astana-view

ҰКП мамандары теміржол тасымалында жүк сақтау үшін заңсыз алым белгіленуіне алаңдайды

2023 жылғы 20 Қараша
8669 просмотров

 Темір жол арқылы жүк тасымалдау саласында нормативтік-құқықтық актілерді дұрыс қолданбау мәселесі отандық кәсіпкерлер арасында өзекті болып тұр. Бұл мәселенің шешімі әлі күнге дейін табылмай келеді. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин теміржол арқылы жүк тасымалдау саласында бизнестің түйткілді мәселелерін қарау жөніндегі жиында қосарланған алымдардың заңсыздығына қатысты  дәлелдер келтірді. Шараға «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС, көлік прокуратурасы, Көлік министрлігі, Әділет министрлігі және бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.

 Қазіргі кезде жүк жөнелтушілер мен жылжымалы құрам операторларына қосарланған «айыппұл» салынып жүр: біріншіден, магистраль және станция жолдарында вагондардың тұруына, осы жолдары пайдаланғаны үшін тасымалдаушыға төлем өтеу, екіншіден, жүк сақтау үшін төлем белгіленген.

 «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС ұлттық жүк тасымалдаушы вагондардың тоқтап қалуының барлық жағдайында, тоқтап қалу себептері мен орнына қарамастан, жүктерді сақтағаны үшін қосымша алым салады. Алайда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 2 тамыздағы № 612 бұйрығымен бекітілген жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау қағидалары тасымалдаушы тарапынан осы алымды өндіріп алу жағдайларының толық тізбесі қарастырылған.

 Осы қағидаларға сәйкес жүкті сақтау үшін алым алу үш жағдайда ғана қолданылады. Алайда осы алымды жүк тиелмейтін және түсірілмейтін бос вагондарға, сондай-ақ станциялық жолдарда тұрып қалмайтын вагон немесе контейнерлердегі жүктерге есептеу қағидаларда көзделген шектеуді бұзады.

 Көлік саласындағы уәкілетті орган «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-тың осы алымды барлық жағдайда салу бойынша практикасын қолдап отыр. Бұл жайт қолданыстағы нормаға қайшы келеді және жағдайды түзетуге бағытталған ұсыныстар тиісті назар мен қараусыз қалды. Дегенмен, Көлік министрлігі бұл алымдардың бизнес өкілдеріне қалай әсер ететінін түсіну үшін «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-тан 48 сағатқа дейін он еселенген алымдарды қолдану тәжірибесі туралы деректерді беруді сұрады. Темір жол және су көлігі комитетінің бас сарапшысы Ақтан Асылбековтың айтуынша, бұл сандар болмаса, мемлекеттік орган түпкілікті шешім қабылдамайды.

 Бұдан басқа, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ тарапынан жүкті жеткізу мерзімдерін бұзу жағдайларының жиілеуі байқалады. Осы жайт жүк алушыға осы вагондарды жедел қабылдауға уақыт қалдырмай, межелі станцияға кідіріспен келетін жағдайға әкеледі. Нәтижесінде жүк алушылар үшін қаржылық жүктеме туғызатын алымдар екі есе есептелінеді.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ  Коммерциялық жұмыс департаментінің бас менеджері Саламат Абжалиев тасымалдаушы компанияның алымы кідіріс жүк алушының себебінен орын алған жағдайда ғана қолданылатынына назар аударды.

 «Бұл ретте тасымалдау келісімшарты біз оны қабылдау-тапсыру құжаттары бойынша тапсырған кезде орындалды деп саналады. Бірақ  жүк 7 тәулік бойы алынбаса, не істеуіміз керек?», – деп сұрады спикер.

 Алайда «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амринның айтуынша, тұрып қалған вагон үшін алым салуға басқа да себептер бар.

 «Мысалы, жүк алушының кірме жолы 20 вагонға шақталған. Ол «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-қа өз жоспарына сәйкес мерзім белгілейді. Мысалы, айдың 1 жұлдызына 20 вагон жеткізу және 30 жұлдызына қарай тағы 20 вагон жеткізу. Бірақ, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ белгіленген мерзімді сақтамай, аралығы 5-10 күнде кірме жолға 40 вагонды бірақ жеткізіп береді. Әрине, жүк алушы бұл көлемді сыйдыра алмай қалады. Соның салдарынан оған айыппұл салынады. Осы мәселеге де жіті назар аударуды сұраймыз», – деді Мұрат Амрин.

 Осы мәселені шешу үшін Қағидалардың ережелеріне оларды біржақты түсіндіру, сондай-ақ «Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңының осы нормаларына сәйкестігі тұрғысынан сараптама жүргізу қажет. Бұл ретте ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірге теміржол көлігімен тасымалдау кезінде жүктерді сақтау үшін алымды регламенттейтін қолданыстағы қағидалардың реттеушілік әсерін талдауға бастамашылық жасау маңызды.

 Бұл ситуация кәсіпкерлер мен жүк алушыларға қаржылық ауыртпалықтарды азайта отырып, теміржол тасымалының барлық қатысушысы үшін әділ және заңды жағдайларды қамтамасыз ету үшін назар аударуды және жедел шешуді талап етеді.

 Кездесу қорытындысы бойынша белгілі бір келісімдерге қол жеткізілді. Сақтау үшін ұлғайтылған алымды қолдану мерзімдерін саралауды қайта қарау бөлігінде «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС 2023 жылғы 23 қарашаға дейінгі мерзімде 48 сағат ішінде жүкті қабылдауды қамтамасыз ететін жүк алушылар нарығы бойынша ҚР Сауда министрлігі және «Атамекен» ҚР ҰКП-ға ақпарат ұсыну туралы шешім қабылданды. Жүк тасымалдаушыларға жүк алушылардың атауын және тасымалдаушының тарифтік прейскурантына сәйкес алымдардың өндіріп алынған сомасын, сондай-ақ 2021-2023 жылдар үшін өндіріп алынған айыппұлдардың (10) көлемін көрсете отырып, 25 сағаттан 48 сағатты қоса алғанда, екі есе мөлшерде алым белгілеу ұсынылды.

 Жүк алушылардың нарыққа әсерін талдау қорытындысы бойынша ҚР Сауда министрлігі және «Атамекен» ҰКП «Темір жол көлігімен жүк тасымалдау қағидаларына тиісті өзгерістер енгізе отырып, он еселенген алымды қолдануды саралау жобасын қабылдау мәселесін қарайды.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ТЫҢ халықаралық және транзиттік қатынаста жүктерді тасымалдауды жүзеге асыруға тасымалдаушы мен экспедитор арасында үлгілік шарттар жасасу мүмкіндігіне қатысты Көлік министрлігіне халықаралық және транзиттік қатынаста жүктерді тасымалдауды жүзеге асыруға тасымалдаушы мен экспедитор арасында үлгілік шарттар жасасу үшін ҚР ИИДМ 2023 жылғы 12 сәуірдегі № 243 бұйрығының қолданысын ұзарту туралы тиісті бұйрық қабылдау ұсынылды.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер