astana-view

Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру саласы қалай қалыптасты

2023 жылғы 02 Қазан
6463 просмотров

Биыл Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығына да Ұлттық палатаға секілді құрылғанына 10 жыл толып отыр.  Қауымдастықтың төрайымы Лейла Күленова жеке мектепке дейінгі білім беру саласы жылдар бойы қалай өзгерді және қауымдастықтың тәжірибесі мен жетістіктері жайында айтты.

– Лейла Ескендірқызы, мектепке дейінгі білім беру саласына қалай келдіңіз?

– Бұл салаға көпшлік секілді балаларым арқылы келдім. Екінші балама аяғым ауыр кезде тұңғышым небәрі екі жаста еді. Оны балабақшаға орналастыру қиын болды. Сол кезде бірнеше кәсібім болды. Қоғамдық тамақтану саласына орынжай сатып алған кезде, бұл ғимарат балабақшаға шақталып салынғанын байқадық. Сол кезде неге жеке балабақша ашпасқа деп, осы салаға бет бұрдық. Балабақшаға балаларымның барып жүргенін елестетіп, осы жобаны іске асыруға жанымды салдым. Осы салаға түбегейлі бет бұрамын деп ойламадым. Нәтижесінде мамандығым бойынша заңгер мен  екінші мамандық – педагогикалық білімді игердім де осы салаға өмірімді арнадым десе болады.

– Қазақстан үздіксіз білім беру қауымдастығының миссиясы қандай? Осы он жыл ішінде ұйымның жетістіктері қандай болды?

– Кез келген қауымдастық секілді біз  мүшелеріміз, кәсіпкерлеріміздің мүддесін нормативтік тұрғыда қорғау, жеке мектепке дейінгі білім беру саласын дамытумен айналысамыз.

 Он жыл ішінде үлкен жолды жүріп өттік. Барлығы 2005 жылы жеке балабақша ашудан басталды. Сол кезде жеке білім беру саласында ешқандай нормативтік база болған жоқ, білім беру тек мемлекеттік болды. Тіпті санитариялық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормативтер мемлекеттік балабақшалар үшін ғана болды. Ал лицензиялау сол кезеңде меншігінде өз ғимараты бар адамдарға ғана берілді. Яғни, «жалға алу» ұғымы мүлдем болған жоқ. 2009 жылы біз лицензиядан бас тартып, оның орынсыздығын негіздей алдық.

 Сонымен қатар білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес балабақшалар үлгілік ғимараттарда ғана жұмыс істе алды. Жеке ұйымдарда мұндай үлгілік ғимараттар қайдан болсын? Біз бұл ситуацияны да шеше алдық. Практиктер ретінде өз ұсыныстарымызды бердік, Ұлттық палата сарапшыларымен жаңа қағидалар жобасын дайындадық. Министрлік санитариялық қағидаларды қалай өзгертуге болатынын түсінбеді. Бірақ біз өз позициямызда тұрдық. Бұл нағыз күрес болды. Сайып келгенде, «Атамекеннің» көмегімен біз санитариялық қағидаларды өзгертуге қол жеткіздік және көптеген жеке балабақшаға көлеңкеден шығып, лицензия алуға көмектестік.

 2016 жылы біз қауыымдастық ретінде Ұлттық палатада аккредиттеуден өттік те бірден жан басына қаржыландыру әдістемесін әзірлеуге белсенді қатыстық. Сол кезде біздің көптеген ұсынысымыз қабылданды.

 – Бизнес-қоғамдастықтың арқасында қабылданған өзгерістер саланың және жалпы қоғамның дамуына қалай әсер етті?

– Біріншіден, бұл шаралар балалардың қорғауын күшейтті. Себебі балабақшаларға деген қажеттілік әрқашан болған. Балабақша саны қашан да аз болатын. Мемлекет бұл қажеттілікті қанағаттандыру үшін көп бақша салмас еді. Сондықтан жеке балабақша бизнесі сонда да дамып, өсер еді. Бірақ  балабақшалар жер төледе де жұмыс істеп,  балалар үшін жағдай әлдеқайда нашар болар еді. Екіншіден, мектепке дейінгі білім беру саласындағы кәсіпкерліктің өзі жаңа деңгейге көтерілді. Сондықтан, менің ойымша, біз батыл қадам жасадық.

 – Қалай ойласыз, осы жылдар ішінде «Атамекен» ҰКП және қауымдастықтың беделі артты ма?

– Әрине, артқанда қандай. Саламыздағы кәсіпкерлер тарапынан «Атамекен» ҰКП жұмысына шағымдар болған емес, көрсетілген қолдау үшін алғыс қана айта аламыз. Бұл түсінікті де, өйткені «Атамекен» ҰКП – кәсіпкерлер мен мемлекет арасындағы дәнекердің дұрыс моделі.

Қазақстан үздіксіз білім беру қауымдастығының жұмысы да бір орында тұрған жоқ, біз әр қадам сайын өсіп, алға ілгеріледік. Қазақстанда балалардың 50 пайызы жеке балабақшаларда тәрбиеленіп жатыр. Балалар жеке балабақшаларға баласын берсе, демек бізге сенім артқаны. Демек, көңілінен шығады. Проблемалар әлі де бар, олар адами факторларға, тәрбиешілердің психикасына байланысты. Мемлекеттік балабақшаларда мұндай проблемалар жоқ деп айтуға болмайды. Бұл бүкіл мемлекеттің мәселесі. Бұл дегеніміз, тәрбиешілерімізге дұрыс көңіл бөлмейміз. Демек, олардың еңбекақысынан бастап, зейініне, оқуына және біліктілігіне дейін назар аударып, бақыт индексін арттыру керек.

– Қазір қауымдастық алдында қандай міндеттер тұр және жекеменшік мектепке дейінгі білім беру саласындағы кәсіпкерлердің қандай мәселелерін жиі шешуге тура келеді?

  – Қауымдастықтың міндеті көп, бұл жақсы үдеріс ер едім. Өкінішке қарай, бізде ұйымды дамуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға уақыт жоқ және көбінесе мемлекеттік органдары қабылдаған шешім салдарымен жұмыс істейміз. Мысалы, балабақшаларда балаларға арналған Face-ID турникеттерін және ата-анасында смартфонның болуы міндетті QR-кодтарды енгізуге қарсымыз. Тіпті БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы балалардың биометриялық деректерін пайдалануға тыйым салады. Бұл мүлдем абсурдты шаралар. Бірақ осындай талаптар енгізіліп жатыр. Осындай нормативтік-құқықтық база кәсіпкерлер мен «Атамекен» ҰКП сарапшыларының келісімінсіз және пікірін ескерусіз қабылданғандықтан туындайды. Тәжірибе ретінде біз белгілі бір шешімнің мектепке дейінгі білім беру саласына қалай әсер ететінін жақсы білеміз. Мұндай жағдайлар аяқталмайды. Саламыздың «созылмалы ауруы» сияқты күнделікті өміріміз.

 – Қазақстандық мектепке дейінгі білім беру саласына не жеткіліксіз? Қалай жақсартып, дамытуға болады?

 – Менің ойымша, ең бастысы – адамдарға инвестиция салу. Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру мамандарының біліктілігін арттыру мәселесінде оларды мемлекеттік және жеке деп бөлмеу, оқуда бірдей қолдау көрсету керек. Әділ еңбекақыны қамтамасыз ету маңызды. Мұғалім – шығармашылық мамандық, әсіресе егер бұл кішкентай балалармен жұмыс болса тіптен жауапты. Мұғалім жайлы ортада жұмыс істеп жатқанын сезінсе, шығармашылықпен толықтай еркін жұмыс істеп, балаға білім нәрін сусындата алады. Егер мұғалім қарызға, несиеге батып кетсе, үйінде жағдайы ауыр, еңбекақысы аз болса, оның балалармен бірге ойнап, алаңдамай шығармашылықпен айналысуы екі талай.

– Әңгімеңізге рахмет!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер