырысы барысында жергілікті атқарушы органдарға өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері жергілікті өндірушіден кір сабын сатып алу мәселесін қарауды ұсынды. Бұрын бұл өнімдер ресейлік өндірушілерден сатып алынған, дегенмен облыста осындай өндіріс бар. Нәтижесінде кәсіпкер өз тауарын жеткізу және өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік алды.
Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы қызметінің негізгі бағыты бизнестің құқығы мен мүддесін қорғау. 2013 жылдан бастап Өңірлік палатаға бизнес субъектілерінен 4 654 өтініш келіп түсті, оның ішінде – 1 861 немесе 40%-ы оң шешілді. Кәсіпкерлердің мүліктік құқығы жалпы сомасы 3 млрд теңгеден астам сомаға қорғалған. Палатаның бастамасы бойынша 80-нен астам лауазымды тұлға бизнес құқығын бұзғаны үшін жауапқа тартылды.
Мысалы, 2000 жылы Атырау облысы әкімдігінің қаулысымен «Әсел» ЖШС қосалқы шаруашылық ретінде пайдалану үшін жалпы ауданы 144,8 га жер учаскесіне тұрақты жер пайдалану құқығы берілді. Кейіннен әкімдіктің қаулысы және 2003 жылғы 25 желтоқсандағы сатып алу-сату шарты негізінде аталған жер учаскесі «Әсел» ЖШС-ға жеке меншік құқығымен берілді.
Бұдан әрі серіктестік аумақты абаттандырды, сондай-ақ израильдік тамшылатып суару технологиясын пайдалана отырып, ауданы 4 мың шаршы метрден асатын жылыжай шаруашылығының құрылысын бастады. 2000 жылдан бастап қосалқы шаруашылықты ұйымдастыруға жұмсалған шығындар және басқа да шығындар 200 млн теңгеден асты, оның жартысынан көбі – банктік несие.
2017 жылы Атырау қаласы әкімінің аппараты облыстық әкімдіктің қаулысын заңсыз деп тану және сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінді. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен оған талап қою мерзімінің өтуіне байланысты бас тартылды. Алайда, мемлекеттік орган қабылданған шешіммен келіспеді және облыстық сотқа апелляциялық шағыммен жүгінді. Нәтижесінде бірінші сатыдағы соттың шешімі жойылып, талаптарды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылды. Яғни, апелляциялық сатыдағы сот кәсіпкердің жер сатып алуын заңсыз деп таныды.
«Бұл істе сот шешімі бір ғана серіктестіктің емес, бірден 15 кәсіпкердің мүддесіне нұқсан келтіргенін атп өткен жөн. 2003 жылы «Әсел» ЖШС жер учаскесін жеке меншік құқығымен бергеннен кейін серіктестік жердің бір бөлігін басқа бизнес субъектілеріне сатты. Осы жерде 10 жылдан астам кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кәсіпкерлер өңірлік палатаға заңды күшіне енген сот шешімін қайта қарауға жәрдемдесу туралы өтініш білдірді. Өтініш берушіге көрсетілген консультативтік-құқықтық көмектің нәтижесі бойынша, сондай-ақ бизнес-омбудсменнің қолдауымен ҚР Жоғарғы сотының азаматтық істер жөніндегі кассациялық алқасының қаулысымен Атырау облыстық сотының қаулысы жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалды», – деді Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев.
Заңердің айтуынша, бизнестің дамуына кедергі келтіретін осындай жүйелік проблемалар өңірде де туындайды. 10 жыл ішінде Палата 300-ге жуық әкімшілік кедергілерді анықтап, жойды.
«Жетістіктердің бірі – «Қазтрангазаймақ» АҚ-тың талабын жою болды. – «Қазтрангазаймақ» АҚ газ үшін 100 пайыз алдын ала төлем және тұтынушы алдын ала мәлімдеген, бірақ пайдаланбаған көлемдер үшін айыппұл салған. Монополистің осы талаптарына кәсіпкерлердің шығындары олардың бюджетіне қосымша ауыртпалық түсірді. Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша акционерлік қоғам өзінің нарықтағы үстем жағдайын пайдалана отырып, контрагенттерге экономикалық негізсіз шарттар қоя отырып, нарық субъекті, тұтынушылардың белгісіз тобының заңды құқығына нұқсан келтіретіні анықталды. Бұл өз кезегінде бизнес ортада теріс қоғамдық резонанс тудырған адамдардың шектеусіз тобының құқығының бұзылуына әкеп соқты.
Өңірлік палата екі жыл бойы түрлі деңгейде көптеген кездесу өткізді. Нәтижесінде ҚР Энергетика министрлігінің «Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оған сәйкес тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар тұтынған газ үшін ақы нақты тұтынылған газ көлемі үшін төленеді. Сондай-ақ, газды жеткілікті көлемде алмағаны және асыра алғаны үшін айыппұл санкциялары алынып тасталды», – деді Сәрсенбай Жолдыбаев.
Пандемия кезінде өңірлік кәсіпкерлер палатасының құқықтық блогы тоқтаусыз жұмыс істегенін атап өткен жөн. Бизнестен 1000-нан астам өтініш қабылданды. Күндіз-түні кәсіпкерлердің көліктің блокпосттар арқылы өтуі, форс-мажор туралы куәліктер алу, бизнес объектілерінің регламенті мен жұмыс режимін өзгерту, салық жүктемесін азайту, жалдау ақысын төлеуден босату, несиелер бойынша төлемді кейінге қалдыру, коммуналдық қызметтер үшін және басқалар бойынша туындайтын проблемалары шұғыл түрде шешілді.
2015 жылдан бастап Атырау облысының кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімі жұмыс істейді. Бөлім басшысы Жанаргүл Жоламанова өңірлік палата жеке консультациялар, мамандандырылған қызмет түрлері түрінде тегін көрсетілетін қызметтер туралы бизнес субъектілерін тұрақты негізде хабардар ететінін айтты. Бухгалтерлік және салықтық есепке алуды жүргізу, статистикалық есептілікті жасау, заң мәселелері мен конкурстық рәсімдер, мемлекеттік қолдау шараларын қаржыландыру және алу, бизнес-жоспарларды әзірлеу жөніндегі сервистік қызметтер офлайн және онлайн форматтарда көрсетіледі.
«2015 жылдан бері аудандық кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында 54 414 ақпараттық-консультациялық қызмет, Атырау облысының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында 15 569 сервистік қызмет көрсетілді. 2022 жылдың наурызынан бастап Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы жанынан Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды, онда жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдер үшін жеті қызмет түрі көрсетіледі. «Мен кәсіпкер» жобасы шеңберінде салалық және бейіндік оқу бойынша қызметтер аса сұранысқа ие. Өткен кезеңде Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында 892 әйел қызмет алды, оқу курстарында жаңа мамандықтарды 267-ден астам әйел игерді», – деп хабарлады Жанаргүл Жоламанова.
Осы жылдар ішінде Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы мектепке дейінгі, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін бизнесмендердің проблемаларын шешу үшін тиімді диалог алаңына айналды.
Адами капиталды дамыту бөлімінің ақпараты бойынша, 2017 жылдан бастап өңірлік палата қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды дамыту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Осы уақыт ішінде ҚР Білім беру ұйымдарының тізіліміне облыстың 36-дан астам оқу орталығы кірді, оның ішінде кәсіпорындар жанынан – 6, дербес – 24, колледждер жанынан – 6.
2014 жылдан бастап Палата өңірде дуальды оқытуды дамытып келеді. 2023 жылдың қыркүйегіне 1000-ға жуық кәсіпорын мен 15 колледжді тарта отырып, дуальді жүйе арқылы 5 мыңнан астам студент даярлаудан өтті.
2019 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп мектептер, колледждер және жоғары оқу орындарында «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнін оқу процесіне енгізу жобасы іске асырылды. Жоба аясында 200-ден астам педагог біліктілігін арттырып, облыстың 5 мың студенті мен оқушысы пән бойынша оқытылды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: