astana-view

Мәселелерді бірлесіп шешу керек – Ерұлан Жамаубаев

2023 жылғы 19 Қазан
6525 просмотров

 ҚР премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амриннің қатысуымен бизнестің түйткілді мәселелеріне қатысты жиын өтті.

Жиында мемлекеттік сатып алу саласындағы жүйелі проблемалар қаралды. Атап айтқанда, ұлттық режимнен алып қоюды қолдану; авторлық қадағалауға арналған шығыстар лимитін төмендету; қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес ЖСҚ әзірлеуге арналған лоттардың (конкурстық құжаттаманың) құнын қалыптастыру бөлігінде тапсырыс берушілерге міндетті талаптарды белгілеу. Сондай-ақ, кәсіпкерлер ТМККК және МӘМС шеңберінде жұмыс істейтін ұйымдардың кредиторлық берешегінің өсуіне және тіркелген тұрғын саны жоқ медициналық ұйымдардың стационарды алмастыратын медициналық көмекті сатып алуға рұқсат беру мүмкіндігін сақтауға қатысты мәселелерді көтерді.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин Ұлттық палата отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Біз ұлттық режимнен алып қоюды енгіземіз (құжат ретінде алып қою), бірақ іс жүзінде отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін бұл шаралар жұмыс істемейді. Өйткені тапсырыс берушілер, мемлекеттік, квазимемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қаулыларда көрсетілген талаптарды сақтамайды. Бұл жиһаз, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, есептеу блоктары, синтетикалық каучуктан жасалған жылу оқшаулағыш материал және құрылыс саласындағы тас өнімдеріне қатысты. Сонымен қатар, бізге кейбір өңірлерде, атап айтқанда Түркістан облысы бойынша жергілікті атқарушы органдар индустриялық сертификат және отандық өндірісті растайтын басқа да құжаттары жоқ компаниядан миллиард теңгелік жиһаз сатып алатыны туралы шағым хаттар келіп түсті. Мұнда Қаржы министрлігі қызметіне қатысты сауалдар. Бұл процедуралар қалай жүзеге асырылды? ... Мемлекет басшысы тапсырғандай, біз өңдеу өнеркәсібінде отандық тауар өндірушілерді қолдауды қамтамасыз етуіміз керек», – деді Мұрат Амрин.

Сондай-ақ, жиын барысында жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер шеңберінде ұлттық режимнен алуға жататын тауарларды сатып алуға тыйым салуды шектеу және белгілеу мемлекеттік сатып алудың тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ оларға отандық өндірушінің бәсекелестік қолжетімділігін құруға мүмкіндік беретіні айтылды.

Ерұлан Жамаубаев көтерілген проблемамен келісіп, мемлекеттік органдарға барлық фактіні талдап, қажет болған жағдайда тиісті өзгерістер енгізуді тапсырды.

«Қазақстан жобалаушыларының республикалық одағы» Өзін-өзі басқарушы ұйым төрағасының орынбасары  Мюаш Бисарова қазіргі уақытта авторлық қадағалауды жүргізу жөніндегі нормативтердің төмендеуі Қазақстанның жобалық компанияларына зиян келтіретінін айтты. Сондықтан тапсырыс берушінің авторлық қадағалау лимиттерінің нормаларын ұлғайту бөлігінде тиісті нормативтік құжатқа өзгеріс енгізу қажет.

Сонымен қатар кәсіпкерлер жобалау-іздестіру жұмыстары жүйелі түрде нормативтермен айқындалған бағадан едәуір төмен бағамен әзірленетінін айтты.

ТМККК және МӘМС шеңберінде жұмыс істейтін ұйымдардың кредиторлық берешегінің өсуіне қатысты «Салауатты Астана» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Лейла Ишбаева мәселе көтерді.

«Медициналық ұйымдардың медициналық қызметтерді бірлесіп орындаушылар (КТ, МРТ және т.б.) және фармацевтикалық өнімдерді жеткізушілер алдындағы кредиторлық берешегі өсіп жатыр. Нәтижесінде медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығы төмендейді. Өйткені олардың қарыздарын жабудың басқа көздері жоқ. Нәтижесінде халық үшін медициналық көмектің қолжетімділігі төмендейді. Сонымен қатар, қарызды төлемеу салдарынан медициналық ұйымдар арасында жаппай сот ісін жүргізу қаупі артады», – деді ол.

«Медициналық ұйымдардың 2023 жылы тек екі зертхана бойынша көрсеткен қызметтері үшін берешегі 8,0 млрд теңгеден асқан. Фармацевтикалық өнімді жеткізушілер алдындағы берешек сомасы - бір жеткізушіге орта есеппен 200 млн теңгеге жуық (жеткізілген өнімнің 60%-дан астамы төленбеген)», – деді Мұрат Амрин.

Бұл ретте бизнес-қоғамдастық ішінара қор ұстаудағы ішінара шешім барын алға тартты. Бұл гипер-тұтынуға әкелмейтін ең оңтайлы модель, ал медициналық-санитарлық алғашқы көмек дәрігерлері қызметтердің сапасы мен халықтың нақты денсаулығына жауап береді.

Сондай-ақ, Ұлттық палата медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын және халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін сақтауға мүмкіндік беретін желілік шкаланың неғұрлым оңтайлы шарттарын ұсынды. Алайда бұл ұсыныстар қабылданбады.

Мұрат Амрин стационарды алмастыратын медициналық көмекті сатып алуға рұқсат беру үшін тіркелген тұрғындардың міндетті болуы бөлігінде жаңа талапқа қатысты Денсаулық сақтау министрлігіне жүгініп,  бұйрық жобасы қабылданғанға дейін талапты медициналық қызметтерді сатып алу қағидаларының жобасынан алып тастау қажет екенін айтты.

Тиісті шара қабылданбаса, стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсететін 200-ге жуық медициналық ұйым қызметін тоқтатуға не жабуға мәжбүр болады; халыққа стационарды алмастыратын медициналық көмектің қолжетімділігі төмендейді және стационарды алмастыратын медициналық көмек нарығындағы бәсекелестік әлсірейді.

Ерұлан Жамаубаев медициналық қызметтер саласында «бұрын туындаған проблемалардың салдарымен бетпе-бет келдік» деп атап өтті.

«Бірақ осы уақыт ішінде түбегейлі шаралар қабылданған жоқ. Қазір саланың медициналық секторы қаражаттың жетіспеушілігін сезініп жатыр. Барлық проблема белгілі. Енді оларды жойып, толығымен цифрландыру керек. Саланы ретке келтіру қажет, содан кейін барлығына ақша жетеді. Бизнеске қысым көрсетуге қатысты мәселемен мүлдем келіспеймін. Бизнес тарапынан бюджет қаражатын пайдалану бойынша осы мәселелерді бірлесіп шешу үшін неғұрлым нақты шешімдер мен құрылымды ұсыныстар алғым келеді», – деп қорытындылады ҚР премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі.

 

 

   

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер