astana-view

Қаржы министрлігі бюджеттік жобаларды түзету кезінде тиімсіз рәсімдерді жою бастамасын қолдады

2023 жылғы 01 Қараша
4972 просмотров

Дереккөз:  Фото: Freepik

 Ұлттық палата алаңында Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл, ұлттық экономика, қаржы, өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ бизнес министрліктерінің өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Онда Бюджеттік инвестициялық жобалар (БИЖ) бойынша жобалау-сметалық құжаттаманың құнын түзету рәсімінен ішкі мемлекеттік аудит актісін алып тастау мәселесі талқыланды.

 ҰКП мамандары кәсіпкерлермен бірлесіп, бір жарым жылдан астам уақыт бойы құрылыс құнының қымбаттауына байланысты жобалау-сметалық құжаттаманы түзету кезінде бюджеттік инвестициялық жобаларға аудит жүргізу мерзімдерін қысқарту мәселесін көтеріп келеді. Заңнамаға сәйкес, Бюджеттік инвестициялық жобалар түзету енгізу үшін ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның актісі кіретін құжаттар пакеті қажет. Қаражаттың мақсатты пайдаланылуы тексеріледі. Бұл ретте, аудитті өткізу мерзімдерін заңнамалық регламенттеудің болмауына байланысты аудиторлық іс-шаралар кешіктіріліп, көп жағдайда бірнеше айға созылады. Бұл жайт жобаны іске асыру және оны белгіленген мерзімде тапсыруды едәуір қиындатады.

 Бұл мәселені көп талқылаудан кейін түзету жүргізу кезінде ішкі мемлекеттік аудиттің уәкілетті органының актісін міндетті құжаттар тізбесінен алып тастау туралы мемлекеттік органдармен бірлескен шешім қабылданды. Бұл ретте бюджеттік жобаны іске асыру аяқталғанға дейін қайта түзету, сондай-ақ бас мердігерді ауыстыру үшін өтінім беру кезінде ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның актісін ұсыну қажеттілігі туралы талап сақталады.

 Қабылданған шешімді орындау үшін Ұлттық экономика министрлігі 2014 жылғы 5 желтоқсандағы «Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын әзірлеу немесе түзету, қажетті сараптамаларды жүргізу, сондай-ақ Бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қарау, іріктеу, іске асырылуын мониторингілеу және бағалау және бюджеттік кредиттеудің орындылығын айқындау қағидаларын бекіту туралы» №129 бұйрыққа түзетулер енгізуге бастамашылық жасады.

 Бұл ретте Қаржы министрлігі сол кезде бұл қағидаларды қолдамады. Сонымен қатар, ҚР ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің ақпаратына сәйкес аудиторлық іс-шаралардың нәтижелеріне жүргізілген талдау олардың тиімділігі мен нәтижелілігінің төмендігін көрсетті. Осылайша, аудит бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану бөлігінде бұзушылықтарды анықтамайды. Өйткені БИЖ-ді іске асыруға бөлінген бюджет қаражаты нысаналы сипатқа ие және оларды мақсатсыз жіберген жағдайларда қазынашылық органдары төлемдерді жүргізуден бас тарту жолымен уақтылы жолын кеседі. Осыған байланысты, бизнес-қоғамдастық құрылыс жобаларын түзету кезеңінде қаржылық аудит жүргізуді орынсыз, артық рәсім деп санайды.

 Талқылау барысында Қаржы вице-министрі Дәурен Кенбейіл бизнес бастамасын қолдап, министрлік тиісті түзетулерді қарайтынын сендірді.

Қазіргі кезде бұйрық жобасы жария талқылау рәсімін өтіп жатыр. Содан кейін ол бсалалық министрліктерге келісуге жіберілетін болады.

 Фото: Freepik

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер